Атышулы Эпштейн ісіне қатысты Қазақстанда тексерулер жүргізіле ме?
Дәл қазір әлем саясаткерлерін Иран, Украина, Венесуэлладағы жағдайдан гөрі атышулы Эпштейін ісі көбірек толғандырып отырғаны анық. Әлемді дүр сілкіндірген қаржыгер, педофил әрі сутенердің ісі төңірегінде сәт сайын жаңа фактілер белгілі болып отыр. Бұған АҚШ Әділет министрлігінің 3,5 миллионға жуық құпия файлдарды жариялауы септігін тигізуде. Жарияланған құжаттардың ішінде фотосуреттер, видеолар және тергеу материалдары бар, деп жазады Оinet.kz тілшісі.

Айталық, Трампқа қатысты 5300 файл анықталған. Ол құжаттарда Трамп пен оның отбасына қатысты адамдардың аттары 38000 рет келтірілген екен. Одан бөлек Билл Клинтон, ханзада Эндрю, Билл Гейтс, Майкл Джексон, тіпті Сауд Арабиясын билеп төстеп отырған Мұхаммед бин Салманның есімдері де айтылып жүр.
Джефри Эпштейнге қатысты атышулы іс бойынша құжаттарда Қазақстан шамамен 400 рет айтылады екен. Бірқатар танымал саясаткерлердің есімдері келтірілді. Олардың қатарында Назарбаевтан бастап Мәсімов, Келімбетов секілді топ-шенеуніктердің есімдері жүр. Әсіресе Эпштейнге жолданған электронды хаттарда экс-премьер-министр әрі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы, Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен сотталған Кәрім Мәсімовтің есімі жиі аталған. Хат авторы Қазақстанда Мәсімовпен көршілес тұрғанын айтып, «Джеффри, менің қасымдағы үйде Қазақстанның премьер-министрі Кәрім Мәсімов тұрады. Сен оны танисың ба?» – деп сұраған екен. Әлбетте, бұл құжаттар аталған адамдардың педофилиямен шұғылданғанына дәлел емес. Әйткенмен, «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» емес пе.
2019 жылы түрмеде асылып өлген Эпштейн сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерге барған деп айыпталған. Оның әлемге танымал саясаткерлер мен медиатұлғаларға сутенерлік қызмет көрсетіп, оның ішінде педофилиямен шұғылданғаны көп елдерде үлкен резонанс тудырды. Қоғамдық пікір тіптен ушығып тұр. АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтон мен оның жұбайы сотқа қатысып, түсінік беруге келісті. Өйтпеген жағдайда экс-президент қамауға алынар еді. Эпштейнге қатысты бұрын және жаңа жарияланған құжаттарда аталғандардың басым бөлігі кінәсін мойындамай, барлық айыптауды жоққа шығарған. Сонау 90-шы жылдарда Эпштейнді мақтап, онымен дос болып жүрген Трамп кейін одан бас тартқанын мәлімдеп үлгерген еді. Соған қарамастан әзірге үш ел – Түркия, Литва мен Польшада тергеу жұмыстарының басталғаны мәлімделді. Бұл тізімдегі елдердің саны алдағы апталарда көбеюі мүмкін.
Бізді толғандырған сұрақ – Эпштейнге қатысты іс бойынша Қазақстанда да тергеу жұмыс тары қолға алынады ма екен? Әлде әдеттегідей іштей тынамыз ба? Қалай дегенмен, Мәсімовтың жазасын қатаңдатудың сәті түсіп тұрғаны түсінікті. Бірақ, ондай жағдайда таяқты жалғыз Мәсімов жемейтін шығар деген де күдігіміз бар.


