Даудан басы арылмайтын басқарманы Дауылбаев қалай басқарар екен?

Oinet.kz 31-01-2013 804

Screenshot_23.jpg

Басы даудан арылмайтын облыстық құрылыс басқармасының бастығы Еркебұлан Дауылбаевтың есебін тыңдаған Асқар Исабекұлы облыс аумағында жүргізіліп жатқан құрылыстардың «тағдырына» бірінші кезекте жауапты осы басқарма екенін ескертті. Дегенмен, бұл басқарманың есебінде де «өгей баланың» күйін кешкендей болған Құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің бастығы Н.Жамашевті тағы бір сілкілеп алды. Бұл жолы қайта рәсімдеуден өткен, арнайы лицензиясы бар құрылыс жүргізуші 1494 мердігерге, сондай-ақ, техникалық бақылаушыларға қатысты сын айтылды. Қазақта «сойыл соғылса, сорлыға тиеді» деген мақал осындайда еске түседі екен. Өткен жылы 8 мердігер мекемеге айыппұл салынса, оның төртеуін жосықсыз деп тану үшін сотқа талап арыз түсірілді. Ал үш мекеме мемлекеттік сатып алу конкурсына ескі лицензиясымен қатысқан. 2011 жылы құрылыстардың техникалық ахуалын бақылаған 668 мекеменің биыл 338-і ғана жұмысын жалғастыра алатын болды. Өзгелері сұрыптаудан өте алмаған. 

«Қаптаған мердігер, неғылған коммунизм бұл, жауапкершілік төмен» деген облыс басшысы құрылыс басқармасының тендерлік комиссиясына ауданның өкілдерін де қосқандығын еске салды. «Тендерді басқарма өткізеді, ал жеңімпаз мердігерді біз танымаймыз да, өзімізде де жақсы компаниялар бар еді деп аудандағылар жиі айтатындықтан, комиссияға олардың арнайы өкілдерін қосқан едік. Оларға ерекше артықшылық бердік. Комиссия құрамында он адам болып, тоғызы бір компанияны қолдап, ауданнан қосылған адам қарсылық білдірсе, оның пікірін ерекше ескереміз деп едік. Пікір білдіріп, қарсылық көрсеткендер бар ма?» деді Асқар Исабекұлы. Дауылбаев көп аудандардан комиссия құрамына өкілдері енбегенін, ал енгендерінің өзі ешқандай қарсылық білдірмегенін айтты.  

Құрылыс басқармасында кездесіп отырған кемшілік аз емес. Тіпті, тікелей Елбасының назарындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне қатысты олқылықтар да бар. Мектептің ауласын көгалдандыру, абаттандыру, автокөлік тұрағын, кіре беріс автокөлік жолдарын, мектепті электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі шешімін таппаған. Айтылған сынның барлығын даусыз мойындаған Дауылбаев «қолға аламыз, назарда ұстаймыз» деумен болды. Әрине, Еркебұлан Дауылбаевтың бұл қызметтің тізгінін ұстағанына енді бір айға жуық уақыт болды. Алдындағы басшылардың кемшілігіне жаңа басшы кінәлі емес. Ал жаңа басшының алдағы тірлігіне уақыт өз төрелігін айтары сөзсіз.  

Қазақстандағы ең ықпалды 10 депутат кім?
Нұрсерік Шәріпов: «Соттың беделі әділдігімен өлшенеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу