Мақсат Толықбай: Көпірме баяндамалардан көк тиын пайда жоқ

Oinet.kz 04-04-2024 446

 Screenshot_5.png

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай үкімет жетекшісі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, су тасқынына қатысты бірқатар ұсыныстар білдірді:

-- Қазір еліміздің тең жартысы қарғын судың астында қалды. Жылдағы әдет. Көктем келеді, Үкіметтің көп уәдесі көлкіп суға кетеді. «Тасқынға тастүйін дайынбыз, төтенше жағдай болса, төтеп береміз», – делінетін көпірме баяндамалардан көк тиын пайда жоқ. Осыған байланысты Мәжілістің бір топ депутаты су басқан өңірлерге барып, мән-жайға тікелей қанықтық. Тұрғындармен кездесіп, нақты ахуалмен таныстық. Алдағы уақытта да аталған өңірлерге тағы да барып, жағдайды бақылауда ұстайтын боламыз. Иә, апат айтып келмейді. Бірақ қардың қалың жауғанын көз көрді ғой. Мәселе – жергілікті әкімдіктер мен Үкіметтің арасында байланыстың жоқтығында. Салдармен ғана күресіп келеміз. Топан су мен сел тұрмақ, әлемде цунами мен вулканнан қорғану шараларын қабылдаған елдер бар. Ал біздің кейбір аудандарда дайын тұруы тиіс қайық пен су етіктің өзі атымен жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігінің нормативі орындалмаған. Әкімдік пен министрліктердің арасында байып-баға жоқ. Екіншіден, су саласында білікті маман тапшы. Бір ғана болжаммен ешнәрсе шешілмейді. Гидролог, гидротехниктердің кешенді жұмысын көрмедік. Яғни, ғалымдарға жағдай жасалмай, ешнәрсе түзелмейді деген сөз. Жоғарыда айтқанымдай, біз күні кеше Мәжілістегі әріптестерімізбен бірге халықтың жай-күйімен, осы бағытта қолға алынып жатқан шаралармен көзбе-көз танысу үшін Орал, Арқалық, Ақтөбе, Ұлытау, Қоянды және тағы басқа өңірлерді аралап қайттық. Былтыр дәл осы уақытта Қобда ауданындағы топан су шайып өткен бірнеше үйге «AMANAT» париясы тарапынан құрылыс материалдарына дейін әперіп, баспана салдыртқан едік. Өкініштісі, сол үйлер тағы да суға кетті. Себебі Қобдадағы құрылысы басталған дамбаны жергілікті Прокуратура жобалық құжаттамасынан кінарат тауып тоқтатып тастаған. Сондай-ақ, Ақтөбе облысындағы су басқан Құмсай ауылында шетелдік мұнай компаниясы шлюзді бітеп тастап, тасыған су ауылға қарай бұрылып кеткен. Өйткені, шлюз әдейі жабылғандай көрінді. Бұл мәселені жіті бақылауға алу қажет. Дәл осындай жағдай басқа өңірлерде де болуы ықтимал. Сонымен қатар, жалпы баспанасы жермен-жексен болып, балашағасымен босып кеткен ағайынның тағы бір арыз-арманын жеткізейік. Рас, Мемлекет басшысының: «Ешкім назардан тыс қалмайды, зардап шеккен тұрғындарға түгел көмек көрсетіледі», – дегені, дертке дауа, көңілге медет. Бірақ, комиссия шығынды есептеп, үйлер салынғанша кемі 4-5 ай уақыт кетеді. Осы кезде малмен жан бағып отырған ағайын төрт-түлігін тастап қайда барады? Малы өрісте, өздері аудандағы колледжде жайбарақат жатады дейсіз бе? Ертең ел-жұрттың есін шығаратын тағы бір мәселе бар! Алыстағы ауылдарда суға кеткен кейбір үйлердің әлі күнге дейін құжаты жоқ. Қорақопсысы мен құлағында сырғасы жоқ малдары туралы айтпай-ақ қояйын. Қазақ ауылдағы қорасына қашан құжат рәсімдетіп еді? Оларды қайтеміз? Далада қала ма? Осы жағын да ойластыру керек. Құрметті әріптестер! Биылғы тасқынның беті қатты. Төтеннен келген топанға ешкім бей-жай қарап отырған жоқ. Осындағы барлық партиялар, әлеуметтік желідегі белсенді азаматтар, мыңдаған еріктілер бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай жұмылып, көмек жинап, халыққа үлестіріп жатыр. Кейбір әріптестеріміз әлі де сол су басқан аймақтарда жүр. Біз осы жолы шалғай ауылдарда құтқарушыларға ыстық тамақ дайындап, шұлғауы мен шұлығына дейін әкеп беріп жатқан жергілікті халықты көрдік. Әсіресе, күн-түн демей, қаптан бөгет жасап, әбден қажыған әр ауылдың азаматына рақметімізді айтамыз. Елдің осындай ауызбірлігін көргенде еріксіз егілесің! Алайда, қауіптің басы қайтты деуге әлі ерте. Алда СҚО, Павлодар, ШҚО тұр. Алтайда қар енді ери бастады. Марқакөл мен Катонқарағайда 2 метр қар жатқанын қаперден шығармаңыздар! Торғай даласын көрдіңіздер. Ел қатынайтын жалғыз күрежолды су алды. Тікұшақ пен үлкен техникалар ғана жүре алады. Сондықтан, осы өңірлерді қажетті азық-түлік, дәрі-дермек, жемшөп қорымен қамтамасыз етуді жіті назарда ұстау керек. Жоғарыда айтылғандарды ескере келіп, Үкіметке келесі ұсыныстарды жолдаймыз. 1) Қазақстандағы барлық өзендердің жағасының ерекше су қорғау аумағын 4 шақырымға дейін ұзарту және тұрғын үй салу мен жер бөлу кезінде өзен, көл, су қоймасының жағасынан қашық әрі биік жерлерге қоныстандыру; 2) ірі және және таулардан ағатын трансшекаралық сулар құйылатын өзендердің қар мен жаңбыр суы қосылғанда тасып кетпеуі үшін жасанды арналар жасау, аса қауіпті аумақтарда су қоймаларын салу, сондай-ақ су соратын дренаждар мен насостарды қайта орналастыру; 2 3) өзен, көлге жақын орналасқан ауылдарды қажетті техника, қайық және арнайы формалармен қамтамасыз ету; 4) Гидротехник-инженер мамандардын дайындауға көңіл бөлу; 5) биылғы төтенше жағдай жарияланған жерлердегі шаруалардың барлық ауылшаруашылық несиелерін төлеуді үш жылға дейін шегеру мүмкіндігін қарастыру. Жоғарыда баяндалғанның негізінде депутаттық сауалды қарауыңызды және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіппен жауап беруіңізді сұраймыз.


Сөз бостандығының халі мүшкіл
Шымкентте келімсектерге жалған медициналық анықтамалар берілген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу