Пара сұрама, қарыз сұра-2 - Қоқанбаев жазадан құтыла алмады

Oinet.kz 07-02-2024 350

Шымкентте осыдан екі ай бұрын сот үкімімен ақталып шыққан қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Мұхтар Қоқанбаевтың ісі қайта қаралып, сот экс-шенеунікке бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады. Шымкент қалалық сотының апелляциялық алқасы алғашқы соттың үкімін өзгертіп, Қоқанбаевтың ісіне осындай төрелік айтты. Көлік алу үшін өзіне тәуелді компанияның өкілінен ірі көлемде қарыз алған Қоқанбаев кінәлі деп танылды. 

Screenshot_1.jpg

Қоқанбаевтың ісін қайта қарау үшін Шымкент қалалық прокуратурасы апелляциялық шағым түсірген. Апелляциялық алқаның қаулысы шыққан бойда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы Дәурен Ерғарин әлеуметтік желідегі парақшасында: «Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Шымкент қаласы бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Мұхтар Қоқанбаевты лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танып, оған 3,5 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады. Айта кетейік, мегаполистің әлеуметтік маңызы бар бағыттары бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялауға жәрдемдескені үшін ЖШС өкілінен 13 миллион теңге алу кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен ұсталған Қоқанбаевты бірінші сатыдағы сот ақтаған болатын», деп жазды. 

Естеріңізде болса, Шымкентте қаланың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарының басталғанын антикор былтыр маусымда мәлімдеген болатын. Аталған құзырлы органның алғашқы тұжырымы бойынша Қоқанбаев пара алған. «Ол мегаполистің әлеуметтік маңызы бар бағыттары бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялау кезінде бюджет қаражатын кедергісіз төлегені үшін кәсіпкерден 13 миллион теңге көлемінде пара алды деп күдіктелуде», деген хабар таратқан болатын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті. Алайда тергеу барысында «пара алу» бабы «қызметтік өкілеттігін теріс пайдалануға» өзгертілген. Қоқанбаевтың ісі Шымкент қаласының ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотына осы айыппен түсті. 

Тергеу барысында анықталған мән-жайларға қарағанда, былтыр маусымда Мұхтар Қоқанбаев еңбек демалысына шығып, Алматы қаласына барады. Ол осында Шымкентте жолаушылар тасымалдаумен айналысатын «T-Bus» компманиясының өкілі Д.Әмреевпен жолығады. Кездесу барысында ол басқарма тарапынан жолаушы тасымалдаумен айналысатын компанияларға ай сайын берілетін субсидияларды уақытылы, ешбір кедергісіз аудару жөнінде әңгіме қозғайды. Осыдан кейін барып негізгі мәселеге көшкен. 

М.Қоқанбаев компания өкілінен автокөлік алу үшін 13 миллион теңге қарыз сұраған. Д.Әмреев оған қарызға ақша бермеген жағдайда алдағы уақытта басқарма тарапынан берілетін ай сайынғы субсидия бойынша түзілген келісім шарттарды бұзу, негізсіз тексеру жүргізу, серіктестіктің жұмысына кедергі келтіру әрекеттерінің болуы мүмкін екенін ескеріп, басқарма басшысының заңсыз талаптарына амалсыздан келіскен.

Screenshot_2.jpg

Қоқанбаевқа сұраған қарызын беру үшін Әмреев 12 маусымда Шымкентке ұшып келеді. Ол сол күні түнде 13 миллион теңгені әріптесі Қамбаров деген азамат арқылы Қоқанбаевтың пәтеріне жеткізген. Ертеңіне, 13 маусымда антикордың қызметкерлері басқарма басшысының пәтеріне тінту жүргізген кезде 13 миллион теңге салынған қара пакетті тапқан. 

Алғашқы сатыдағы сот барысында Қоқанбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ол мердігер компанияның өкілінен пара емес, қарыз сұрағанын, ақша Кореядан «К-5» көлігін алдыру үшін қажет болғанын, көлікті әкелген соң қайта сатып, Әміреевтің ақшасын қайтарып беру ниеті болғанын алға тартады. Сот оның бұл сөздеріне сенім білдіріп, оны ақтаған болатын. Бұл туралы біз былтыр қарашада шыққан нөмірімізде жарияланған «Пара сұрама, қарыз сұра» деген мақаламызда жазған едік. 

Енді міне, істі апелляциялық тәртіппен қараған Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы Қоқанбаевтың әрекетінде қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану белгілері бар деп тауып, оған 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Егер Қоқанбаев компания өкілінен пара сұрағанда оның жазасы мүлдем ауыр болар еді. Алайда, ол пара емес, қарыз сұрады емес пе?! 

Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша атқарылған жұмыстар, сот үкімдері бергі жақтағы шенеуніктерге сабақ болуы керек емес пе? Қоқанбаевқа шығарылған үкім алақаны қышып тұратын шенеуніктерге қандай үлгі-өнеге беруі мүмкін? 

Нұрлан имам АҚШ-та жүр
Жәрдемақылардың жайы: Дүйсенова өзекті сауалдарға жауап берді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу