Шымкентте Сейітжан қари Есжанұлы атындағы мешіт ашылды

Oinet.kz 24-05-2024 445

 Снимок экрана 2023-09-04 031008.png

Шымкентте көптен күткен Үлкен мешіттің ашылуы өтті.  Сейітжан қари Есжанұлы атындағы Үлкен мешіт Шымкент қаласының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан.

Мешіт ғимаратында бір мезгілде 12 мыңға жуық адам намаз оқи алады, ал кіреберіс алаң 10 мың адамға арналған. Қолайсыз ауа-райынан қорғану үшін автоматты түрде ашылатын қолшатырлар жүйесі де қарастырылған. Мешіт ұлттық нақышпен үйлестіріле отырып, классикалық ислам стилінде безендірілген.   

 Мешіт кешенінде ислам тарихының мұражайы, әйелдерге арналған оқу орны, медресе, кітап оқитын залы бар кітапханалар орналасқан.  Сонымен қатар әкімшілік бөлмелер, телеорталық, фитнес орталық пен  асхана да қарастырылған. 736 орынға арналған жерасты паркингі де жұмыс істеп тұр. Мешіттің айналасында жасыл бақтар мен саябақ аллеялары орналасқан. Көгалдандырудың жалпы аумағы — 4 гектар.

Мешіт құрылысының идеясын ұсынушы «САУТС-ОЙЛ» компаниясының басшысы Серікжан Сейітжанұлы өзінің бастамасы туралы былай дейді:

— Қаламыздың көркем жерлері мен түрлі символдары жетерлік. Бізде Шымкент халқының бейбітшілігі пен қонақжайлығының, рухани байлығы мен мейірімділігінің нышаны болатындай тағы да бір айырықша символ жасап шықсақ дедік.   

Сейітжан қари Есжанұлы атындағы Үлкен мешітке Серікжан Сейітжанұлының әкесінің аты берілген.

Сейітжан Есжанұлы Құртаев — әйгілі ұстаз, математика пәнінің мұғалімі, Ұлы Отан соғысының ардагері. Орта Азия мемлекеттік университетінің елімізден шыққан алғашқы түлектерінің бірі. Бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған, кейін мектеп директоры болып қызмет еткен. Жас ұрпақтан білімі мен тәжірибесін аямаған елге айырықша сыйлы болған азамат. Бүгінгі таңда Сейітжан Құртаевтың аты Отырар ауданындағы мектепке де берілген.     

Сейітжан Құртаев жұбайы Бибіхадиша   Сүлеевамен бірге 11 бала тәрбиелеп өсірді. Қазіргі кезде олардың барлығы да ел дамуына елеулі үлес қосып жүр. Білім саласында да еңбектері сіңген.

 Сейітжан қари Есжанұлы атындағы Үлкен мешіт — үлкенге деген шексіз құрметтің белгісі, ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі зор рухани мекен болмақ. Әр мұсылманды құшақ жая қарсы алуға даяр қасиетті мекен Шымкенттегі көркем ғимараттардың бірі ғана емес, қаланың алыстан менмұндалайтын тұмары болары сөзсіз.

 

 


Маусымда төрт өңірде құрғақшылық болады
Олжас Бектенов: Утилизациялық алым төмендемейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу