Бергейді елге қайтара алмаймыз-- Бас прокуратура

Oinet.kz 29-02-2024 264

 65dedb18a3c65772292745.jpg

Қазақстан бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев әлеуметтік желіге суреті тараған Бергей Рысқалиевті елге жеткізу әзірге мүмкін емес екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Журналистер Әсет Шындалиевтен “Қазақстанда сотталған Бергей Рысқалиев қалайша Лондонда емін-еркін жүр?” деп сұраған. Әсет Шындалиев расында да, Атырау облысының экс-әкіміне сырттай үкім шыққанын, алайда өкінішке қарай Ұлыбритания мен Қазақстан арасында оны экстрадациялау бойынша ешқандай келісім жоқтығын айтты.

– Егер тиісті келісім болмаса, біздің құқық қорғау органдары ештеңе істей алмайды. Ресми сауал жолдаңыздар. Бәлкім, мұндай өтінімдер жіберілген де шығар. Бірақ оның қалай орындалғанын білмеймін, – деді Шындалиев.

Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіге Бергей Рысқалиев пен Аслан Мусиннің Лондонда бірге түскен фотосы жарияланған еді. Суреті қоғам белсендісі Тұрарбек Құсайынов таратқан.

2013 жылдың 5 ақпанында Атырау облысы және Атырау қаласының әкімі қызметін атқарған Бергей Рысқалиевке іздеу жарияланған. Оған Қылмыстық кодекстің 176-бабы бойынша көзделген қылмысты жасады және ұйымдасқан қылмыстық қоғамдастық құрды деген айып тағылды. 2019 жылдың 25 қаңтарында сырттай сот отырысы өтіп, ол 17 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Ол саяси себептермен Ұлыбританияда босқын мәртебесін алған. Себебі елдің Жоғарғы соты қылмыстық қудалаудың саяси астары бар деп шешкен.

 


«Ойлан Пашинян, ойлан» Армения ҰҚШҰ-нан әлі шыққан жоқ
Дархан САТЫБАЛДЫ: Біздің облыста бітпей тұрған құрылыс болмауы тиіс
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу