Ағыбаевтың да түбіне отставка жетпесе деңіз...

Oinet.kz 10-04-2024 564

0d318b72fa9542e6dadb4c22a7ed4643_1280x720.jpg

Талай шенеуніктің түбіне тендер жетті. Пара алу, қызмет бабын теріс пайдалану, қаржы жымқырулардың дені мемлекеттік сатып алуларға барып тіреледі.   Өкінішке қарай, атқамінерлердің бұдан қорытынды шығарып жатқаны шамалы. Шенеуніктер тым құрыса дәл сол орында отырған өзіне дейінгі шенеуніктің тағдырынан сабақ алса қайтеді дейсің. Мұны бекер айтып отырғанымыз жоқ.

Кешегі күні Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінде Келес ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Шірінбековтің тәртіптік ісі қаралды. Іс департаментке Келес аудандық прокуратурасының ұсынуымен келіп түскен екен.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тоқталайық, тексеру кезінде мынандай мән-жайлар анықталған:

 Былтыр қаңтарда Келес ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «МК-ПроектСтрой» ЖШС  арасында 7 232 143 теңгеге келісімшарт жасалады.

Ол бойынша мердігер компания  Жүзімдік ауылдық округі Оңтүстік елді мекенін ауыз су жүйелерімен қамтамасыз етуге жобалық - сметалық құжаттама әзірлеу және сараптаманың оң қорытындысын алу жұмыстарын жүргізуді міндетіне алады.

Алайда бөлім қаңтарда жасалған келісімшартқа  наурызда 8 500 000 теңге, ал желтоқсанда 3 500 000 теңге қосып жіберген. Осылайша тапсырыс беруші келісімшартқа бақандай 12 миллион теңгені негізсіз енгізіп, мердігерге заңда көзделмеген артықшылықтар берген.

Әрине, 12 миллион теңге аспаннан түскен ақша емес. Бөлім бұл ақшаны мердігерге  Қошқарата ауылдық округі  Ұшқын елді мекенін табиғи газ жүйелерімен қамтамасыз етуге жобалық -сметалық құжаттама әзірлеу және сараптаманың оң қорытындысын алу жұмыстарына деп бөлген. Алайда бұл заңға қайшы келеді. Прокурорлардың  айтуынша,  бөлім басшысы Б.Шірінбеков заңның талаптарына сай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырмай, заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсету арқылы  негізсіз қосымша келісімшарттар түзген. Сонда мамандығы заңгер, мемлекеттік қызметте жеті жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар (оның 4 жылы жоғарыда аталған бөлімде өткен) білдей бөлім басшысының тендердің қарапайым талаптарын білмеуі мүмкін бе? Жалпы бұл білместік пе, әлде мәжбүрлік пе? 7 миллион теңгенің тапсырысын алған компанияға тендерсіз тағы 12 миллион теңгені бөліп беру жоғарыдағылардың «ақыл-кеңесімен» жүзеге асқан жоқ па деген күдіктің де құлағы қылтияды. Қалай десеңіз де мұның арғы жағында біраз құпиялардың бары анық.

Кеңес отырысында бөлім басшысының мұндай қадамға «уақытты үнемдеу үшін бардым» деген уәжінің қисынсыз екендігі айтылды: Оған қызметіне толық сәйкес емес түріндегі тәртіптік жазаны қолдану ұсынылды.

Бөлім басшысына бұл жазаны Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев беретін болады.

Осы жерде Келес ауданы әкімдігінде  соңғы 2-3 жылдың көлемінде болған жәйттерге қысқаша тоқтала кетейік.  2020 жылы Келесте Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бархия  Құрманалиев жер беру үшін бір азаматтан 400 мың теңге пара алып,  12 миллион теңге айыппұл салу жазасына кесілді. 2021 жылы Келес аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ә.Кенегесов мердігерден 30 миллион теңге пара алуға оқталды деген айыппен 11,3 жылға бас бостандығынан айырылды. Осы екі қылмыстық іс бойынша сол кездегі аудан әкімі Ақментай  Есбаевтың отставкіге жазған арыздарын облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев қабылдамады.  Қайта Есбаевтың осы жылдары «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғаны да есте қалыпты.

2022 жылы Келес ауданы Қошқарата ауылдық округінің әкімі Қосай Бекмұратов бюджет қаржысын талан-таражға салғаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Облыстық соттың апелляциялық алқасы аудандық соттың шығарған үкімін өзгеріссіз қалдырды. Есбаевтың отставкіге кету үшін жазған   үшінші арызын облыс басшысы Д.Сатыбалды қабылдады. Оның орнын Жәнібек Ағыбаев басты. Енді Ағыбаев туралы бір-екі мәселеге тоқтала кетсек.

Жәнібек Ағыбаев облыс басшысы Дархан Сатыбалдының жерлесі әрі сенімді кадрларының бірі болып саналады. Екеуінің жолы Астана қалалық әкімдігінде түйіскен.  Дархан Сатыбалды 2013 жылы Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалған соң бұрынғы әріптесін өзіне кеңесшілікке шақырды. Ол бұл қызметті 2016 жылға дейін атқарып,  бұдан кейін Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары болып кетті. Кейінірек ол  Шымкент қалалық жер қатынастары және жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы болып жұмыс істеді.  2022 жылдың тамызында Д.Сатыбалды  Түркістан облысының әкімі болып тағайындалған соң Ағыбаев оған екінші мәрте кеңесші болып барды. Сол жылдың аяғында ол алдын ала күтілгендей Келес ауданының әкімі лауазымына тағайындалды.  

Апыр-ай, Б.Шірінбеков өзіне дейінгі бөлім басшысы Ә.Кенегесовтің ісінен, аудан әкімі Ж.Ағыбаев өзіне дейін әкім А.Есбаевтың тірлігінен оң қорытынды шығарса қайтер еді?!  Мұндай салғырттық пен жауапсыздықпен Ағыбаев облыс әкімі Дархан Сатыбалдыны ұятқа қалдырмаса болғаны.

Келестің бұл әкімінің түбіне де отставкі жетпесе деңіз...


«Рейтинг» газеті 10 сәуір 2024 жыл.


Атырауда су тасқынына қарсы күресте қапқа топырақ жинап жүрген 92 жасар кейуана кім?
Әулиеден қорықпайтын әкім
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу