60 миллион теңге пара... Немесе Шымкентте әкім орынбасары не үшін сотталды?

Oinet.kz 18-04-2024 427

65d56f4c67cd2024146826.jpeg

 Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары 60 миллион теңге  пара алды деген айып бойынша кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы біз «Рейтинг» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде жазған едік. Уәде еткеніміздей, қылмыстық іске кеңірек тоқтала кеткенді жөн санап отырмыз. Сонымен, әкім орынбасары параны не  үшін алған?

Шымкент қаласында аудан әкімі орынбасарының аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен ұсталғанын, осыдан бір жыл бұрын, былтыр сәуірде Антикордың Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлаған еді.

«Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қалалық аудан әкімінің орынбасары мен әкімдіктің бас маманына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Олар адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы мегаполисті абаттандыру жөніндегі мемлекеттік сатып алу келісімшартын орындау кезінде кәсіпкерден қамқорлығы үшін 60 млн теңге мөлшерінде пара алды деп күдіктелуде»,– делінген болатын жазбада.

Айта кетері, Шымкентте шенеуніктің дәл мұндай ірі көлемде парамен ұсталуы бұрын-соңды болған емес. Мегаполисте параның рекордын қарапайым аудан әкімінің орынбасары жаңартады деп кім ойлаған десеңізші?! Шымкенттік шенеуніктердің «әпетитеті» сұмдық.

Сот үкіміне қарағанда, сотталушы Ерік Тіленшин Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары қызметіне 2013 жылы тағайындалған екен. Яғни ол бұл лауазымды бақандай 10 жыл бойы атқарып келген. Парамен ұсталған соң антикордың қызметкерлері әкім орынбасарының соңғы бір-екі жылдағы жұмыстарын түгелдей қопарғанға ұқсайды. Нәтижесінде ақша жеудің біраз фактілері анықталған.

2022 жылы Е.Тіленшин Еңбекші ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас маманы А. Балкыбеков және оның танысы А. Манат үшеуі сыбайласып, қаржы жымқырған. Дәлірегі олар А.Манаттың танысының атынан серіктестік ашады. Серіктестікпен аудан аумағында орналасқан мазараттарды тазалау жұмыстарын атқару бойынша 6 070 500 теңгеге келісімшарт жасасады. Шын мәнінде ешқандай да тазалау жұмыстары жүргізілмеген. Қос шенеунік жалған актілер түзіп, ақшаны алдымен серіктестіктің шотына лақтырады, бұдан кейін оны Тіленшин, Балқыбеков, Манат үшеуі бөліп алған.

2023 жылы олар Манаттың танысы арқылы тағы бір серіктестік ашып, мазараттарды тазалау бойынша әкімдікпен 12 миллион 700 мың теңгеге келісім жасайды. Шын мәнінде ешқандай жұмыстар атқарылмаған. Ақшаны криминалды үштік өзара бөліске салған.

Енді қылмыстық істің ең маңызды эпизоды – аса ірі көлемде пара алу фактісіне тоқталайық. Сот барысында Тіленшиннің өзі тағылған айыптардың ешқайсысын мойындамаған. Ал Балқыбеков пара алу фактісін растаған.  Оның айтуы бойынша оқиғаның барысы былайша өрбіген:

 2023 жылы әлдебір серіктестік  әкімдікпен 316 миллион теңгеге мемлекеттік тапсырыс алады. Былтыр 20 наурызда Тіленшин Балқыбековке Шымкент қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік сатып алу басқармасымен Еңбекші ауданындағы аулаларды абаттандыру бойынша жарияланған конкурстың жеңімпазы болып «Maverіkc» ЖШС-ы танылғанын, алайда бұл серіктестіктің 20 пайыздық банктік кепілдік (антидемпинг) төлеуі бойынша проблемалары бар екенін, аталған серіктестіктің директорына келісімшартта көрсетілген соманың 20 пайызын берсе, барлық мәселесін шешіп беретінін жеткізуді тапсырған. Әкім орынбасары параны өзінің сыныптасы арқылы алатынын да ескерткен. Алғашқыда Балқыбеков бұл ұсыныстан бас тартқан. Арада бір апта өткенде Тіленшин оны үйіне іздеп келіп, тапсырманың не болғанын сұрайды. Бас маман заңға қайшы тірлікке бара алмайтынын айтқан. Тіленшин «онда сенің орныңа басқа адам іздеу керек болды ғой» депті. Балқыбековтің айтуынша, ол жұмыстан айырылып қалатынын түсінген соң амал жоқ, тәуекелге барған.

Балқыбеков алдымен серіктестік басшысымен әкімшілікте жолығып, Тіленшиннің сәлемдемесін жеткізген. Директор  әріптестерімен ақылдасатынын айтып, кетіп қалады. Қысқасы не керек, кәсіпкер кейінірек ақшаны беруге келісімін берген. Ақша берілген соң Тіленшин орындалған жұмыс актілеріне ешқандай кедергісіз қол қойылып, қаржыларды уақытылы аударып отыратынын айтқан. Жоспар бойынша пара әкім орынбасарының сыныптасы арқылы берілетін болған. Алайда белгісіз себептерге байланысты бұл жоспар іске аспай қалады. 7 сәуірде Балқыбеков кәсіпкермен Қонаев даңғылының бойындағы тұрғын үй кешендерінң бірінде жолығады. 60 миллион теңгені алу барысында ол антикордың қызметкерлеріне ұсталған. Одан кейінгі сценарий айтпаса да түсінікті ғой.

Сот үкімімен Е.Тіленшин –11 жылға, А.Балқыбеков –10 жылға, ал А.Манат –3 жылға бас бостандығына айыру жазасына кесілді. Үкім әлі күшіне енген жоқ.

60 миллион теңге парада тағы кімдердің үлесі бар? Жіптің ұшы аудан әкімінің орынбасарымен аяқталады дегенге сенуге бола ма? Бұл ақшаның арғы жағында одан да жоғары лауазымды шенеуніктердің болуы әбден мүмкін.

Үкім күшіне енген соң Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек отставкіге арыз беруге міндетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ешкімді аямайтын Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков оның арызын қабыл алатын сияқты.


«Рейтинг» газеті, 17 сәуір 2024 жыл.


Нұрсұлтан Назарбаев қоры мәлімдеме жасады
Шымкентте өнеркәсіп өнімдері 4,3 пайызға көбейген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу