Тоқаев Шымкент пен Түркістанның әкімдеріне не тапсырма берді?

Oinet.kz 16-01-2024 356

  photo_89818.jpeg

Бұған дейін жазғанымыздай, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімдерін қабылдады. Қос әкімі өздерінің былтыр атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді.

Ақорданың ресми сайтының хабарлауынша, Шымкентте өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 26 пайызға артып, 724,3 миллиард теңгені құраған. Былтыр 1 триллион теңгеден астам соманың өнеркәсіптік өнімі өндірілген. Құрылыс саласы айтарлықтай жанданып, 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың  айтуынша, өңірде өнеркәсіп саласын дамыту үшін жалпы аумағы 867 гектар болатын 5 өндірістік аймаққа инфрақұрылым тарту жұмыстары қолға алынып, инвестициялық жобалардың пулы жасақталған.

Шаһарда қазіргі уақытта 128 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 16,4 пайызға көп. Кәсіпкерлікті дамыту үшін 3498 жобаға жалпы сомасы 19,8 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілген.

Сонымен қатар Президентке Шымкент шаһарының инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарының барысы жөнінде баяндалды. Атап айтқанда, қалада жаңа әуежай терминалының құрылысы және теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, Шымкентте «Ізетті зейнеткер» сауықтыру орталығы, Конгресс холл, Үстел теннисі кешені және жаңа ипподром сияқты нысандар бой көтерген. Былтыр үш мектепке қосымша ғимарат, Оқушылар сарайы және Балаларға арналған шығармашылық орталық пайдалануға берілген. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 28 мың оқушыға арналған 18 білім беру мекемесінің құрылысы басталған.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына жол-көлік инфрақұрылымын дамыту барысы баяндалды. Қала әкімі 233 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, үлкен жолайырық пайдалануға берілгенін айтты. Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында биыл қала көшелеріне 3000 бейнебақылау камерасын орнату, 1000-ға жуық көшені жарықтандыру жоспарланып отыр. Соңғы жылдары осындай жүйелі шаралардың нәтижесінде қылмыс саны 33 пайызға азайған.

Бұдан бөлек, Президентке мемлекет меншігіне қайтарылған нысандар туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, жылдар бойы қараусыз қалған бұрынғы Фосфоршылар сарайы қала балансына қайтарылды. Орталықтағы «Спутник» гүлзары мемлекет меншігіне өтіп, демеушілер есебінен қайта абаттандырылды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ғабит Сыздықбековке қала экономикасын одан әрі әртараптандыру, қосымша инвестиция тарту, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

kz1-8740-2_mediumThumb.jpg

Ал Түркістан облысында өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,5 пайызға өсіп, 1 триллион теңгеден асқан. Өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін жалпы сомасы 30,2 миллиард теңге болатын 20 жоба іске қосылып, 594 жаңа жұмыс орны ашылған.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, алдағы 5 жылда өңірдің өз кірісін 100 миллиард теңгеге арттыру жоспарланып отыр. Алдын ала есеп бойынша былтыр жалпы өңірлік өнім көлемі 3,8 триллион теңге болған. Ал ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 1,1 триллион теңгені құраған. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр. Саланы әртараптандыру нәтижесінде 3,3 миллион тонна көкөніс, бақша өнімдері жиналды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Президент тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығында өнім көлемін арттыруға, суды үнемдеуге ықпал ететін жаңа әдіс-тәсілдер мен технологиялар енгізіліп жатыр.

Мемлекет басшысына өңірдегі шағын және орта бизнестің даму барысы туралы баяндалды. Дархан Сатыбалдының айтуынша, облыстағы кәсіпкерлік субъектілерінің саны 211 мыңға жетіп, 1,6 триллион теңгенің өнімі өндірілген. Облыста жалпы сомасы 407,5 миллиард теңге болатын құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 898,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 3 мыңға жуық отбасы баспаналы болды. Бұдан бөлек, былтыр бюджет есебінен 35 мектептің құрылысы жүргізіліп, 20 мектеп ашылды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында облыста үш жыл ішінде 49 мың оқушыға арналған 63 мектеп салынады.

Сонымен қатар Президентке аймақтағы ауылдарды сумен және газбен қамтамасыз ету жұмыстарының барысы таныстырылды. Өткен жылы облыстағы 20 елді мекенге жаңадан ауызсу құбыры тартылды. Тоғыз ауылдағы ескірген су тарту жүйелері жаңартылды. Сондай-ақ 62 газбен қамту нысанының құрылысы аяқталып, 48 елді мекенге көгілдір отын жеткізілді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне халықтың әл-ауқатын арттыру, өңірдің экономикалық жағдайын жақсарту жөнінде берген тапсырмаларын жүйелі әрі сапалы орындау қажет екенін айтты. Сондай-ақ Түркістан өңірін дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

kz1-8755-2_mediumThumb.jpg


Дархан Сатыбалды: ...орынбасарлар лауазымдарынан босатылады
Шымкентте лауазымды шенеунік парамен ұсталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу