Дос Көшім: Қаңтар қырғынын «мемлекеттік төңкеріс» дегенге келіспеймін

Oinet.kz 23-02-2024 265

crop-7_145_288x513_271662717_2085335414958671_1613128485237762600_n.jpg 

Қаңтар оқиғасы біреулер айтқандай мемлекеттік төңкеріс емес, ол шын мәнінде халықтың 30 жылдық әділетсіз билік жүйесіне білдірген наразылығы.  Белгілі саясаткер Дос Көшім oinet.kz порталына берген сұхбатында осылай деді.

-Біріншіден, Қаңтар оқиғасына қатысты биліктің халыққа ұсынып отырған нұсқасы сын көтермейді. Өз басым, қаңтар қырғынын «мемлекеттік төңкеріс» дегенге келіспеймін. Халықты алаңға «төңкеріс жасау үшін шет елдерден келген, арнайы дайындықтан өткен 20 мың терроршылар» емес – 30 жылдық әділетсіз билік жүйесі, сол биліктің экономикалық, әлеуметтік, тағы басқа да «жұмыстарының» нәтижесі алып шықты. Ал көшеге шыққан бейбіт халыққа биліктің арнайы дайындалған арандатушылары араласып, дүрбелеңге, қырғынға алып келгені де шындық. Сондықтан, әрине, бұл дүрбелең 238 адамның қазасы (оның ішінде алты адам азапталып өлтірілді...) мен көптеген жазықсыз жандардың жазаға тартылуымен аяқталды. Иә, билік жеңіске жетті. Осы қырғында оққа ұшқан 4 жастағы Айкөркем жеңілді.

Бұл қырғынға сыртқы күштер ешқандай да әсер еткен жоқ деп ойлаймын. Билік тарабы қоғамға «осының бәрін жасаған сыртқы күштер» деген ойды қалыптастыруға барлық күшін салды, бірақ одан ешнәрсе шыққан жоқ. Қырғыз «террорисі» - атақты музыкант болып шықты, ал Президенттің «сырттан келген терроршылары» деген сөзі үшін Ауғанстан, Тәжікстан билігі бізге нота жолдап, «біздің елдің адамдары барын дәлелдеп беріңдер» деп реніштерін білдірді. Ал Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы әскерінің «көмекке келген» 2300 адамы сол уақыттағы жағдайға ешқандай әсер ете алмады деп есептеймін. Бұл – Тоқаевтың амалсыздан жасаған қателігі болды. Бұл қателіктің қаңтар қырғынына да қатысы жоқ. Әңгіме сыртқы жаулардан біріге қорғану үшін құрылған ОДКБ, осы оқиғадан соң, кез келген елдің ішкі мәселесіне араласа алатын мүмкіндік алды. Тоқаев осы прецедентті жасап берді. Өкінішті-ақ!   «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» деген сөздер – Кеңес өкіметі кезінен бері келе жатқан (сексенінші жылдары «коммунизмге жетеміз!», «Американы қуып жетіп, басып озамыз!», «Партия мен халық – біртұтас!», т.т.) көпірме ұрандардың жалғасы. Бұл – біздің биліктің идеологиялық жұмыстарының сиқы. Ескі Қазақстанда жұмыс істеп, сол жүйені өз қолдарымен құрған адамдардың сол қалпында тізіліп тұрып, «Жаңа Қазақстан жасаймыз!» дегені бір жағынан күлкілі, екіншіден өте қорқынышты құбылыс. Кезінде Хрущев билікке келіп, өзінің алдындағы Сталинді жамандап, денесін мавзолейден шығарып тастағаны бар. Хрущев «Барлығына кінәлі – осы мұртты!» деген айқайдың арқасында тоталитарлық жүйе мен коммунистік партияны сақтап қалған болатын. Біздің қазіргі  жағдайымыз да осыған ұқсайтын сияқты,-деді саясаткер.  


 


Армения ҰҚШҰ мүшелігін тоқтатты
Мұхамедиұлын 12 жылға бас бостандығынан айыру сұралды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу