«Хаттама әкімдікте түзілді» Батырбек Көшербай әділдікті соттан да таба алмады

Oinet.kz 29-03-2023 824

Шымкентте сайлау кезінде көпе-көрнеу кедергілер мен заңсыздықтарға тап болып, сол үшін сотқа шағымданғандардың да әділдік тауып жатқаны шамалы болып тұр.

 Screenshot_5.jpg

Солардың бірі – Шымкент қалалық мәслихатына №12 округтан түскен Батырбек Көшербай. Оның айтуынша, аталған округтағы №233 сайлау учаскесінде 2633 сайлаушы тіркелген. Оған 2659 бюллетень берілген. Дауыс беру аяқталған соң сайлау учаскесінің төрағасы 599 сайлаушының дауыс бергенін айтады, қалған 2060 бюллетень заңға сәйкес жойылған. Осыдан кейін азаматтық киімдегі бір топ адам мен полиция қызметкерлері әлі саналмаған  бюллетеньдерді  қапқа салып, Қаратау аудандық әкімдігіне әкетіп қалған.

– Заң бойынша дауыс саналып, хаттама түзілмейінше бюллетеньдер учаскеден тыс жерге шығарылмауы керек. Менің сенімді өкілдерім таңғы сағат 5-ке дейін әкімдікте жүрді. Бірақ оларға ешкім шығып, мардымды жауап бере алмаған. Қызық мұнымен бітпеді. №233 сайлау учаскесіндегі дауыс беру нәтижесі туралы хаттама әкімдікте толтырылып, онда күмән келтірілген цифрлар жазылған. Дауыс беруге келген сайлаушы саны 599 емес, 2552 деп көрсетілген. Барлық кандидатқа берілген дауыс саны – 2469. Оның 1358-і кандидат Марат Утемисовке беріліпті-мыс. Хаттамадағы мәліметте 1690 бюллетеннің жойылғаны, 26 бюллетеннің жарамсыз, 56 бюллетеньге “барлығына қарсымын” деп жазылғаны көрсетілген. Мұның бәрін қоссақ, 4241 бюллетень шығып тұр. Ал бұл сайлау учаскесіне 2659 бюллетень берілген. Сонда 1582 бюллетень қайдан шықты? – дейді аң-таң болған Батырбек Көшербай.

Ал №155 учаскеде бюллетеньдерді бақылаушылардың көзінше санап шыққан сайлау комиссиясының төрағасы Батырбек Көшербайға – 66 дауыс, қарсыласы Марат Утемисовке – 38 дауыс берілгенін айтады (бұл туралы бейнежазба бар). Осыдан кейін комиссия мүшелері Мәжіліске кандидаттарға берілген дауыстарды санамастан, учаскедегі барлық бюллетеньдерді қапқа салып, әкімшілік ғимаратына әкетіп қалған.

– Бұл учаскеде таңғы сағат 7-ден кешкі 8-ге дейін үздіксіз бейнетүсірілім жасалды. Жалпы тіркелген 2675 сайлаушының небәрі 255-і дауыс берген. Бұл 10 пайызға да жетпейді. Алайда әкімдік ғимаратында түзілген хаттамада дауыс беруге келгендер саны – 2602 деп көрсетілген. Бұл дегеніңіз 97-98 пайыз. Ойдан құрастырылып, түзілген құжатта мені –131 дауыс, ал қарсыласым Марат Утемисов –1547 дауыс алды деп жазылған. Бұл учаскеде дауыс берген сайлаушы саны небәрі 255 болса, ол қалайша 1547 дауыс алады?, – дейді кандидат. Сайлау учаскесі мектеп ғимаратында орналасқан. Дауыс беру барысында сайлау комиссиясына ешқандай қатысы жоқ мектеп директоры шектен тыс белсенділік танытып, комиссия жұмысына араласқан. Жоғарыдан тапсырма түспесе, бұл неғылған жүгенсіздік, бұл неғылған жөнсіздік?!   

Осыдан кейін Батырбек Көшербай екі учаскедегі сайлау қорытындысын даулап, сот төрелігіне жүгінген. Істі бес күн қараған сот шешім шығарған. Біз Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шығарған екі шешімімен танысып шықтық.

Сотта №233 учаскелік сайлау комиссиясы төрағасы орынбасарының айтқандарына сенсек,  бюллетеньдерді санап жатқан кезде бақылаушылар мен сенімді өкілдер айқай-шу шығарыпты. Осы кездері комиссия төрағасы есінен танып, құлап қалыпты. Жағдай тынышталғанға дейін комиссия саналмаған бюллетеньдерді қапқа салып, басқа жерге апарыпты. Біраз уақыттан соң қайта оралып, бюллетеньдерді санап, хаттама түзіпті. Ал №155 сайлау учаскесінің төрағасы бақылаушыларға хабарлаған мәлімет пен хаттамадағы мәліметтердің арасындағы жер мен көктей айырмашылықты өзінің шатасып кеткенімен түсіндірген. Төраға тіпті сайлау учаскесінде қанша адамның келіп дауыс бергенін есіне түсіре алмағаны, «мәліметтердің бәрі хаттамада жазылған» деген  жауабы әртүрлі күдіктерге жетелейді. Байқағандарыңыздай, Шымкентте сайлаудың тағдырын кімнің қанша дауыс алғаны емес, хаттаманың қалай жазылғаны шешеді. Сот сайлау комиссиясы мүшелерінің осындай қисынсыз сөздеріне сене салған. Ал талап қоюшы тарапынан берілген бейнежазбалар назарға алынбаған. Хаттама мен бейнежазбалар арасындағы қарама-қайшылықтар зерттелмеген. Ақыр аяғында талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған.

Осыменен ұяттан жұрдай сайлау да, сот та бітті.

Жаңа Мәжіліс, ескі төраға
Шымкентте сыбайлас жемқорлық көбейген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу