Денелері тас болып қатып қалған. Алматы облысында бір отбасы уланып қайтыс болды
Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Сарыбастау ауылында бір отбасының төрт мүшесі қаза тапты. Бұл туралы Оinet.kz порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға таулы аймақта мал бағатын отбасының үйінде болған. Туыстарының айтуынша, 31 қаңтар түні отбасы мүшелерімен байланыс үзілген. Бірнеше күн бойы қоңырауларға жауап болмаған соң, 2 ақпан күні кешкі сағат бестер шамасында туыстары іздеп барған.
Үйге кірген кезде ерлі-зайыптының төсекте жатқан күйінде, ал 70 жастағы ер адамның ішкі бөлмеде құлап қалғаны анықталған. Екі жасар бала арбасында отырған күйі табылған. Барлығының денесі тас болып қатып қалған.
Қаза тапқандар – 47 жастағы ер адам, оның жұбайы мен екі жасар баласы, сондай-ақ марқұмның 70 жастағы ағасы. Туыстары малдың қорада қамаулы тұрғанын да атап өтті.
Алдын ала болжам бойынша, отбасы пештен шыққан түтіннен улануы мүмкін. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Марқұмдар бүгін жер қойнына тапсырылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті оқиғаға қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.


