Темірбаеваның жұмысынан тағы да шу шықты

Oinet.kz 28-02-2024 262

72403549_2384500144999644_4483890821313069056_n.jpg 

Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы  Әсия Темірбаева жақын күндері тағы да тәртіптік жазаға тартылуы мүмкін. Тағы да деп отырғанымыз бекер емес.

   Жалпы Темірбаева тәртіптік жазаға ең жиі тартылатын шенеунік десек артық айтқанымыз емес шығар. Естеріңізде болса, 2017 жылы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тікелей қарайтын Түркістандағы жүйке ауруына шалдыққан азаматтарға арналған интернаттағы науқастар жаппай құрт дертіне шалдығып, бағыныстағы мекемелердегі бақылауды әлсіретіп алғаны үшін Темірбаеваға сол кездегі облыс басшысы Жансейіт Түймебаев тәртіптік жаза берген болатын.

2018 жылы Темірбаеваның басқармасынан тендерге қатысты былық-шылық анықталды (бұл туралы біз «Рейтинг» газетінде  кеңінен жазған болатынбыз). Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тендер арқылы компьютерлік техникалар мен мүгедектерге арналған қоларбаларды қабылдап алған. Кейіннен белгілі болғандай, компьютерлік техникалар талапқа сәйкес келмеген, ал қоларбалардың шыққан жері мүлдем белгісіз, сапасы өте нашар, қолдануға мүлдем жарамсыз екендігі анықталады. Нәтижесінде бюджеттің 122 миллион теңгесі ысырап болған. Осы іс бойынша кейінірек басқарманың бөлім басшысы сотталып кетті. Темірбаеваның үстінен де қылмыстық іс қозғалғанымен, ол ақырында тек тәртіптік жазамен құтылған болатын. Оның арасында пандемияның кезінде карантин талаптарын сақтамағаны үшін Темірбаеваның ісі Әдеп кеңесінде қаралды. 2020 жылы «Нұр Отан» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңес Темірбаеваның партиялық және тәртіптік мәселесін қарауды ұсынғаны есте қалыпты. Міне, тәртіптік ісі жиі қаралатын Темірбаеваның басқармасынан тағы да шу шықты.

Жуырда Түркістан облысының прокуратурасы Кентау қаласында орналаcқан "Арнайы кәсіптік колледжде" оқитын 80 ерекше баланың құқықтары өрескел бұзылғанын анықтады. Бұл туралы мәлімет аталған органның ресми сайтында жарияланды.

-Бұл колледж еліміздегі жалғыз мамандандырылған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту және білім беру қызметтерін ұсыну үшін  құрылған мекеме болып табылады. Прокурорлық тексерумен колледж басшылығы ұзақ уақыт бойы заңнама талаптарын бұза отырып, ерекше студенттерді мемлекеттік қызметтермен тиісінше қамтамасыз етпегені анықталды.  Сапасыз білім берудегі бұзушылықтар, оқытушылар құрамының біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі, санитарлық және өртке қарсы нормалардың сақталмағаны белгілі болды. Мекемеде мерзімі өткен азық-түліктер мен ескіру мерзімі өткен медициналық препараттарды қолданған. Медициналық қарсы көрсетілімдері мен шектеулері бар талапкерлерді оқуға заңсыз қабылдау фактілерін біле тұра, Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары тиісті шаралар қабылдамаған. Тексеру нәтижесімен заң бұзушылықтарды жою және бала құқықтарын қорғау мақсатында облыс прокуратурасы 5 прокурорлық ден қою актісін облыс әкімдігіне және мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттеріне енгізді,-делінген материалда.

Мүгедектер тәрбиеленетін мекемеде  мерзімі өтіп кеткен азық-түлік пен дәрі-дәрмекті қолдану дегеніңіз сұмдық емес пе? Енді облыс әкімі Дархан Сатыбалды тәртіптік жазаларға еті үйренген Темірбаеваға қандай шара қолданар екен?

"Рейтинг" газеті, 28 ақпан 2024 жыл. 

 


Бектенов шенеуніктердің салғырттығы туралы айтты
Шымкентте директор болуға лайық адам жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу