«Асауға тұсау». Атышулылар шетінен абақтыға жабылып жатыр

Oinet.kz 10-10-2019 2079

Screenshot_3.jpg

Фото: "Рейтинг" газеті

Соңғы кездері әлі іргесі ажырамаған қос өңір -Түркістан облысы мен Шымкентте қоғам белсенділерін, өзін блогер, журналист санайтындарды соттау әдетке айнала бастаған сияқты.  Мұның артында биліктің тарапынан берілген тапсырыс жоқ па деген күдіктің қылаң беретіні де рас. Қанша дегенмен әлеуметтік желіде, басқосулар мен жиындарда топтан суырылып шығып, пікірін ашық айтатын белсенділердің түрмеге тоғытылуы қоғам тарапынан ескерусіз, назардан тыс қалмайтындығы айтпаса да түсінікті ғой.

Сондай бір белсенді Мұхтар Мұхамбетжанның ісі қазір облыстық соттың апелляциялық алқасында қаралып жатыр. Алқа алғашқы соттың шығарған үкімін таразылап, өз төрелігін айта жатар. Ал алғашқы соттың  8 жылға бас бостандығынан айыру, 29 миллион теңгені өндіру жөнінде үкім шығарғаны белгілі.  

Осындайда еске түседі, былтыр Мұхтар Мұхамбетжанның парамен ұсталғаны жөніндегі видео әлеуметтік желіні шарлап кетіп, қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Кейіннен ақпарат құралдарына осы жөнінде түсінік берген  Мұхтар Мұхамбетжан Ұлттық бюроның таратқан ақпаратының жалған екендігін, сол үшін  құзырлы органнан кешірім сұрауды талап еткенін мәлімдеген еді... Енді бір жылдан кейін Мұхтар Мұхамбетжанның мүлдем басқа айып бойынша сотталып кететінін ол кезде кім білген дейсің. 

Ауған соғысының ардагері, кезінде облыста, Шымкентте әртүрлі лауазымдық қызметтерді атқарған, сотталғанға дейін Түркістан облыстық әкімдігіне қарасты Қоғамдық келісім мекемесін басқарған Мұхтар Мұхамбетжанның биыл көктемде қамауға алынуы да біраз у-шуға ұласқаны белгілі. Ақыр аяғында тергеушілердің дегені болды. Әдетте қамауға алынған айыпталушы дереу тергеушілермен тіл табысып, кінәсін мойындап, соттан жеңіл жаза алып кетуші еді. Алайда Мұхтар Мұхамбетжан олай еткен жоқ. Ол ақырына дейін кінәсін мойындамады. Сотта да... 

1 тамыз күні әл-Фараби аудандық сотында өткен мәжіліске біз де қатысқан болатынбыз.  Судья Т.Қахаров залға кірген бойда М.Мұхамбетжан мен И.Жақсылыққа қатысты шығарған  үкімнің басы мен аяғын  судыратып, 7-8 минутта оқып шықты. Кінәсін тек ішінара мойындаған Мұхтар Мұхамбетжан 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Бастығының қылмысын мойнына қойып берген бас есепші И.Жақсылыққа да аяушылық болған жоқ. 

Сот оған жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, бірақ артынша жазаны шартты түрге ауыстырды. Осы қылмыстық іс бойынша «Тұрғын үй» ЖШС-іне келтірілген материалдық шығын- 29 миллион теңгені М.Мұхамбетжан төлейтін болды. Сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын естігенде үндемеген экс-басшы 29 миллион теңгенің мойынына ілінгенін естіген кезде мазасызданып кеткендей болды.   

-Мен кеткен ақшаның әр тиынына дейін дәлелдеп бергенмін,- деді М.Мұхамбетжан. Әңгіме барысында дәл сол тұста қызметінен алынған Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың да аты аталды. Бірақ оның бұл іске не қатысының бары түсініксіз күйде қалды.  

Судья: 

-Үкім бойынша ештеңені түсіндірудің қажеті жоқ па? 

Сотталушы: 

-Ұялмайсың ба... мен әрбір тиынды дәлелдеп бердім.  

Осындай диалогтан кейін судья айдауылдарға қарай белгі берді. Залдан шығып бара жатқан М.Мұхамбетжан: - Алланың сотынан қашып құтыла алмайсың, - деді. 

Судья екінші сотталушы «Тұрғын үй» ЖШС-інде бас есепші қызметін атқарған И.Жақсылықтың осы істің ашылуына, дәлірегі сотталушының кінәсін дәлелдеуге көмектескенін атап өтті. Сот оған тіпті рахмет айтқандай болды: 

-Қалай болғанын сіз айттыңыз. Бұған дейін де қаншама істер болды. М.Мұхамбетжан жауапқа тартылмады. Сіз көмек бердіңіз, бірақ өзіңіз де статьяға түстіңіз. 29 миллион теңге шығынды төлейді, заңға сәйкес кім қаражатты алды, сол төлеуі керек. Сіз бір тиын жемей, сотталып отырсыз,-деді. Осы кезде залда тұрған Мұхтар Мұхамбетжанның туысы: 

- Сонда  материалдық жауаптылық қайда қалады?- деген еді, судья:  

- Шығыңыз, сізге кім сөз берді? -деп баж ете қалды.  

Сегіз жылға соттап жіберетіндей Мұхтар Мұхамбетжан не бүлдіріп еді? Үкімге тоқталайық.   

Тергеу, сот барысында анықталған мән - жайларға қарағанда, Мұхтар Мұхамбетжан «Шымкент тұрғын үй» ЖШС-інің директоры лауазымына 2015 жылдың сәуірінде тағайындалған. Аталған мекеме 100 пайыз мемлекеттік саналады. Ол қаладағы  көпқабатты тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізумен айналысқан. М.Мұхамбетжан осы мекеменің басшысы болып жүріп әлдебір танысынан 13 миллион теңге қарыз алған. Үкімде басшының осы қаржыны  мекеменің кірісіне алмастан жеке пайдасына жаратып жібергені жазылған. Сонымен бірге ол қызмет бабын пайдаланып, 2015-2018 жылдар аралығында құрылыс жүргізілген кондоминиум объектілерінен серіктестіктің кассасына түскен қаржыларды бас есепші И.Жақсылықтан алып отырған. Үкімде «өзіне сеніп тапсырылған 29 597 551 теңгені аса ірі мөлшерде иемденіп, талан-таражға салып, жеке бас пайдасының мүддесі үшін жымқырып отырған» деп жазылған. Соттың анықтауынша, М.Мұхамбетжан бірнеше адамға қарыз болған, сол қарыздарымен мекеменің қаржысы арқылы есеп айырысқан көрінеді. Басшы ерте ме, кеш пе осы әрекеттері үшін жауап беретінін білмеген емес, білген.  

Бас есепші бастығына аудиторлық тексеру бойынша жалпы кассаға 33 000 000 теңге жетпей тұр деп айтқанда, М.Мұхамбетжан оған «33 000 000 теңгеге іс құжат бар, барлығы қаржы полициясында, іс құжаттарды қайтарып берген жоқ деп отыра бер» деп кеңес беріпті. Тіпті ақшаның қайда екендігін сұраған тексерушілерге  «есікті бұзып ұрлап кетті деп отыра бер» деген секілді ақыл айтқанға ұқсайды. Іс бойынша  М.Мұхамбетжанның кассадан алған ақшаның көлемі 33 000 000 теңгені құрағаны жазылған. Бірақ қаржылық қитұрқылықтарға қатысты қылмыстарды әшкерелеу қай уақытта да дүдәмал болып қалатыны рас. М.Мұхамбетжанның ісінде де қарама-қайшылықтар бар. Мәселен, әлдебір танысы М.Мұхамбетжанға 13 миллион теңге қарыз бердім дейді. Мұхамбетжан алған қарыздың көлемі 8 миллион теңге екендігін, оның 1 миллионын орынбасарына бергенін, қалған 7 миллионды мекеменің қажеттілігіне жұмсағанын айтады. Ал орынбасары М.Мұхамбетжаннан ешқандай ақша алғаным жоқ дейді. Сонда кімге сенуге болады? Қай сөзде қисын бар? Сот М.Мұхамбетжанның кінәсін куәгерлердің осындай сөздерімен дәлелдеп берген сияқты. Тергеушілер тінту барысында айыпталушының үйінен кіріс-шығыс қаржылары жазылған дәптер табады.  Судья Т.Қахаров жергілікті телеарнадан осы дәптерде М.Мұхамбетжанның үйіне бір жарым жылда 36 миллион теңге кіріс кіргенін, ал сотталушы тараптың бұл кірістің қайдан келгенін дәлелдей алмағанын айтқан болатын. Алайда дәптер дегеніңіз құжат емес қой, оны бұлтартпас дәлел ретінде қарастыруға бола ма? Айтпақшы, сот  М.Мұхамбетжанға 13 миллион теңге қарыз берген жәбірленушіге ақшаны азаматтық тәртіппен өндіріп алу жөнінде кеңес берді. 

P.S.М.Мухамбетжанға қатысты сот отырысы жабық өтті. Себебі оған жыныстық сипаттағы қылмыс жасады деген айып тағылған болатын. Мұндай айыптауға М.Мұхамбетжанның кабинетінде түсірілген видео негізгі дәлел болған сияқты. Алайда сотта жәбірленуші видеодағы адамның М.Мұхамбетжан еместігін айтқан. Нәтижесінде ол бұл бап бойынша толығымен ақталып шықты. Тағы да түсініксіздік. Егер бұл факті бойынша жинақталған дәлелдер негізсіз болса, тергеушілердің оны сотқа өткізгенін немен түсіндіруге болады?  М. Мұхамбетжанды қалайда соттату мақсат болғаны ма? Айтпақшы, соттың осы жыныстық эпизодқа қатысты жеріне Шымкенттегі ИЧ 167/3 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан  тағы бір белсенді Сүйін Абулда куәгер ретінде жауап берген. С.Абулданы былтыр жыл соңында әл-Фараби аудандық соты жалған куәлік берді деген айыптау бойынша  бес жылға бас бостандығынан айырған болатын. Жуырда Оңтүстікте тағы бір белсенді-келестік Амангелді Батырбековке қатысты сот үкімі шықты. Сот оны Қылмыстық кодекстің «жала жабу», «қорлау» баптары бойынша кінәлі деп тауып, 2 жыл 10 айға бас бостандығынан айырды. Сотталушы сот залынан қамауға алынған. Сейсенбіде Батырбековтің қорғаушылары баспасөз мәслихатын өткізіп,  облыстық сотқа апелляциялық арыз берілгенін, бірақ сот отырысына сотталушының өзі қатыстырылмауы мүмкін деген  алаңдаушылықтарын білдірді. Руслан Жанспейісов деген атпен танымал  тағы бір «ұр да жық» белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғалып жатқаны белгілі. Ендігі кезек кімдікі? 

Мұхтар Мұхамбетжанға шығарылған үкім әлі күшіне енген жоқ, облыстық соттың не төрелік айтатыны жуық арада белгілі болады.

Бақытжан Әбдірашұлы,

"Рейтинг" газеті, №39, (540)

Нұр-Сұлтан әкімі: «Қала тұрғындарының 60 пайызға жуығы – кәсіпкерлер»
Митингке баласымен шыққан аналарға 250 мың теңге айыппұл салынады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу