Нұрсерік Шәріпов: «Соттың беделі әділдігімен өлшенеді»

Oinet.kz 24-03-2019 890

Screenshot_24.jpg

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы

- Нұрсерік Кәрімұлы, әуелі сот жүйесіне қатысты заңнамаларға өткен жылы енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы әңгіме өрбітсек.  

- Еліміздің сот жүйесінде соңғы жылдары тәуелсіз сот билігінің орнығуын қамтамасыз еткен сапалы өзгерістер болды. Мәселен, өткен жылдың 1-шілдесінде күшіне енген Заңға сәйкес енгізілген толықтырулар мен өзгерістер адамдардың құқығы мен бостандығын, заңды мүдделерін сотпен қорғаудың тиімділігін, сондай-ақ, жергілікті соттардың ролін едәуір арттырды деп айтуға негіз бар. Осы жаңашылдықтың аясында облыстық және оған теңестірілген соттарда Қылмыстық, Азаматтық және Әкімшілік істер бойынша апелляциялық сот алқалары құрылды. Апелляциялық алқада істерді бірінші сатылы соттарға қайта қарауға жолдамай, тараптарға тиісті дәлелдерін сотқа табыстап, шешім қабылдатуға толық мүмкіншілік туды. 

Мемлекет басшысының 2012 жылғы 27 қаңтардағы Жолдауында айтқан «Азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыру, сөзбұйдалыққа, сот қателіктеріне және судьялардың өздерінің заңдылықты бұзуына жол бермеу үшін жағдайлар жасау, татуластыру рәсімдері мен медиацияны енгізу, соттар мен судьяларды одан әрі мамандандыру, инновациялық технологияларды кеңінен қолдану жөнінде түбегейлі шаралар қабылдау бойынша» сот жүйесінің алдына қойған міндеттері жыл бойы облыс соттары жұмысының негізгі бағыт-бағдары болып, барлық судьяларға сот төрелігін жүзеге асыруға және жұмыс сапасын арттыруға үлкен серпін берді. 

- Әр басшының өзіне тән басқару тәсілі болатыны заңдылық. Жаңа қызметтің тізгінін ұстағалы қандай тиімді тәсілдерді тәжірибеде пайдалана алдыңыз? 

- Қоғамда, адамдар арасында туындаған кез-келген дауға соңғы нүктені сот қоятын болғандықтан, біздің атқарып жатқан жұмысымыздың бағасы қабылдаған шешімдеріміздің сапасымен өлшенеді. Әрбір қаралған істің артында адам тағдыры тұрғандықтан, жұмыс сапасын арттыруға барынша күш салып отырмыз. Ол үшін бірінші кезекте барлық істердің сотта қаралу мерзімін қадағалауға айрықша мән бердік. Нәтижесіз емес. Істер бойынша заңда көрсетілген мерзім сақталды. Екінші кезекте аудан­дық және оған теңестірілген соттарға жүгінушілердің талап арыздарын қозғалыссыз қалдырып, негізсіз қайтару жағдайлары қатаң бақылауға алынды. Кездескен кемшіліктерге тосқауыл қойылды. Үшінші кезекте сот төрағалары мен судьяларға сот процесіне қатысушылардың дәлелсіз себептермен келмей қалуына, соның салдарынан істерді қарауды кейінге қалдыру фактілеріне жол бермеу тапсырылды. Заңмен белгіленген шараларды қолдану арқылы бұл келеңсіздікті де тоқтатуға болатынына көз жеткіздік. Төртіншіден, әрбір аудандық сотқа бекітілген облыстық соттың аймақтық судьялары өз кезегінде сотта қаралып жатқан істер бойынша үнемі тәжірибелік көмек көрсетіп, қажет болған жағдайда аудандық сотқа барып, сот тәжірибесін талдап, судьялардың қатысуымен талқылаулар  ұйымдастырылды. Бесіншіден, «Медиация туралы» заңның күшіне енуіне байланысты облыста өңірлік семинарлар өткізіліп, медиацияның қолданылуын іске асыруға бағытталған нақты шаралар қолға алынды. Алтыншыдан, барлық төрағалар мен судьялардан сырттай шешім қабылдауды барынша азайту талап етілді. Себебі, мұндай шешімге байланысты туындайтын наразылықтар жиі кездеседі. Нәтижесінде сырттай шығарылған шешімдердің саны екі есеге дейін қысқарды. Жетіншіден, сот тәжірибесінің өзекті мәселелері бойынша тоқсан сайын шолу жасалып, тиімді тәжірибелер алқаларда судьялардың қатысуымен талқыланып, күнделікті жұмыста пайдалану үшін аудандық соттарға жолданды. Бірінші сатылы соттар мен облыстық сот арасындағы үйлесімділік пен түсіністік істердің сапалы қаралуына айрықша ықпал етті. Сот тәжірибесінде қиындық туғызатын мәселер бойынша оқу орталығымен семинар сабақтар өткізіліп, жүргізілген талдаулар мен шолулар барлық соттардың назарына жеткізіліп отырды. 

- Бұл талаптарыңыз оңды нәтижесін берген болар, тарих қойнауына тапсырылған 2012 жылды қалай қорытындыладыңыздар? 

- Әрине, жүйелі түрде тынымсыз жүргізілген жұмыс өз нәтижесін  берді. Бірқатар жетістіктерге қол жеткіздік. Былтыр облыстағы  сот органдарында 4093 қылмыстық іс қаралды. Қаралған қылмыстық істердің саны көп болса да өткен жылдың қалдық істері 2011 жылдың қалдық істерімен салыстырғанда 65-ке кеміді. Сапа жағынан да жерге қарайтындай жағдай жоқ. Қылмыстық істер бойынша апелляциялық тәртіппен бас-аяғы 14 іс бұзылған. Бұл жалпы қаралған істердің 0,3 пайызын құрайды. Республикалық көрсеткіш 0,6 пайыз. Ал өзгертілген істердің қатары жалпы қаралған істердің 2,2 пайызын құрады. Бұл республикалық көрсеткішпен тең. Кассациялық тәртіппен істер өзгертілмеген. 

Азаматтық істерге тоқталар болсам, жыл бойына өндіріске 47137 талап арыз бен 1664 іс түскен. Былтыр 2011 жылға қарағанда қалдық істер саны 115-ке, қараусыз қалдырылған істер 1386 талап арызға азайған. Апелляциялық және кассациялық тәртіппен жалпы істердің 0,5 пайызы, яғни 143 іс бұзылды. Бұзылған істер бойынша республикалық көрсеткіш 0,6 пайызды құрады. Істердің өзгертілуі бойынша республикалық көрсеткіш 1,1 пайыз болса, бізде 1 пайызды құрады.  

Әкімшілік істер бойынша түскен істердің саны бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда әлдеқайда артып кетті. Нақты статистиканы сөйлетер болсақ, 2011 жылы әкімшілік соттарға 16594 іс түссе, өткен жылы бұл көрсеткіш 26080-ге күрт көбейді. Бұл судьялардың жүктемесін еселеп арттырды деген сөз. Солай болса да бұл жұмыс сапасына кері әсерін тигізе алған жоқ. Істердің қарау мерзімі бұзылмаған. Осы нәтижелі көрсеткіштердің арқасында облыстық сот республикада алғашқы бестіктің қатарынан орын алды. Ал Сарыағаш аудандық мамандандырылған әкімшілік соты республикалық деңгейде 2012 жылдың қорытындысы бойынша өткізілген байқауда «Жылдың үздік аудандық соты» атағын жеңіп алды.   

- Жұмыс істемеген адам ғана кемшілік жібермеуі мүмкін...

- Ойыңызды түсіндім. Әрине, кемшіліксіз адам болмайды. Судьялар да адам, кейде қателесіп жатады. Былтыр сот төрелігін жүзеге асыру барысында жұмыс көрсеткіші төмен болған 10 судьяға қатысты мониторинг жүргізілді. Қорытындысы облыстық соттың отырысында қаралып, одан кейін Жоғарғы Сотқа жолданды. Сот жюриінің қаулысымен облыстық соттың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мен Еңбекші, Әл-Фараби аудандық соттарының 7 судьясына сөгіс жарияланып, облыстық соттың судьясы А.Мырзатаев судья лауазымынан босатылды.   

- Медиация – қоғамға керек заң. Оның сот жүйесінде қолданылу аясы қай деңгейде? 

- Медиация, яғни бітімгершілік - сот ісіндегі тазалықты, әділ төрелікті қамтамасыз етудің негізгі тәсілінің бірі. Медиацияны жүргізу кезінде еріктілік, құпиялық, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптығы және медиация тараптарының тең құқылығы, оның рәсіміне араласуға жол берілмеу қағидаттары қатаң сақталуы тиіс. Біздің ата-бабаларымыз бұл тәсілді өз заманында кеңінен қолданып, түрлі дауды билер соты арқылы бітімгершілікпен шешіп отырған. Сондықтан да, медиация қазаққа жат емес. Жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезіндегі медиация сотқа жүгінгенге дейін де, сот талқылауы басталғаннан кейін де қолданылуы мүмкін. Қылмыстық сот ісін жүргізу барысындағы медиация қылмыстық процессуалдық заңында белгіленген сотқа дейінгі және сотта іс жүргізу мерзімдерінде жүзеге асырылуға тиіс. Заңның осы тектес ерекшеліктері ескеріле отырып, оны іске асыру мақсатында облыста төмендегідей жұмыстар атқарылды. 

Кез-келген жаңа заңның тәжірибеге ертерек енгізіліп, нәтижесін беруі түсінік жұмыстарының терең жүргізілуімен байланысты. Осы мақсатты көздеп, облыс соттары тарапынан көптеген дөңгелек үстел отырыстары мен семинарлар өткізуге, мекемелерде лекция оқуға, кездесулер ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінді. Заң ережелері мен талаптары ақпарат құралдары арқылы кеңінен насихатталды. Сот ғимараттарында «Медиация туралы» заңның мәтіні, кәсіпқой және кәсіби емес медиаторлар туралы мәліметтер ілініп, заңның азаматтарға қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Бұл мәселе жыл бойы облыс соттары жұмысының күн тәртібінен түскен емес. Осы секілді атқарылған жұмыстар нәтижесінде медиаторлардың қатысуымен жергілікті соттарда 67 азаматтық, 62 қылмыстық және 49 әкімішілік істер бітімгершілікпен аяқталды. Бұл өзге облыстармен салыстарғанда жоғары көрсеткіш. Өкінішке қарай, әлі де болса елімізде медиацияны қолданып, дауларды сотқа жеткізбей-ақ, бітімгершілікпен шешу мәселесі төмен деңгейде. Бұл мәселені алға жылжыту үшін тиісті заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет деп есептеймін. Сонымен бірге, медиация институтын қалыптастыру жөніндегі белсенді насихат жұмысын одан әрі жалғастырып, өзге де тиімді жолдарды қарастырған дұрыс.   

- Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік тілге толықтай көшкен алғашқы облыс есептеледі. Ал өзіңіз басқарып отырған облыстық соттағы қазақ тілінің қолдану аясы қандай?  

- Ата Заңымыздың 7-бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп көрсетілген. Дегенмен, еліміздегі мемлекеттік тіл мәселесі әзірге толық шешімін тапты деп айту ертерек. Сол себепті бұл күрделі мәселелердің бірі болып саналады. Дегенмен, мемлекеттік тіл мәселесі төңірегінде сөз қозғағанда қоғамдағы әртүрлі факторларды ескеруіміз керек. Мысалы, сотқа келетін азаматтардың мемлекеттік тілді әркелкі деңгейде меңгеруі, сотқа дейінгі құқық қорғау органдарындағы мемлекеттік тілдің әлі де болса жеткіліксіз енгізілуі және басқа да жағдайлар өз әсерін тигізбей қоймайды. Алайда, бұл қазақ тілін барынша қолданысқа енгізу мүмкін емес деген сөз емес. Қазіргі қызметіме тағайындалған сәттен бастап облыстық  сотта өтетін барлық жиындар мен жиналыстарды, басқосуларды, өзге де іс-шараларды қазақша өткізіп келемін. Аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен кеңсе меңгерушілерінен іс қағаздарын және сот істерін мемлекеттік тілде жүргізуді талап етумен шектелмей, қазақ тілін білмейтіндерге оны тегiн меңгеруi үшiн мүмкіндік жасадық. Былтыр облыстық соттағы судьялар мен қызметкерлердің 20-сы қазақ тілін жетік білмейтін. Оларды қазақ тілі курсында оқытып, мемлекеттiк тiлдi үйреттік. Әрине, түгелдей мемлекеттiк тiлдi толық меңгеріп кетті деп айта алмаймыз. Бұл жұмысты биыл да жалғастырамыз. 

Біздегі мемлекеттік тіл мәселесіне жауапты болып тіл жанашыры, бас маман Қабыл Дүйсенби бекітілген. Жақында облыс соттарында іс қағаздарын және сот істерін мемлекеттік тілде жүргізудің жағдайына талдау жасалды. Оның қорытындысына сәйкес, облыс соттарындағы жалпы құжат айналымы бойынша мемлекеттік тілді қолданудың орташа көрсеткіші 80 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш 2011 жылы 67,7 пайыз болатын. Демек, бір жылда 12,3 пайызға көтере алдық деп айтуға болады. Ал, облыс соттарының ішкі құжат айналымында мемлекеттік тілдің қолданылуы 100 пайызды құрайды. Былтыр облыс соттарында мемлекеттік тілде қаралған істердің жалпы саны 70 пайызға жетіп, 2011 жылмен салыстырғанда 15 пайызға өсіпті. Алдағы уақытта қазақ тіліне қатысты жағдайды бұдан да жақсарту үшін қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланатын боламыз.

- Соттың беделі әділдігімен, жариялылығымен, ашықтығымен айшықталады. Осы мақсатта қандай іс-шаралар қолға алынып жатыр?

- XXI ғасыр ақпараттар мен жаңа технологиялар ғасыры екені талассыз. Оған ешкім шүбә келтіре алмайды. Қазіргі таңда сот саласына, заң талаптарына қатысты кез-келген ақпаратқа қол жеткізудің тез әрі ыңғайлы жолы - ғаламтор, яғни интернет желісі арқылы  пайдаланылатын ресми веб-сайттар болып отыр. Мәселен, бүгінде облыстық соттың сайтынан қарапайым халық та, мемлекеттік қызметкерлер де, журналистер де сот жүйесіндегі соңғы жаңалықтар мен өзгерістеден хабардар болып,  заңнамалар, заңды күшіне енген сот актілері, өзге де тақырыптар бойынша толыққанды мәліметтер ала алады. Былтыр маусым айында менің ұсынысым бойынша алғаш Шымкент қаласы аумағында орналасқан соттардың, одан кейін Жоғарғы Соттың тапсырмасына сәйкес барлық аудандық соттардың веб-сайттары ашылды. Сол кезеңнен жыл соңына дейінгі уақыт аралығында облыстық соттың веб-сайтында 444 ақпарат орналастырылды. Жаңа бастамаға Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мен Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік соты, сондай-ақ, Абай, Еңбекші, Төле би, Сарыағаш аудандық соттары үлкен үлестерін қосты. Биыл жыл басынан бастап барлық сот төрағаларынан ресми веб-сайттарының жұмысын жандандыруды талап етудеміз.

Облыстық соттың ашықтығы мен қол жетімділігін жетілдіру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас орнату жөнінде бекітілген арнайы медиа-жоспар негізінде көптеген мақала жарық көріп, радио мен телеарналардан сұхбат берілді. Сонымен қатар, аудандық және оған теңестірілген соттарда ай сайын «Ашық есік» күндері өткізіліп, азаматтарды қабылдау үрдісі іске асырылды. Мен өзім де аптаның әр сейсенбісінде 20-30 азаматты жеке қабылдап, олардың сұрақтарына жауап беруді үрдіске айналдырдым. Мұның бәрі жұмысымыздың сапасын арттыруға айтарлықтай үлес қосқаны анық. Ең бастысы әрдайым судьяларға соттың беделі әділдігімен өлшенетінін ұдайы еске салып  отырамын. 

- 2012 жыл Сіздер үшін жемісті болды деп айтуға болады. 80 жылдық мерейтойды атап өтіп, жаңа, сәулетті ғимаратқа қоныс аудардыңыздар. Ал материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілу жағдайы қандай? 

- Сот тарихын ел тарихынан бөліп қарай алмаймыз. Өткеннің өнегесі – болашаққа батыл қадам демекші, бүгінгі сот жүйесі – өткен ғасырларда қазылық айтқан билердің үрдісін жалғастырып, мемлекет заңының орындалуына, адам құқығының сақталуына үлес қосып келе жатқан биліктің бір тармағымыз. Оңтүстік Қазақстан облыстық соты Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің 1932 жылы 20 ақпандағы «Қазақстанда  6 облыстық сот құру туралы» қаулысына сәйкес сол жылдың наурыз айында құрылған. Содан бергі 81 жылдық тарихында облыстық сот өзіне тапсырылған міндетті абыроймен атқарып келеді. Облыстық сот тарихының жылнамасы басталған жылы ұжымда 9 ғана судья төрелік еткен. Қазір облыс аумағында 145 судья қызмет атқарады. Алғаш ашылғаннан уақыттан бүгінге дейін облыстық сотқа 18 азамат төрағалық етіпті. 80 жылдық тарихтан сыр шертетін, облыстық соттың тарихы баяндалған «Тарихы терең – еңбегі ерен» атты кітап жарық көрді. Жаңадан қоныс тепкен ғимаратымыздың жалпы аумағы 7277 шаршы метрді құрайды. Бұл судьяларымыздың алаңсыз жұмыспен айналысуларына мүмкіндік береді. Сотқа түрлі шаруаларымен келушілерге де ыңғайлы жағдай жасалған. Оларға арнап сыртқы есіктен кіре берістен бастап, барлық күту залдарына жұмсақ орындықтар қойылып, тиісті ақпараттар мен заңнамалар жазылған стендтер ілінді. Азаматтардың өтініштерін қабылдау, анықтамалық-ақпараттық киоск сапалы қызмет көрсетеді. 12 сот мәжіліс залы, оқу орталығы, кітапхана, ардагерлер бөлмесі, үлкен мәжіліс залы және баспасөз орталығы бар. Сот мәжіліс залдары талапқа сай бейнебайланыс жүйесімен жабдықталған. 

Соңғы 10 жыл ішінде аудандық, қалалық соттардың ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, кейінгі 7-8 жылда облысымызда мамандандырылған экономикалық, әкімшілік, қылмыстық, былтыр жасөспірімдер істері жөніндегі соттардың құрылып, жұмыс істеуі өз нәтижелерін беруде. Былтыр 4 ауданда сот ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласындағы жаңа үйден 2 қызметтік пәтер сатып алынды. Мұның барлығы, әрине, бір адамның ғана жұмысы емес, сот жүйесінің қалыптасуына елеулі үлес қосып жүрген біліктілігі де білімді, тәжірибелі әріптестерімнің ортақ жемісі деп білемін. 

- Сұхбатыңызға рахмет!

Мұрағаттан: 31.01.2013

Даудан басы арылмайтын басқарманы Дауылбаев қалай басқарар екен?
Шетелге қашқан қазақстандық шенеуніктер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу