Мектепте таяқ жеген 5-сынып оқушысы қайтыс болды

Oinet.kz 14-10-2021 3808

Түркістанда 5-сынып оқушысы қайтыс болды. Сыныптасы оны ақша тауып бере алмағаны үшін мектеп дәретханасында ұрып соққан. Жарақат алған бала бірнеше күн ауырып, ауруханада көз жұмған. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады. 

Screenshot_1.jpg

Қайтыс болған Рамазанның әжесі Гүлнар Маханованың айтуынша, өткен жұма күні  немересі сабақтан таяқ жеп келген. Денесі ауырып, демалыс күндері дәрінің көмегімен әрең жүрген. Дүйсенбі күні ауырып тұрса да, мектепке кеткен бала үйге келісімен тағы құлаған. Әдетте ешкімге шағымданбайтын Рамазан сол күні әжесіне сыныптасынан таяқ жегенін айтып берген.

– Оны дәретхананың ішінде ұрған. Басынан қатты соққы алған. Басына қан ұйып, кейін тамыры қысылып қалған. Бүйрегі де ісіп кеткен. Немеремді ұрған бала, "мен осы сыныптың атаманымын" деп, жуас балаларды қорқытып тиын-тебен алады екен. Мұны басқа ата-аналар да біледі. Бұл сонда әлімжеттік боп тұр ғой, – деді қайтыс болған баланың әжесі Гүлнар Маханова.

Телеарна мәліметінше, Рамазан оқыған Түркістандағы №18 мектеп-гимназиясында әлімжеттік жиі болатыны туралы әңгіме ата-аналар арасында көп айтылады. Алайда мектеп директоры оны  жоққа шығарды.

– Біз ата-аналармен жиналыс өткіздік. Олардың бірі мұндай мәселе туралы айтқан жоқ. Біз баламыздың жағдайына қорқамыз деген мәселе болған жоқ. Бірақ қайтыс болған оқушыны таяқ жеді деп айтылып жатыр, – деді Ж.Еділбаев атындағы мектеп-гимназияның директоры Уәлихан Бесімбаев

Мектептің іші-сыртына түгел бейнебақылау камерасы орнатылған. Бірақ жұма күні дәретхана маңындағы камера істен шыққан дейді директор. Тіпті таспаны кері айналдыруды білетін мектепте маман жоқ екен. Десе де бұл іске қазір полиция араласып жатыр.

– Түркістан қаласы полиция басқармасының қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Сараптама қортындысы бойынша заң шеңберінде нақты шешім қабылданады, – деді Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова, 

Рамазан құрсақта жатқанда әкесінен айырылған. Оны туған әжесі бауырына басып өз ұлындай өсірген. Енді он жасар немересінен айрылған әжесі құзырлы орындардың барлығына шағым түсірмек. Ол мектеп дәретханасында соққыға жығылған оқушыға бас-көз бола алмаған мектеп басшылығын түгел тексерсін деп талап етіп отыр.

Тоқаев Назарбаевты басшылық лауазымға ұсынды
Президент азық-түлік бағасы не үшін қымбаттап кеткенін айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу