Трамп АҚШ Ираннан "өте қомақты сыйлық" алғанын мәлімдеді

Oinet.kz 25-03-2026

Дональд Трамп АҚШ-тың Иранда «дұрыс адамдармен» келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Ақ үйде журналистерге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Оinet.kz.

image.png

Трамптың сөзінше, аталған тұлғалар Вашингтонмен келісімге келуге мүдделі. Оның айтуынша, келіссөздер қазірдің өзінде жүріп жатыр және қарсы тараптың келісімге деген ниеті жоғары.

АҚШ президенті бұл процеске Ақ үй басшысы Джей Ди Вэнс, Марко Рубио және Стив Уиткофф қатысып жатқанын атап өтті. Алайда ол нақты кімдермен келіссөз жүргізіліп жатқанын ашып айтпады. Сонымен қатар Трамп Иранда «жаңа көшбасшылар тобы пайда болғанын» айтып, бұл жағдайды «іс жүзіндегі режим өзгерісі» деп сипаттады.

Оның пікірінше, АҚШ енді қарсы тараптың келесі қадамдарын бақылауы тиіс. Сондай-ақ ол бұл үдерістің «соңына жақындағанын» айтып, тіпті «жеңіс» туралы да сөз қозғады.

"Менің ойымша, біз соңына жақындап қалдық. Нақты айта алмаймын. Біз бұл соғыста жеңіске жеттік", – деді ол.

Трамп бұдан бөлек АҚШ Ираннан «өте қомақты сыйлық» алғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл сыйлық мұнай мен газ саласына, сондай-ақ Ормуз бұғазына қатысты, бірақ ядролық энергетикамен байланысы жоқ.

Алайда АҚШ қорғаныс саласының өкілі Пит Хегсет бұл мәселеге қатысты басқа көзқарас білдіріп, «келіссөздер бомбалар арқылы жүріп жатыр» деп мәлімдеді.

Бұған дейін БАҚ-та Аббас Арагчи мен Стив Уиткофф арасындағы телефон әңгімесі туралы ақпарат тараған. Онда Иран тарапы Вашингтонға жоғары жетекші Моджтаба Хаменеи қақтығысты тез аяқтауды қолдайтынын жеткізгені айтылған.

Ал Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Багаи Тегеранның АҚШ-пен тікелей келіссөз жүргізбегенін, бірақ делдалдар арқылы байланыс орнату жөнінде хабарламалар алғанын мәлімдеді.

Иран АҚШ-пен келіссөздер туралы ақпаратты жоққа шығарды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу