Шөкеев қайтадан облыс әкімі бола ма?

Oinet.kz 08-11-2023 1051

Астана қалалық сотының  апелляциялық алқасы Кентау, Түркістан  қалаларының бұрынғы әкімі, облыс әкімінің орынбасары болған  Рашид Аюповтың ісін қайта қарап, арнайы қаулы шығарды. Алқа экс-әкімнің де,  оның адвокатының да берген шағымдарын қанағаттандырусыз қалдырды. 

Screenshot_1.jpg

Осылайша Аюповқа биыл тамызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотының шығарған үкімі өзгеріссіз күшіне енді. Аталған соттың үкімімен Аюпов  ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын. Аюпов осыдан 10 жыл бұрын белгілі бизнесмен Сайдулла Қожабаевқа сол кездегі Президент Әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасары Ғабидолла Әбдірахымовтың атын жамылып, тендерге қатысты уәделермен 2,8 миллион доллар алғаны, бірақ уәдесін орындамағаны туралы біз «Рейтинг» газетінде кезінде кеңінен жазған болатынбыз. Оған қайталап тоқталып жатудың енді қажеті жоқ шығар.

Қазіргі таңда ең қызу тақырып Кентаудың Аюповқа дейінгі әкімі Дәурен Махажановқа  қатысты болып тұр. 

Иә, сол, былтыр 100 мың долларға жуық пара алғаны үшін 10 жылға сотталып, облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің отставкіге кетуіне себепші болған Махажанов. Қызық болғанда, 10 жылды арқалап кетті деген Махажанов түрмеден осыдан екі ай бұрын босатылған болып шықты. Осы жөнінде тиісті органдар түсініктеме де берді.

«2023 жылдың 8 қыркүйегінде Қонаев қалалық сотының бас бостандығынан айыру жазасын айыппұлмен ауыстыру туралы қаулысы негізінде сотталушы Д.Махажанов Заречный кентіндегі №57 мекемеден шығарылды», – деп хабарлады Алматы облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің өкілдері. Әзірге  үндемей отырған сот пен прокурорлар ғана.  Апыр-ай «әділетсіз сотталып кеткен азаматты түрмеден босатып алдық, заңдылықты қамтамасыз еттік» деп, бір ауыз ақпарат таратып қойса қайтер еді?! 

Жалпы, Аюпов пен Махажановтың арасында көп ұқсастықтар бар.  Екеуі де Кентау қаласына әкім болды. Екеуі де сот үкімімен 10 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Екеуі де  ірі көлемде алаяқтық бабымен сотталды...  Иә, былтыр  аса ірі көлемде пара алды деген айыппен сотталып кеткен Махажановтың ісі биыл алаяқтыққа ауыстырылған болып шықты.

Дәурен Махажанов Кентау қаласының әкімі лауазымына 2019 жылдың сәуірінде тағайындалған болатын. Оның әкімдік қызметінің соңғы бір жылы отставкімен алысумен өтті. Алдымен сол жылдары Кентауға қарасты Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі, «пара алмаймын» деген  челленджбен интернеттің жұлдызы болған Хасан Муслимов парамен ұсталып, масқара болды. Махажановтың осыған байланысты отставкіге байланысты жазған арызын облыс басшысы  Өмірзақ Шөкеев қабылдамады. Артынша Кентауда қазынаның қаржысына қол сұқты деген күдікпен қалалық әкімдіктегі бөлім басшысының үстінен іс қозғалды.  Осылайша Кентаудың әкімі тағы да отставкіге арыз береді деп жүргенде Махажановтың өзі ұсталды. Оны антикор дереу Алматыға алып кетті. Тергеу, сот Алматыда жүргізілді.

Құзырлы органдарға пара туралы арызданған «VIP Stroy Company» серіктестігінің директоры О.Артықалиевтің сотта берген жауабына қарағанда, 2019 жылы ол Л.Бобрышев деген кәсіпкермен танысады. Ол Кентау қаласындағы  жол жөндеу жұмыстарына қатысуға шақырған. Осы мақсатта Бобрышев Артықалиевті Кентау қаласының әкімі Махажановпен таныстырған. Жол-жөндеу жұмыстары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында жүзеге асқан. Келісім бойынша мердігер құрылысқа қажетті ақшаны өзі шығарады. Ал мемлекет бұл шығындарды бес жыл бойы бөліп төлеп құтылатын болған.  2020 жылың наурызында Артықалиевтің фирмасы тендерде жеңіске жетіп, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен, сонымен бірге  Кентау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен келісімшартқа отырады. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 720 миллион теңгеден асқан. Мердігер өзіне тиесілі міндетін атқаруға кіріседі. Ал Бобрышев Артықалиевтің 50 миллион теңге беру туралы уәдесінен тайқып кетпейтініне көз жеткізу үшін алғашқыда «VIP Stroy Company»  серіктестігі құрылтайшыларының құрамына кірген. Кейін 2021 жылдың ақпанында Артықалиевпен 50 миллион теңге қарыз беру жөнінде келісімшарт жасасқан. Келісімде қарыздың 2021 жылдың соңына дейін қайтарылуы тиістігі жазылады. Үкімде осы тірліктің бәрін Бобрышев Махажановтың тапсырмасы бойынша жүргізгені жазылған.  Артықалиевтің айтуынша, Махажановпен кездесу барысында әкім оған «менің шаруамды қашан шешесің?», «Бобрышев менің сәлемдемемді айтты ма?» деген сияқты сөздерді айтқан, әңгіменің ақша туралы екендігін білдіру үшін қолымен ишара жасап көрсеткен.

Ұзын сөздің қысқасы, былтыр ақпанда мердігерден жоғарыдағы ақша алу барысында алдымен Бобрышев, одан кейін Махажановтың жіберген адамы –Түймебаев, 24 ақпанда Махажановтың өзі ұсталады.

Пара алу қылмысы соңына дейін жетпегендіктен  Д. Махажановтың ісі Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотына «аса ірі көлемде пара алуға оқталу» бабымен түсті. Сотта экс-әкім өзіне тағылған айыптаулармен келіскен жоқ. Сот оны жоғарыдағы бап бойынша кінәлі деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ал параға делдалдық жасаған сыбайластар 1-1,5 жылға бас бостандықтарынан айыруға сотталды.

Тамызда Махажановтың берген шағымын Алматы қаласының апелляциялық алқасы қанағаттандырмады. Осыдан кейін үкім күші еніп, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев отставкіге кетті.

Арада бір жыл өтті...

Биыл шілдеде Жоғарғы сот Махажановтың ісін қайта қараған. Сотқа кассациялық арызды Бас прокурор Берік Асыловтың өзі берген. Арызда Бас прокурор Махажановтың ісі дұрыс дәрежеленбегенін, оның бабын парақорлықтан алаяқтыққа қайта саралауды сұранған.

Жоғарғы соттың шығарған қаулысымен танысып шықтық. Бақсақ,  антикор мен Алматының соттары Махажановқа тым қаталдық танытқан екен. Себебі мердігердің жұмысына ақша аударып отыру Кентау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің  құзырына кіреді, ал әкімнің бұл іске ешқандай ықпалы жүрмейтін көрінеді.  Қаулыда Махажановтың  өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, компанияға ақша төлеуге ықпал еткендігі күмәнсіз дәлелденбегені, сондықтан оның әрекеті «мемлекеттік қызметтегі  лауазым иесінің біреудің мүлкін алдау жолымен аса ірі көлемде жымқыруға оқталуы» деген бабпен саралануы тиістігі жазылған. Ақыр аяғында Жоғарғы сот Махажановтың ісін Қылмыстық кодекстің  190-бабы 4-бөлімінің 2-тармағымен (аса ірі көлемде алаяқтық жасау) қайта саралап, осы баптағы ең жеңіл жаза 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Осылайша сот Бас прокурор Берік Асыловтың шағымындағы талабының бір әріпін де өзгертпестен толық көлемде қанағаттандырған.  Не деген табандылық десеңізші!  

Қыркүйектің басында Қонаев қалалық соты Махажановтың ісін едел-жедел қарап, оны 2 миллион теңгеге жетпейтін айыппұлмен босатып жіберген. 

Кентаудың бұрынғы әкімі түрмеде бар-жоғы  бір жарым жыл отырды.  Оның бала-шағасының қасына ертерек барғанына қуанбасақ, ренжіп отырған біз жоқ. Енді дәл осындай бір табандылықты облыстың бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеевке де жасап жіберу қажет сияқты. Естеріңізде болса, қайбір жолы Президент  сыбайлас жемқорлық қылмыспен сотталған адамның түрмеден мерзімінен бұрын шығарылмайтын тәртіптің енгізілгенін хабарлаған болатын. Бас прокурордың талабымен Махажановтың ісі парақорлықтан аса ірі көлемде алаяқтыққа ауыстырылғанын жоғарыда жаздық. Егер ол алаяқтықты қызмет бабын пайдаланып жасаған болса, онда бұл сыбайлас жемқорлық қылмыстардың санатына кірер еді. Ал Жоғарғы сот қаулыда Махажанов алаяқтықты қызмет бабын пайдаланып жасады ма, жоқ па, бұл жағын анықтап көрсетпеген. Экс-әкімнің түрмеден мерзімінен бұрын шығып кеткеніне қарағанда, оның бабы жемқорлыққа жатқызылмаған. Олай болса, Түркістан облысының әкімі Шөкеев те отставкіге заңсыз кеткен болып шығады. Себебі облыс әкімдері қарамағындағы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін ғана отставкіге арыз жазады. Яғни, бұдан кейін Президенттің Шөкеевке қатысты шешімі де қайта дәрежеленуі тиіс емес пе?  Шөкеевтің облыс әкімі қызметіне қайта оралуы енді мүмкін бе?

Елдегі заңдылықтардың  сақталуын қырағы қадағалаушы Бас прокурор Берік Асылов әділдік үшін ақырына дейін күресіп, Президенттің Шөкеевке қатысты шешімінің күшін жоя алады ма? Әлде «Әділетті Қазақстан» тек Махажановқа ғана тиесілі ме? Әліптің артын бағып көрейік.

«Рейтинг» газеті, 8 қараша 2023 жыл

Нұрбек Бадырақов жаңа қызметке тағайындалды
Каратист, философ, заңгер. Шымкент әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу