Бауыржан ӘЛТЕЕВ: Ұшқынсыз өрт болмайды

Oinet.kz 24-01-2024 212

PB1uG5eYFmEfrMoyJRbFAG6lOjBz2Ck4zoX6MMEo.jpg_width=1200Xheight=autoXtype=1.jpg

– Бауыржан Ілімшеұлы, бұған дейін ақпарат құралдарына берген сұхбатта «Қаңтар оқиғасын айта берудің қажеті жоқ» деген екенсіз. Қаңтар оқиғасының ақиқатына жеттік деп ойлайсыз ба? Сіздің ойыңызша, бұл халықтың азу-ызасынан туған көтеріліс пе, әлде қолдан ұйымдастырылған жаппай     бұзақылық па?

– Иә, артқа қайта беретін болсақ, ол ұлтқа кері тартпа дүние болады. Мен өзім бір қателік жіберіп қойсам, оны уайымдап қайғы жей бермей келесіде болдырмаудың жолын іздеймін. Мен ол сөзді сол мағынада айтқан едім. Себебі, бір анығы – Қаңтар оқиғасы болды және оның қасіреті көпке тиді. Біріншіден, елдің атына кір келтірді. Бұл арада қосалқы билік тек өз әрекетін жасап бақты. Енді осының бәрін зерттеп-зерделеп, келесіде қайталанбайтындай етуге ұмтылу керек. Қаңтар оқиғасының ақиқатына жету қиын. Егемендік алғалы біршама дамыдық. Жаман болдық дей алмаймыз. Бірақ, одан да жақсы өмір сүруге болар еді деген мақсат-тілек баршамызды мазалайтын. Мәселен, жер қойнауының байлығы біреулердің қолында кетіп, бәріне бірдей бұйырмады дегендей ой-тұжырымдар көкейде сайрап жатты. Қаңтарға қатысты айтарым, ұшқынсыз өрт болмайды. Сондықтан мұның да себебі бар. Оны Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында ашық түрде айтты. Ереуілді арнайы ұйымдастырушылар болған сыңайлы. Өйткені олар әдейі халқы белсенді Маңғыстау облысында газ бағасын көтерді. Сосын бұл оқиғаға аңдаусыз байқамай барып қалғандар өте көп болды. Жалпы Қаңтардағы қырғынға қатысушыларды батыр деуге келмейді. Негізінде оң көзқарастағы адам көтеріліс болған жерге бармауы тиіс.

Өзіңіз мүше болған Ұлттық құрылтай ел дамуының өзекті мәселелерін талқылау үшін қоғамды жұмылдыруға арналған орган. Құрылтай осы мақсатына жете алды ма?

– Ұлттық құрылтай – халқымыздың ортақ мақсатына ұйымдастырылған бірегей құрылым. Оның мақсаты тек бүгін жететін меже емес, мұраты ұзақта жатыр. Құрылтай – тұрақты консультативтік кеңесші орган. Оның төрағасы – Президент. Ол зиялы қауым өкілдерінен, заңгер, әлеуметтік мәселені тереңінен қозғап жүрген ойшылдардан құралған кеңесші құрылым. Әр Құрылтайда Мемлекет басшысы өз баяндамасын жасайды. Президент осы кезеңдегі әлеуметтік проблемаларды көтеріп, бағыт-бағдар сілтейді. Соларды іске асыру бойынша ары қарай елде тиісті жұмыстар жасалады. Бірақ, Құрылтай қолында құзыреті, мәселені шешуге билігі бар орган емес. Тек кеңес беруші, жол сілтеуші құрылым. Ол әлі де жұмысын істей береді. Мәселен, биыл Атырауда өткізіледі. Құрылтай ықылым заманнан, қазақ қазақ болғалы бар. Ат төбеліндей беделді кісілер руаралық басқа да ұлттық құндылықтарға, елдің қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді қозғап, реттеп отырған. Сондықтан Құрылтай бүгін шешілетін мәселені қарамайды, елдік дамуға қатысты ұзақ мерзімді межеге жұмыс істейді. Ұлттық Құрылтайдың осындай ерекшелігін ескерген абзал.

Сіз бұған дейін құзырлы органдарда қызмет еткенсіз. Соңғы жылдары Шымкентте сыбайлас жемқорлық қылмыстар күрт өсіп кеткен. Бұған күштік құрылымдардың бұрынғы маманы ретінде не айтасыз? Оны ауыздықтау үшін не істеу қажет?

– Жемқорлық бүгінгі таңда індет болды. Оған себептер көп. Соның бірі қоғамда жемқорлықты тудыратын жайлы бір орта пайда болған сияқты. Өйткені жылдан-жылға бюджет қаражаты өсіп жатыр, сонымен бірге оларды жарататын тиісті құзырлы мекемелердің де сыбайлас жемқорлыққа қатысы артып барады. Алдымен «сыбайлас жемқорлық деген не?» деген анықтаманы ажыратып алуымыз керек. Біз оны қоғамда әлде де болса дұрыс атап жүрген жоқпыз. Егер мемлекеттік қызметші өзінің қызметін пайдаланып әрі мемлекеттік мүддеге зиян келтіре отырып бір артықшылықтар алатын болса, міне сол сыбайлас жемқорлық деп аталады. Басқа елдерде сыбайлас жемқорлықпен күресетін жеке орган жоқ. Біз жеке-дара орган ашып қойдық. Мен өзім Қазақстан бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқарма басшысы болдым. Қаржы полициясы агенттігінде экономикаға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқарманы басқардым. Мен сол кезде сыбайлас жемқорлық қылмысын әлі де жіліктеуіміз керек дейтінмін. Негізінде сыбайлас жемқорлық күрделі мәселе. Яғни, ол ұйымдасқан қылмыстық топ боп саналады. Егер жеке жағдайларды сыбайлас жемқорлыққа жатқыза берсек, ертең бүкіл халық сол санатқа кіріп кетеді. Сондықтан сыбалас жемқорлыққа баратындар ұйымдасқан топ болады, белгілі бір іс-әрекеттерін жүйелеген қылмыстық жүйесі бар, бюджетке үлкен шығын келтіретін адамдар деп ерекшелеп, жеке бөліп алған дұрыс. Ал екі адамның арасындағы жеке жағдайларды сыбайлас жемқорлыққа жатқыза беру қисынға келмейді.

Екі жыл бұрын Шымкентте Қоғамдық кеңесті жасақтау және оның төрағасын сайлау қызу талқыланған еді. Екі жылда кеңес мына мәселені көтерді немесе шешті деп нақты мысал келтіре аласыз ба?

– Қоғамдық кеңес те консультативті кеңесші орган. Оны мәслихаттың жанынан құрылған жұмысшы топ құрылымдайды. Алдымен бұқаралық ақпарат құралдарында ақпарат жарияланады. Сол бойынша қоғамдық кеңеске мүше болғысы келетіндер құжат өткізеді. Кейін жұмыс тобы бәрін іріктейді. Сонымен бірге қоғамдық кеңес тобының ішінен резервті бекітеді. Бірінші отырысты ашатын жұмыс тобының басшысы. Сосын ашық дауыспен қоғамдық кеңестің төрағасы сайланады. Қоғамдық кеңес төрағасы қоғамда белсенді азамат, елге танымал тұлға болу керек. Жұмыстың бәрін үйлестіретін сол қоғамдық кеңес төрағасы. Кеңеске кіретін 29 мүшенің барлығы қоғамдық негізде тегін жұмыс істейді. Қоғамдық кеңестің басты міндеті қоғамдағы күрделі мәселелерді қарап, зерделеп, соның оңтайлы шешілу жолдарын зерттеп, оны атқарушы билікке жеткізіп, соның орындалуына ықпал жасау боп табылады. Бұл органда 4 міндет бар. Бірі – қоғамдық тыңдау өткізу. Екіншісі – қоғамдық экспертиза, яғни тексеру. Үшіншісі – қоғамдық мониторинг. Ал соңғысы – қаладағы 27 басқарманың есептерін тыңдау. Қоғамдық кеңес шешкен күрделі мәселенің бірі – Темірлан тас жолы бойындағы Нұрай тойханасының жанынан үлкен айналма жол түсу керек еді. Ол жол Ташкент тас жолына шығу тиіс болатын. Бірақ, оны жүзеге асыру үшін 500-ге жуық үй сүрілуі керек. Бәрінен бұрын халыққа қиын болды. Біз бас жоспарды жасаған басқа да құзырлы органдарды жинап басқа балама нұсқасын ұсындық. Сөйтіп қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізіп, 500 үйді сүрілуден аман алып қалдық. Сонымен бірге сенімгерлік басқаруға берілген мекемелер бар, бірақ жеке компания міндетін дұрыс атқара алмағандықтан мемлекетке қайтару жөнінде мәселе көтердік. Соғылып жатқан үйлер сапасы да біздің бақылауымызда.

Әдетте жұртшылық келген әкімді кеткен әкіммен салыстырып жатады. Сіздің ойыңызша, Ғабит Сыздықбековтың Мұрат Әйтеновпен салыстырғанда нендей ерекшелігі, артықшылығы бар?

– Әр нәрсеге объективті түрде қарауға тырысатын адаммын. Әйтеновті түк те істемеді дей алмаймын. Енді кемшіліксіз адам болмайды. Қателіктері де болған шығар. Мен оны айтып та жүрмін. Бірақ, әр әкім өз құзыреті шеңберінде және жинаған тәжірибесіне сай жұмыс атқарады. Мәселен, «халықпен кездесуде неге әкімді додаға салып жібересіздер?» деп айтатынмын. Қалада төрт аудан бар, әрқайсысының өз әкімі бар. Олар өз ауданына жауап беру керек. Ал, қала әкімінің кездесуіне майда-шүйде сұрақтар қойылып кетеді. Негізі мегаполис басшысы күрделі мәселемен айналысу керек. Ондай ұсақ-түйекті шешу үшін аудан әкімі бар. Баға беретіндер көп, әкімге. Бірақ, алдымен өзін соның орнына қойып көру керек. Бұл жауапкершілікті де арқалап жүру оңай емес. Ал, жаңа келген әкімнің қызмет атқарғанына көп болған жоқ. Ең бастысы ол қаланың жағдайымен танысып шықты. Қаланың зиялы қауымымен жолықты. Қоғамдық кеңестің жұмысымен танысты. Міне, көргендік деп осыны айту керек. Маған ашықтығы ерекше ұнады. Дегенмен бағасын халық бере жатар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ә.ҚОНЫСБАЙ


Мырзахметовке Әлтаевты ұстап беру не үшін қажет болды?
«Түркістан» ӘКК» бюджет қаражатын негізсіз жұмсамақ болған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу