Әулиеден қорықпайтын әкім

Oinet.kz 11-04-2024 465

1200xauto_NLHPlnR2ToPSYoFEWoJz8SLh81IWSOF2vMtcBWFV.png

 Бәйдібек ауданы Ақбастау ауылдық округінің әкімі Мейіржан Беріков жалпы шенеуніктік қызметте де, өмірде  жолы болғыш азамат екен.

Өзге шенеуніктер қызмет бабын пайдаланып, азын-аулақ алған ақшасы үшін түрмеге тоғытылып немесе он миллиондап айыппұл салуға сотталып жатқан кезде М.Беріков тәртіптік жазамен құтылып кетті. Мәселенің мәнісі мынадай:

Беріковтің ісі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесіне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  Түркістан облысы бойынша департаменті арқылы келіп түскен.

Іс-құжаттарына қарағанда, Ақбастау ауылдық округінің әкімі Мейіржан Беріков Домалақ ана кесенесіне келген зиярат етушілерге қызмет көрсетумен айналысатын жеке кәсіпкерден оның қонақ үйі орналасқан жер учаскесінің құжаттарын рәсімдеу үшін 2 миллион  теңге ақша алған.

Әрине, бүгінде дені дұрыс адамның осыншама қаражатты кім көрінгеннің қолына ұстата салмайтыны айтпаса да түсінікті ғой. Оның үстіне әкімнің өзі де ақылсыз емес екен. Ол өзінің заңсыз әрекеттерін бүркемелеу үшін былтыр 21 қыркүйекте  кәсіпкерден қарыз алу келісімшартын жасасқан. Яғни, құжат жүзінде ақша шенеунікке қарызға берілген.  Мұны заңдастырылған сыбайластық дейсіз бе, әлде рәсімделген жемқорлық дейсіз бе, оны өзіңіз біліңіз.

Алайда әкім жарықтық  кәсіпкерге берген уәдесінде тұрмаған ғой. Дайындап беремін деген құжаттарын бермей, созбалаңға салған. Осы кездері оның кәсіпкермен арада  ұялы телефон арқылы хат алмасулар болған. Кәсіпкер әкімге ақшаны алғанымен уәденің орындалмағанын жазған. Ал, әкім «уайымдамаңыз, бәрі дұрыс болады», «келесі аптада бітеді», «түс қайта жауабын беремін»,  деген сияқты жалтарма жауаптарды жолдаған. Ақыры аяғында шыдамы таусылған кәсіпкер осы жөнінде антикорға барып арызданған. Арызында ол ауыл әкімі М. Беріковтің қонақ үйдің орналасқан көлемі 0,02025  га жер телімін заңдастарып беремін деп алдап, өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, сеніміме кіріп  2 000 000  теңге ақшасын алғанын, алайда, осы уақытқа дейін не жер телімінің құжаттарын, не алған ақшаны қайтарып берместен қашып жүргенін көрсеткен. Антикор дереу тексеру жұмыстарын бастаған. Алайда соңында М. Беріковтің әрекетінде қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық белгілері орын алмаған деген қорытындымен мәселесін Әдеп кеңесіне жолдаған.

Расында да қайдағы қылмыстық іс?! Беріков кәсіпкерден ақшаны қарызға алды  емес пе? Осы жөнінде қарыз алу келісімшартын түзді емес пе? Ол өзінің жазған түсініктемесінде кәсіпкерден  2 000 000 теңгені отбасылық жағдайға байланысты алып, биыл 17 ақпанда қарызынан  кешіктіріп болса да толық құтылғанын көрсетіпті. Кеңес отырысында М.Беріковке қызметіне толық сәйкес емес ескерту жазасын беру ұсынылды. Айтпақшы, ауыл әкімі бұл қызметке сайланған екен. Мерзімі келесі жылы аяқталатын көрінеді. Мұндай жазамен енді оның қайта сайлануы екіталай-ау.

Ауыл әкімінің тірлігін заңдық тұрғыдан ақтауға болатын шығар, ал адамгершілік тұрғыдан ақтауға бола ма? Қасиетті орында, Алладан медет тілеп келген зияратшыларға қызмет көрсетіп отырған кәсіпкерден ақша алып, уәдесінде тұрмай қашып кету ақылға сия ма?

Әкімнің әулиенің киесінен де қорықпағаны ма?

 


Ағыбаевтың да түбіне отставка жетпесе деңіз...
Шымкентте оқушылар автобуста тегін жүреді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу