Қазан төңкерісі және тәуелсіз Қазақстан

Oinet.kz 29-11-2017 1636

Биыл күзде ХХ-ғасырдың ең басты саяси оқиғасы – Қазан төңкерісіне 100 жыл толады. Кезінде жер жүзін дүрліктірген бұл топалаңды  бүгінде біреулер төңкеріс, біреулер революция деп екіге бөлініп жүр. Меніңше саяси оқиғаның түрі мен мазмұны төңкеріс те, ал нәтижесінде жүзеге асқан саяси-экономикалық, рухани-идеологиялық, әлеуметтік және бұрын-соңды адамзат өз тыныс-тіршілігінде қолданбаған басқа да қоғамдық үрдістер жиынтығын  революция демесек, басқаша бағалау мүмкін емес сияқты. Оның үстіне қанды-қырғын азамат соғысының барысында қабырғасы қанмен қатайған жаңа билікті  мемлекеттік төңкерістің ғана арқасында өмірге келді деп айтуға келе бермейді.

Screenshot_4.jpg

Бұл мақалада мен аталмыш оқиғаның мазмұны мен тарихи-қоғамдық  маңызына арнайы көңіл бөлуді мақсат тұтқаным жоқ. Бұл тақырып -- зерттеу объектісі ретінде әлемдік тарих ғылымы мен қоғамтануда өз орнын кең ауқымда тапқан бағыттың бірі. Менің мақсатым – соңғы уақыттарда көпшіліктің аузында жүрген кейбір мәселелер тұрғысында ой бөлісу.

Әдетте көпшілік арасында Ұлы Октябрь революциясына(мейлі Октябрь төңкерісі-ақ бола қойсын) негізінен үш түрлі көзқарас кездеседі. Бірі – қолдау, екіншісі – маңызын теріске шығару, үшіншісі – бейтараптық, бәрібір бағытында. Тәуелсіздік кезеңінде туылған азаматтардың некен-саяғынан басқасы бұл тақырыптан мүлде аулақ санада. Десек те, бұған таңқалуға болмайды. Қоғамдағы көзсіз теріске шығару стереотипі, саяси бейқамдық(аполитчность), білімсіздік -- өз дегендерін істетпей қоймайды. Оның үстіне аталмыш тарихи оқиға салдарының( большевиктік биліктің) әр даму кезеңіндегі халыққа жағымдылық және жағымсыздық  дәрежесі де алуан түрлі.

Ол – қандай кезеңдер? Меніңше алғашқысы – жаңа биліктің экспроприация мен реквизициядан басталып, «соғыс коммунизмімен» жалғасып, конфискациямен аяқталған(1928 жыл) бастапқы кезеңі. Онан кейінгісі – индустрияландыру, ұжымдастыру және Ұлы Отан соғысының алдындағы кезең. Үшіншісі – жаппай репрессия мен И.В.Сталиннің қайтыс болуымен аяқталған тұстар. Онан әрі қарайғысы – Н.С.Хрущев тұсындағы бейберекет, аумалы-төкпелі кезең.Одан кейінгілері – Л.И.Брежнев билігі уақытындағы «байқамай өтіп кеткен коммунизм» және стагнация жылдары. Соңғысы -- өткен ғасырдың 80-жылдарының екінші жартысындағы жан-жақты дағдарыс, саяси-идеологиялық шаң-топалаң, еңбекші халықтың ғасырлар бойы аңсаған, күрескен «әділетті еңбек қоғамының» алғашқы әлемдік экспериментінің күйреуі. 

Осы аталған тарихи кезеңдердің жаңа тәртіп, жаңа заман әкелген бастапқысының өзі-ақ қазаққа жақсылық әкеле қойған жоқ. Азамат соғысы, шет жаққа ауу, ақтардың да, қызылдардың да, казактардың да озбырлығы. Ауыр тұрмыстың тауқыметі қара қазақ санының азаю тенденциясын онан әрі күшейте түсті. 1926 жылғы халық санағы қандастарымыздың саны өткен санақтан(1896 ж.) кейін жылдан жылға азая бастағанын көрсетті. Реквизиция(ешқандай себепсіз-ақ керегін тартып алу), экспроприация(өндіріс меншіктерін мемлекет пайдасына алып қою) малдан басқа мүлкі, меншігі жоқтың қасы қазаққа айтарлықтай тікелей тие қоймағанымен,--алда кәмпіс(конфискация) тауқыметі тұрған еді.

Патша заманымен салыстырғанда осы кезеңде қазақ үшін тіршілікте  біршама болса да,оң өзгеріс орын алды ма? Әрине. Әсіресе әлеуметтік-психологиялық тұрғыда. Бір жағынан, кедейлер билігі, езілуші таптың саясаты деп ұран салып, тақырдың құлағын көтеру, екінші жағынан, құлақ-шұнақ деп барларға қысым көрсету арқылы өкімет барды да, жоқты да болашақтағы ұжымдық өндіріс тәсіліне дайындай бастады. Алдағы жақындай түскен зұлматты сезбесе де «құл-құтанның» еңсесі көтеріліп, оларға болашағымыз баянды болатын шығар деген сенім ұялай бастады.

Алғашқы кезеңнің ең ұтымды нәтижесі болып, қызыл империяның саяси картасында бабаларымыз көптен бері жоғалтқан ұлттық мемлекетіміздің нышаны, алашордашылардың патша империясы арқылы да, уақытша үкімет арқылы да  қол жеткізе алмаған Қазақ автономиясының пайда болуы табылады.Бұл жерде бүгінде «патриоттарымыздың» ойланбай, түбін түсіре жамандауының нәтижесінде жексұрынға айналып, ұмыт бола бастаған В.И.Лениннің ролін айтпай кеткен үлкен тарихи қысастық болар еді. Большевиктік биліктің төңірегінде топтасқан шовинистер мен масондардың қатты қарсылығын тойтара отырып, бұл кісі жеке беделінің арқасында Қазақ автономиялық советтік социалистік республикасының өмірге келуіне бірден-бір себепкер болды. Мемлекеттіліктің арқасында әкімшілік шекара, республикалық партия, мемлекеттік және үкіметтік органдар пайда болды. Көп жағдайда формалдық мазмұнның лебі есіліп тұрса да, жергілікті ұлт өкілдері мен келімсектердің құқықтық теңдігі мойындалды. Ғасырларды артқа тастап, заманы өтіп, өлімші күйге енген дәстүрлі-феодалдық ел басқару үрдістері мен үдерістері мәңгілік тарих қойнауына кетті. Экономикасы мыңдаған(!) жылдардың тұңғиығынан, экстенсивті, көшпенді мал шаруашылығынан шыға алмай, сондықтан да  психологиялық келбеті мен сана-сезімі тасқамал консервациядан тек революциялық қопарылыс арқылы ғана шыға алатын жағдайға енген қазақ үшін бұл тарихи сый іспетті еді.

Қазіргі кездегі кейбір біздің «перманентті сыншыларымыз» қанша жерден большевиктік басшыларды ұрда жық, тоң мойын, келте ой етіп көрсетуге тырысқаныменен олар кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарынан-ақ түпкі мақсатқа қол жеткізудің сара жолдарының бірі білімде екенін де жақсы түсінді. Мысал ретінде айтсақ, біздің облыстың өзінде саяси-экономикалық жағдай мәз еместігіне қарамай, 1920 жылы бірінші болып педагогикалық техникум ашылды. Шаруашылықтың негізі аграрлық сала болған соң, 1924 жылы осы уақытқа дейін колледж түрінде сақталған Мақтарал совхоз-техникумы пайда болды. Аталмыш кезеңнің соңына таман – 1928 жылы – елімізде жоғары оқу орындары да ашыла бастады. 

Халқымыздың барлық қоғамдық салаларда басын біріктіретін орталықтың – ел астанасының -- пайда болуы, осыған байланысты алғашқы мәдени ошақтардың құрыла бастауы және басқа да ел өміріне жаңа, заман талабына сәйкес тіршілік нәрінің ене бастауы -- осы кеңестік биліктің алғашқы кезеңінің жемісі. Жоғарыда контуры ғана айтылған игі әлеуметтік өзгерістер қазақ жерінде ақ патшаның билігі жалғасқан жағдайда болуы мүмкін емес еді. Ресейде дені шовинизмен жаралған буржуазиялық билік(уақытша үкімет) ұзағынан орын тепкен жағдайда да жақын онжылдықтарда аталған оң өзгерістердің жүзеге асуы екіталай еді. Ал, баяғы өзіміздің хандарымыз бен билеріміз, молдаларымыз бен қожаларымыз билігін жалғастыра бергенде, мұндай өркениеттікке ұмтылыстың исі де шықпас еді. 

Жаппай конфискациядан басталып, бұрын болып көрмеген аштықпен жалғасып, арты репрессиямен аяқталған екінші кезең ең алдымен қазақты саналы түрде қыру, геноцидке ұшыратумен тарихта қалды. 1928 жылы басталған «бай-құлақтардың» малын тартып алу – болашақ зұлматтың алғашқы әрекеті еді. Негізінен босқа қырылған малдан метрополия да, жергілікті билік те бүйрегі томпаятындай пайда таба алған жоқ. «Кәмпістің» логикалық жалғасы іспеттес онан кейінгі қалған малды ұжымдастыру, олардың иелерін ұжымдастыру, ұжым шаруашылығын ұйымдастырудағы жіберілген қателіктер, бассыздықтар, жауапсыздықтар қазақ халқы үшін кезіндегі «Ақтабан шұбырындыдан» асып кетпесе, кем емес қаралы қайғымен біте қайнасқан зұлматқа алып келді. Бұл – еш уақытта, еш заманда естен шығаруға да, кейінгі ұрпаққа кешіруге де болмайтын қасірет. «Ақтабан шұбырындының» авторлары сәл кейін жер бетінен түгелге жуық жойылып кетті... Ал, ұжымшарлар ұйымдастыру барысындағы геноцит авторларының кейіннен атылғаны(Голощекин, Мирзоян, Құрамысов, тағы с.с.) көңілді көншіте қояр ма екен?! Сонымен қатар бұл зұлмат -- адамзат Томас Мордан, Тамазо Кампанеллодан бастап, басқа да көптеген ойшылдар, гуманистер армандаған еңбек адамының әлеуметтік бостандығы идеяларын сөз жүзінде Ту етіп көтеріп, іс жүзінде масқаралау екенін де бүгінде кәрі тарих біледі.

Бірінші дүниежүзілік соғыста бірі біріне қарсы соғысқан, оның нәтижесінде жан жақты дағдарысты бастан кешіп, халқы кедейленген екі ел – бұрынғы Ресей(СССР) мен Германия – айтылмыш кезеңде жанұшыра келесі соғыстың дайындығына кіріскен болатын. Екеуі де репрессияны, азаптау лагерлерін, күмәнданғандарды айуандықпен жазалауды негізгі құралдардың бірі ретінде пайдаланды. Халқы сауатты, тәртіпті, техника жетістіктерін пайдалануға бейімді, билері айлакер фашистік Германия А.Гитлер билікке келген 5-6 жылда-ақ бүткіл Европаны, қала берді бар әлемді бағындыруға дайынбыз деп айбаттанды. Ал, кеңестер елі ше? Фашистер билікке келгеннен екі жыл бұрын-ақ( 1931 жылдан),  Жапония Манчжурияны басып алып, шекараға етене жақындағаннан кезден бастап дайындықты қолға алған болатын.Аз ғана тарихи мерзімде экономиканы бұрын-соңды адамзат тәжірибесінде болмаған социалистік жолмен қайта құру, шетел инвестициясынсыз индустрияландыру, ауыл шарушылығын жаңа, ортақ негізде құру, қараңғы халықты білімге тарту, олардан мамандар даярлау, құлдық санасы терең сіңген қалың жұртты мәдениетке, идеологияға тарту арқылы олардан азамат қалыптастыру мақсаты тұрды. Осы биіктіктерді осынау бір тұтам мезгілде алу - темірдей тәртіпсіз, таудай талапсыз мүмкін бе еді? Қазірдің өзінде, көзге анық көрініп тұрған мәселенің өзінде келіспеушілік, сыни көзқарас білдіргендерге «зиялылар», сарай ақындығынан үміткерлер «оппозиция», «жау», «көре алмаушы», «іші ашушы» деген «айдарды» қиналмай, қуана таға салады. Ал, өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы әлеуметтік ортада надан «патриот», топас басшы, қараңғы қосшы, шолақ белсенді ондайды қалай қабылдады?! Жауабы белгілі... Қатаң тәртіп керек-ақ! Десекте, адамгершілік қасиетті таптау керек пе еді?..

Қалай десеңіз де, Ұлы Отан соғысына дейінгі қысқа мерзімде мыңжылдықтар тұңғиығында мүлгіген қазақ көзін аша бастады. Қоғамдық еңбек тіршілігіне тартыла бастап, тарих тәлкегімен жоқ боп кетпеген халықтардың әлемдік көшінің соңына бодан түрінде болсақ да, әйтеуір, іліндік. Кеңестік тарихымыздың жаңа кезеңін бастадық. Балаларды жаппай оқуға тарту, кәсіби өнер иелерінің шеберлігін тамашалау, мамандық игеруге бет бұру, саяси және мемлекеттік қызметтер мен марапаттарға жол ашылу мүмкіндігі пайда болды. Отан соғысына қатысып, одан елге тірі қайтқан азаматтарымыздың рухы, менталитеті, санасы, өмір туралы түсінігі түбегейлі биіктеп, өзгерді. Өткендегі қараңғы қазақтың бейшара образы негізінен мәңгілік құрдымға кеткендей болды. 

Өткенде телеэкраннан түр-түрпатына қарағанда «райкомның» уақтында да, нарық гүлденгенде де жағдайы жаман болмаған, жасы «пайғамбар жасынан» әлдеқайда үлкен болса да, беті титтей де әжімнен ада, жылтыр томпақ бір ақсақалдың «жетпіс жылдың нәтижесінде енді болмағанда құрып кетер едік» деп айбаттана айтқан «дуалы» сөзін есітіп қалдым. Мұндай «көрегендікті»  бұрын басқалардан да талай есітіп, оқып жүруші едік.Тек бұл жолы ойға еріксізмынандай абстракциялық сұрақ келді: Мейлі, қазақ тарихында аталмыш «қарғыс атқан кеңестік 70 жыл» болмады дейік. Демек, большевиктік төңкеріс те орын алмады, немесе, азамат соғысында қызылдар жеңілді. Осындай жағдайда Романовтар династиясы патшалығын жалғастырар еді, не «Уақытша үкімет» сияқты негізінен масондардан(еврейлерден) құрылған шетел капиталына қызмет етуші буржуазиялық, шовинистік билік салтанат құрар еді. Сонда қазақ не мәз табар еді? Елі де жоқ(ел – Ресей, орыстардіке), жері де жоқ(жер – орыс тәжініке, Ресей мемлекетініке), ұлт -  қараңғы, надан, кәсіби біліктіліксіз. Сол уақытқа дейінгі жабайы, еркін бәсекедегі капитализм заманының өзінде біртіндеп құрдымға сырғыған «туземецтер» тап осы кездерде қарқын ала бастаған, алып мемлекет қорғап, реттеп, мүддесін Ту етіп көтерген монополистік, кейіннен нарықтық тәртіпте шаруасын гүлдендіріп, жер бетіне трансұлттық компанияларын жайлатқан мезгілде не істер еді?? Көп болса этносқа айналып, немесе, тіпті, абориген кейпін киіп кетер еді. «Құрып кетуге сәл-ақ қалу емес», нағыз «құрып кету» сонда болар еді!!! 

Өткен ғасырдың 50-ші жылдарының басында, дәлірек айтсақ 1953 жылдың 5-ші наурызында сол кездегі әлемдегі ең ірі саяси тұлғаның тұлғасы Иосиф Виссарионович СТАЛИН өмірден озды. Советтер Одағының, қала берсе Қазақстанның ғана емес, бүткіл әлемнің тіршілігінде жаңа кезең басталды. Бір жағынан,аққан қанға толы, трагедияға толы тағдырлар мен өзендей аққан көзжасқа толы, екінші жағынан, ерлікке, жетістікке, түбегейлі өзгеріске, көзсіз сенімге толы ұзақ кезең артта қалды. Бүгінде бұл тұлғаға берген тарих бағасы, оның ішінде қазақ берген бағасы да екі түрлі болып тұр. Бірі - теріс, бірі – оң, бірі – пәс те, бірі – шоң сияқты болып тұр. Мұндай ашық қарама-қайшылықтың толық негізі бар. Себебі, бұл әлемдік масштабтағы мемлекеттік қайраткердің өмірі мен саяси тыныс-тіршілігінің өзі қарама-қайшылыққа толы.

Егер сіз: И.Сталин өркениетті адамзат бұрыннан айтып жүргендей «аяғына шүбірек(лапти) киген соқалы Ресейді атом бомбасына жеткізді» деген салыстырманы мойындасаңыз;

Бірінші дүниежүзілік соғыстан соң қоғамдық жүйесі іріп-шіріп, шаруашылығының тоз-тозы шыққан империяны сақтап қана қалмай, оны әскери күш-қуаты, қорғаныс қабілеті тұрғысында әлемдегі екінің біріне айналдырғанын мойындасаңыз; 

Өте күрделі халықаралық жағдайда, қаржы-инвестициялық әлеуеттің, кадрлармен, өндірістік жабдықтармен қамтамасыз етудің өте төмендігі жағдайында индустрияландыру, ауыл шаруашылығын бұрын-соңды ешкім есітіп көрмеген ұжымдастыру үдерістері арқылы азаматтарға жұмыс орны, мемлекетке экономикалық тыныс-тіршілік ұйымдастырғанын мойындасаңыз;

Екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде бүткіл әлемді басып алудан дәмелі фашистік Германия мен оның адамзаттың өздеріне тиісті деген бөлігін құлына айналдыруды армандаған одақтастарын талқандауда шешуші роль атқарып, құрамында қазақ та бар Совет Одағының тәуелсіз болашағын сақтап қалғанын мойындасаңыз; 

В.И.Ленин берген автономиялық құрылымды Одақтық республика статусымен қайта құрып, нәтижесінде сол ғасырдың аяғында, Кеңес елі тараған тұста аман-есен, ешқандай атыс-тартыссыз тәуелсіздігімізді алдық. Егер автономия күйінде қала бергенімізде қазіргі Ресейдің құрамындағы автономиялық құрылымдардың тағдыры көрсеткендей тәуелсіздік көзден бұлбұл ұшар еді. 90-шы жылдардағы шешен көтерілісі көрсеткендей, үлкен империяның(СССР-дің) мирасқоры кіші империяның(Ресейдің) қоластындағы автономия атаулыны қырып жіберуге бар, бірақ ешқандай жағдайда жібермейтіні белгілі. Бұл тарихи факт кезінде автономия берген Лениннің, соның арқасында одақтас республика статусын берген Сталинің, осының арқасында бейбіт жолмен ТӘУЕЛСІЗДІККЕ қол жеткізгенімізді мойындасаңыз, онда бұл грузиннің ұлы азаматына есіңізге түскенде алғысыңызды айта бересіз. 

Егер сіз: И.Сталинді өткен ғасырдың 20-шы жылдарының аяғындағы «кәмпіс»драмасына толық кінәлі деп есептесеңіз;

30-шы жылдардың басындағы қазақтың жартысы аштан қырылған зұлматқа толық кінәлі деп есептесеңыз;

30-шы жылдардың екінші жартысындағы қазақтың қаймағын репрессиялап, атып-асып, азаптап итжеккен мен лагерьлерге айдалған трагедиясына толық кінәлі деп есептесеңіз;

Ұлы Отан соғысының алдындағы және бастапқы кезіндегі ірі-ірі стратегиялық қателер жіберіп, нәтижесінде Қызыл Армияның миллиондаған солдаттары мен офицерлерін қоршауға және тұтқынға түсіріп, концлагерлерде қырылғанына, сондықтанда олардың орнына Отан қорғауға әскери дайындығы төмен азаматтарды, тіпті қару ұстап көрмеген өрімдей жастарды бораған жау оғына қарсы қою арқылы көптеп қырылуына толық кінәлі деп есептесеңіз(шайқастар барысында жеңілген немістен 3,3 млн. ал жеңген советтен 12,5 млн. әскер өлім құшты), онда Сталин есіңізге түскенде қалай теріс бағаласаңыз да өз ықтиярыңыз.

Біздің келтіріп отырған аргументтеріміз - менің пікірімше ең басты-бастылары деген ой-түйін. Жалғастыра берсе оң мазмұндағы да, теріс мазмұндағы да фактыларды көптеп жалғастыра беруге әбден болады. Қалай болғанда да кезінде біздің бір атақты атамыз жырлағандай «күнсіздерге күн болған, жер жүзіне нұр болған», аты тарихымызда мәңгілік қалған И.В.Сталинның билік дәуірінің нәтижесінде әлем бір полярлы ықпалдан екі полярлыға айналды. Түсі қанша жерден «қызыл» болғанымен, ұлтымыз бодан болғанымен құрамында Қазақстан бар алып империя сақталды. «Құрып кету проблемасы» айналып өтті.

Жетістік пен кемшіліктің, оң мен теріс тіршіліктің симбиозына айналған саясат Сталиндік дәуірден кейін де жалғаса берді. Жалпы қоғам сөзсіз мойындаған көсем өмірден озғаннан соң Компартияның басшылығына қол жеткізген Никита Хрущев ә дегеннен-ақ жеке-дара билік орнатуға ұмтылды. Өзінен қабілеті де, еңбегі де әлдеқайда жоғары, осыған байланысты беделі де жоғары, тіке сөйлетін қарт Қапқаздың ұлы болуына байланысты жауы да көп Л.Берия алғашқы нысанасы болды. Осындай саяси тұлғаны есебін тауып қызметтен ғана аластату өз билігіне деген қауіпті сейілтпейтін еді. Сол себепті «ағылшын шпионы» деп ешқандай дәлелсіз айыпталып, атылып кетті. 

Бериядан құтылып, оның сенімді серіктерінің бірін қызметтен, бірін саясаттан, біреулерін, типті тіршіліктен аластатқаннан кейінгі нысана Министрлер Кеңесінің Төрағасы Г. Маленков болды. Сол кездегі билеу үрдісі байынша жеке-дара билікке партия лидері үкімет басшысы лауазымын қосып алмаса жете алмайтын еді. Оның үстіне Маленковтың шаруашылық басқару қабілеті Хрущевтан әлдеқайда жоғары болатын. Сондықтан «классикалық әдіспен» алдымен үкімет басшылығына қабілеті төмен, әрі сол кездегі «команданың» мүшесі Булганинді итермелеп, кейін оның кемшіліктерін сынап, жамандап, қызметін өзіне алу арқылы дегеніне жетті. Берияны қызметінен аластатып, соттатып, атқызуға ат салысқан ірі мемлекеттік тұлғалардың өздерін «антипартиялық топ» деп айыптап, қызметінен қуды. 

Саяси және мемлекеттік билікті қатар алып, көсемдікке ұмтылып, кеудесін «Алтын жұлдыздарға» толтырған Никита Сергеевич билігінің соңына дейін барлық салаларда қателіктен қателікке бой ұрып, көзі тірісінде қолына су құйып, өзін «ұстазымызсыз» деп жағымпазданғандардың қолымен биліктен айырылды.

Сонымен 1953 басталып, 1964 жылмен аяқталған, тарихта «Хрущев жылымығы» деген атпан қалған кезең ел халқына, оның ішінде қазаққа не берді? Ең алдымен репрессиялар, ұнамағанның, қауіп күткеннің бәрін атып-асу, азап лагерьлеріне айдау тоқтады. Жеке басқа табыну үрдісі әшкереленіп, орнына жағымпаздық, іштей жек көре тұра сырттай жалбақтау басталды. 

Миллиондаған азаматтар лагерлерден, басқа да жазалау орындарынан босанып, жанұяларымен қауышты. Туған аймақтарынан, өз ұлыстарынан еріксіз көшірілгендер кері қайтуға мүмкіндік алды. Соғыста тұтқынға түскендер, қоршауда болғандар, жау тылында қалып кеткендерді қайта қудалау тоқтатыла бастады. 

Біртіндеп ел тойына бастады. Баспана мәселесі аздап болса да, алға жылжи бастады. Киім-кешекпен, үй жихаздарымен қамтамасыз ету жақсарды. Жеке адамдарға автомобиль алуға құқық берілді.

Білім-ғылым саласына көңіл бөлу алға жылжыды. Жалпыға бірдей міндетті жетіжылдық білім жүйесі енгізілді.50-жылдардың аяғына таман Қазақстанда бұрынғы Мәдениет министрлігінен жеке Оқу министрлігі және жоғары және арнаулы орта білім Комитеті бөлініп шықты. Осындай шаралар республикамызда білімнің, ғылымның, мәдениеттің әрі қарай дамуына игі әсерін тигізді. 

Бұл аталмыш кезең өткендегідей  қайғы-қасіретке толы болмаса да, «құрып кетуге сәл-ақ қалғандай» әсерге толы болды. Сталин заманында ұзақ уақыт республиканың бірінші басшысы болған алғашқы ұлттық кадр – Жұмабай Шаяхметов – орнынан алынып, елімізді «орталықтан жіберілген ортеке» бастықтар қаптап кетті. Нәтижесінде орыстандыру үдерісі шексіз күшейіп кетті. Шаяхметовке тағылған айып – кадр саясатындағы ұлтшылдық. Ұлтшылдық па, жоқ, әлде, патриотизм бе? Кімге қалай? Мәні белгілі. 

Тың жерлерді игеру ісі асығыс, арнайы дайындықсыз, орталықтың мүддесі ғана мақсат тұтылып, жергілікті халықтың, Одақтас республиканың пікірі іс жүзінде есепке алынбай басталып кетті. Метрополиядан игерушілір көптеп еспубликаәкелінуіне байланысты тұрғындар құрылымында қазақ этносының меншікті салмағы 30 пайыздан да төмендеп кетті. Қазақ мектептері көптеп жабылып, ұлттық тілде оқитындардың саны күрт азайып, жастар арасында мәңгүрттену үдерісі белең ала бастады.

Хрущев билігінің соңғы жылдары Қазақстанның төл территориясын бөлшектеп, ауқымды бөлігін басқа республикаларға беріп жіберу әрекеті орын алды. Солтүстіктегі бес облысты – Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Көкшетау, Ақмола, Павлодар – Ресейге қосу идеясы Никита Сергеевичтің жадынан күндіз-түні кетпеді. Мұндай жағдайда Оңтүстік Қазақстанның едеуір бөлігі мен Маңғыстау Өзбекстан мен Түрікменстанның иегін қышытты. Алматы облысында Ұйғыр автономиясын құру идеясы 60-шы жылдардың басындағы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы, ұлты ұйғыр И.Юсуповтың түнде түсіне, күндіз өңіне кірумен болды. Никита Хрущев билігінің соңғы жылдары шынымен-ақ қазақ елі «құрудың сәл ғана алдында» тұрған сияқтанды. ХХ-шы ғасырда өмір сүрген қазақтың ең асыл азаматтарының бірі Жұмабек Ташеновтың және оны қолдаған топтың батыл да білікті қарсылығы арқасында, мәселе Біріккен Ұлттар Ұйымына дейін, ұлттар мүддесін қорғайтын Халықаралық сотқа жететін болған соң ғана тоқтатылды. Соның өзінде аяғын соңғы рет сермеген өлетін қойдай Оңтүстіктің үш мақталы ауданын аз уақытқа созылса да Өзбекстанға беріп үлгерді. Оның алдында – 1956 жылы – Хрущевтың жеке талабымен Бостандық ауданы, тағы басқа аумағы бұдан да көп жерлер ала тақиялы ағайындарға өтіп кетті.

Бұдан басқа да «Құры шөптің» Қазақстанға да, Одаққа да тигізген зардабы аз болған жоқ. Ел наразылығы түптеп келгенде билеуші партияның 1964 жылғы қазан айындағы пленумында өзінің логикалық шешуін тапты. Өзі енгізген демократиялық «жылымық», бір жағынан, саяси өлікке заңды түрде айландырды, екінші жағынан, оның табиғи-физикалық өлімін құдайға керек болғанша уақытқа созды. Қазақ елінің «құрып кетуге сәл қалған» уақтысы осы «ірі саяси және мемлекеттік қайраткер» билеген кезде десе шындыққа жақындайтын сияқты.

«Волюнтаризм» деп ат қойылып, айдар тағылған кезең Одақ тарихында артта қалды. Есте қалатыны ең алдымен «сталинизмге» қарсы күрес, оның қанды мазмұнын әшкерелеу. Оның өзі жарым-жартылай нәтижелілікте ғана жүзеге асты. Басқаша болуы мүмкін де емес еді. Аштыққа, репрессияға, күні әлдеқашан өткен феодалдық үрдіске ұқсас халықты экономикалық талаптан тыс(вне экономическое принуждение) мәжбірлеуге тікелей қатысы бар «көсемдер» толыққанды реформалар жүргізуге құлықты емес болатын.

Н.С.Хрущевтың саяси аренадан шеттетілуінен бастап кеңес мемлекеті тарихында жаңа, өткенге қарағанда сәтті даму кезеңі басталды. Партия мен мемлекеттік құрылымдар облыстық, аудандық деңгейлерде қалпына келтірілді. Экономикалық зардаптардан сауығу жолдары қарастырылды. Шешілуі көптен бері пісіп-жетілген зкономикалық реформалар СОКП Орталық комитетінің 1965-ші жылғы март айында өткен пленумынан басталды. Алдымен тоқырауы шегіне жеткен ауыл шаруашылығын сауықтыру мәселелері қолға алынды. Ұжымшарларды біріктіру арқылы ірілендіру, көрсеткіштері төмендерін кеңшарға айландыру арқылы оларды қаржылай, ауыл шаруашылығы техникасымен қолдау күн тәртібіне терең ене бастады. Тұрғын үйлер іргесіндегі участкелер аумағы кеңітілді. Шамасы келгенше қанша, қандай болса да мал ұстауға ерік берілді. «Маленков берген сиырды, Хрущев қайта жидырды» деп шырқалатын ән көп есітілмейтін болды. Қала тұрғындарына саяжай беру, жер үйлер іргесіндегі учаскелерді кеңейту мәселелері де алға баса бастады.

Ауыл-село тұрғындары қалаған елді мекенге, аймаққа қоныс аударуға деген толық, төл құқығына біржолата ие болды. Шаруа 30-40-ші жылдардағы «құл» теңдес, 50-ші жылдардағыдай «жартылай құл» теңдес әлеуметтік жағдайдан құтылды. Таптық-әлеуметтік жағдайды өзгерту(социальное перемещение) құқығы республикада жаңа қалалардың, жаңа өндіріс орындарының пайда болып, оларды тың жұмыс күшімен қамтамасыз етуге, жұмысшы, интеллигенция сапына қазақ ұлты өкілдерінің көптеп келуіне біршама жол ашты.

Жоғарыда айтылған 1965 жылдың қыркүйек айында жеке-дара билеуші партияның келесі тарихи пленумы болып өтті. Әлі де болса мемлекеттегі бірінші лауазым иесі болып мойындалатын сол кездегі КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы А.Н.Косыгин ел өнеркәсібін жаңаша ұйымдастыру жолдарына арналған жоспарлар легімен көпшілікті таныстырды. Өндірістік айналымға жаңадан «шаруашылық есеп», «өзіндік құн», «өндіріс рентабельділігі»(табыстылық деңгейі), жұмыс істеушілерді «ынталандыру» және тағы басқа да экономикалық категориялар енгізілді. Өндіріс және ауыл шаруашылығы басшыларының жауапкершілігімен қатар құқықтары да едеуір кеңейтілді. Мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік салаларын басқару ісі жетілдірілді. Азаматтардың жеке бостандығы мен әлеуметтік құқықтары бұрынғы аласапыран замандармен салыстырғанда танымастай өзгерді. Осы факторларға байланысты адамның рухани және мәдени деңгейі де айтарлықтай жоғарылады.

Осы тұста Кеңестер Одағы тарихында «алтын» әріппен жазылған, аталмыш мемлекеттің «Батыс елдері» деп айдар тағылған қарсыластарын, немесе «көндікпес күндестерін» таңдандыра мойындатқан «сегізінші бесжылдық» атын иемденген даму кезеңінің кейбір басты экономикалық нәтижелерін еске түсірген артық етпейтін сияқты. Бұл даму кезеңінде ұлттық табыс өткен өткен кезеңмен салыстырғанда 42 пайызға өсті, өнеркәсіптегі жалпы өнімнің өсу көрсеткіші 51 пайызға жетті. Бұл уақытқа дейін қай заманда болса да көңіл көншітпеген ауыл шаруашылығының рентабльділігі 21 пайызға жоғарылады. Ел тұрғындарын теледидармен қамтамасыз ету 2 есеге, кіржуғыш машиналармен – 2,5 есеге, тоңазытқыштармен – 3 есеге артты. 1970 жылы КСРО-ның жалпы экономикалық көрсеткіші әлемнің бірінші экономикасы АҚШ-тың 74 пайызына жетті.

Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуы бұл жылдары Одақ бойынша алдыңғы қатарлардан орын алды. Ғылыми әдебиеттер мен сол кездердегі бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, статистикалық мәліметтер арқылы бұған толық көз жеткізуге болады. Идеологиялық жөнсіз тықсыру үдерісінің төмендеуі, атаулы экономикалық даму, тұрмыстың түлей дамуы, әлемдік аумақта идеологиялық сұранысы төмендеп кеткен социализмнің әбиірін біршама көтеріп тастағандай болды. Батыстың қоғамдық-саяси даму ғылымында болашақтағы даму үдерісінде капиталистік және социалистік өндіріс тәсілдерінің арасындағы антагонистік мазмұн ысырыла бастап, керісінше олардың бірі бірін толықтыра жақындасуы туралы, «швед социализмі» сияқты теориялар өз ықпалын нығайта бастады. 

Сегізінші және тоғызыншы бесжылдықтар нәтижесінде сталинизм, волюнтаризм замандарындағыдай «қазағымыз құрып кету алдында» дейтіндей әулиелікке негіз болатын саяси-әлеуметтік себептер күрт төмендеп, жоқтың қасына айналғандай болды. Қазаққа да жалпыға бірдей міндетті орта білім есігі ашылды. Ғылым мен білімнің, өнер мен әдебиеттің, техникалық және өндірістік шығармашылықтың зор мүмкіндіктері пайда болғанын дәлелдеп жатудың қажеті де шамалы. Отызыншы жылдары қырғынға ұшыраған ұлттық интеллигенциямыздың орнына еселеп жаңа толқын келді.

Тап осы кездерде ұлттастарымыздың арасында Одақтан шығуды қатты армандаған, тоқтаусыз аңсаған азаматтарымызды кездестіру іс жүзінде мүмкін емес сияқты еді. Тіптен, кейіннен, оншақты жылдан соң да, сол кездегі биліктің тоқыраудан, шенеуніктік озбырлықтан, жемқорлықтан әбиірі ашыған айрандай төгіле бастағанның өзінде 1986 жылғы Желтоқсандықтардың көтерген ұрандарының ішінде Одаққа, СОКП-ға қарсы, аталмыш мемлекеттік, саяси-партиялық құрылымдардан шығу туралы талап кездескен жоқ. Негізінен «Әр халыққа – өз көсемі!» деп жазылған плакаттар болды. Бұл – осы айтылып отырған өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының екінші жартысы және жетпісінші жылдардың алғашқы шеніндегі кеңес еліінің мамыражай даму уақтысындағы рухани және саналық әсердің нәтижесі деп ойлаймын.

Аталмыш даму кезеңі неліктен сәтті болды? Бұлай болуының заңдылығы қайда?  Кеңес тарихында халыққа біршама болса да жайлы болған үш кезеңді атап өтуге болады. Біріншісі, жиырмасыншы жылдардағы «Жаңа экономикалық саясат». Дүниежүзілік соғыс, азамат соғысы, тағы «әскери коммунизм» деген атпен орын алған ең алғашқы да сорақы «социалистік» эксперименттен қырылуға айналған елді большевиктер көсемі В.Лениннің: «біз өзіміздің социализмге деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертуіміз керек» деп капиталистік өндіріс тәсілінің көптеген түрлерін қайтадан тірілтетін тұсы. Нәтижесінде төрт-бес жылдың ішінде патшалық Ресейдің 1914 жылға дейінгі экономикадағы көрсеткіштері негізінен қалпына келді. Екіншісі, 1950-ші жылдардың орта шені. «Маленковтың мамыражайы». Ел тойына бостаған уақыт. Соңғысы, жаңа ғана атап өткен Косыгиннің сәтті реформалары.Бұл жерде сәттіліктің негізі қандай да болмасын экономикалық жүйенің еркіндік әлеуетінің кеңдігіне байланысты болса керек. «Социалистік экономика» деп аталатын жүйенің еркіндік дәрежесі өте төмен болды. Саяси-идеологиялық диктат қаласаң да, қаламасаң да экономикалық мешеулікке алып келеді. Осыны жақсы түсінген Ленин өмірінің соңғы сәттерінде «жаңа экономикалық саясат» деген атпен қоғамның шаруашылық жүйесіне мүмкіндігінше еркіндік берді. Саяси билік пен мемлекеттік биліктің аражігі әжептеуір ажыратылды. Сондықтанда бұл саясат қомақты нәтижесін берді.Небәрі үш-төрт жылдың ішінде сол кездегі империяның экономикалық потенциалы кешенді ауқымдылықта болмаса да, негізгі көрсеткіштері жөнінен Ресейдің дүниежүзілік соғысқа дейінгі деңгейін еңсерді. Большевиктердің ұлы көсемі өмірден озғаннан соң, Сталиннің біртіндеп саяси, экономикалық, құқықтық, әскери және басқа да билік түрлерін өз қолына шоғыырландырып, сөз жүзінде партократиялық, ал іс жүзінде автократиялық диктатура орнату барысында «жаңа экономикалық саясаттың» ізі де қалмады. Нәтижесі белгілі, 1913 жылы шетке астық өнімдерін шығарып отырған ел 1931 жылы – жиырма жылдай уақыттан соң, соғыс жоқ, «ел аман, жер аманда» -  аштан қырыла бастады. Кейіннен де, аштықтың зардабынан құтылдық дегеннің өзінде де, бұқараға қол жетімді тамақ, тігін өнімдерінің ассортименті «барма, әйтеуір бардан» әрі асып кете алмады. Міне, саяси диктат пен экономикалық мешеуліктің егіз туынды екенінің іс-тәжірибедегі тағы бір дәләлі. 

Жоғарыда айтылған «Маленков мамыражайы» Сталин де Лениннің мавзолейіне «жайғасқаннан» соң Хрущев алғашында билеуші партияның басшысы ғана болып, үкімет билігі саяси биліктен белгілі бір дәрежеде оқшауланғандай кезде өмірге келді. Осының өзі еңбеккер қолдың шамалы тәуелсізденуіне, үй іргесіндегі жеке шаруашылықтың дамуына, қара халықтың тұрмысы жақсара бастауына алып келді, Жойқын соғыстан әупіріммен шыққан ел тойына бастады. Есесіне «құры шөп» бар билікті өз қолына жинап алған соң, ел қайтадан баяғы «таз кепешті» кие бастады. «Маленковтың мамыражайының» орнына Хрущевтің жүгері наны келді.  Бұл да өткен тарихтың бір ащы сабағы.

Десек те біздің өткендегі қоғамымыз өз тарихын, оның тағлымын біле тұра «әділ сөзден» әрі кете алмады. Кетуі мүмкін де емес еді. «Кремльдің құрметті, марапаты мыңғырған ақсақал-қарасақалдарына» қоғамның, мемлекеттің, ұстанған идеологияның мұқтаж-мүддесі басты мақсат болмады. Басты мақсат – бірі бірінің қолынан мықтап ұстап, өле өлгенше биліктің бал-шырынын сору болды. Ол үшін саяси билікпен бірге экономикалық, әлеуметтік салалар копетенттігін де «тең басшылық иелерінің қатарындағы біріншінің»(первый среди равных) қолында шоғырландырып, өздеріне оның төңірегінде жағымпаздана топтануы керек болды. Солай болды да. Үкімет партияның, жергілікті атқарушы билік органдары партия комитеттерінің «барып кел, шауып келіне» айналды. Онсыз да «социалистік демократия» аты бар, заты барсымақ жүйе «Кремль қарттарының» диктатурасына айналды. Нәтижесі көп күттірген жоқ. Тоғызыншы бесжылдықтың ортасынан ауа бере қоғамдық-экономикалық даму тенденциясы тежеле бастады. «Тиімділік пен сапа бесжылдығы» деп ат қойылып, айдар тағылған оныншы бесжылдық(1976 – 1980 жж) алдымен тоқырауға, артынан экономикалық және моральдық-психологиялық дағдарысқа алып келді. Диктатураның «туған ұлы мен қарындасы» жемқорлық пен коррупция да «ұялудан» қалды. 

Одақтағы келеңсіздіктердің бәрін жіті бақылап, қолынан келгенше оны есіртуге құмбыл Штаттар мен одақтастары  60-шы жылдардың екінші және 70-жылдардың бастапқы жылдарындағы санасуды, келісуді, «сыйласуды» қойып, өз ықпалындағы әлемнің экономикалық және идеологиялық әлеуетін қарсы қоюға барынша ұмтылды. Нәтижесінде «Заманның аса көрнекті саяси және мемлекеттік қайраткерлері» деген гүмпиген атақтарды иеленген ауру шалдар өздері бірінен соң бірі өмірден озып,әлемнің екі полярының бірін құрдымға жіберуге даярлап кетті.

Осы тұста социализмнің азып, кеңестік тәртіптің тозып кетуіне социалистік демократияны бос сөзге айналдырып, өздерінің және жағымпаздарының саяси диктатынан өліспей айырылғысы келмеген Сталинді, Хрущевті, Брежневті және солардың лакейлерін емес, Горбачевті, Ельцинді ғана кінәлайтындар аз болмай тұрғанын айта кеткеніміз дұрыс сияқты. Әрине, олардың қиратудағы «еңбегі» ұлан-ғайыр. Десекте, оларды билікке әкелген Компартияның жер-жердегі мүшелері, немесе ұйымдары емес, қарапайым сайлаушылар емес, жоғарыда айтылып отырған «шалдар», солардың «сарымайдай сақтаған» антидемократиялық саяси жүйесі емес пе? Олардың орнында аты-жөні басқа біреулер болғанда да сол болар еді. Қоғам заңының аты заң. Егер кеңестің өз Дэн Сяо-пині болғанда қалай болар еді дерсіз? Кеңес жұртшылығының арасында сол кезде мүмкін бір емес бірнеше Қытайдың осы аталмыш ұлы реформаторы сияқты азаматтар болған-ақ шығар? Бірақ, ондай таланттарды айласы дәстүрге айналып, түп-тамыры тереңге кеткен бюрократияның, тамыр-таныстықтың, арамдық-қулықтың «оқуын оқыған» узурпаторлар жанына жақындата қоймасы белгілі. Оның үстіне ұлыдержавалық шовинизмің исі аңқып тұрған империяда мұндай табиғаты ұлылықпен көмкерілген басшыға да ұлты орыс болса, «титулсыз» халықтар сене қоймайды(әбден өткізіп жіберген), басқадан болса, -«титулдылар» жақындатпайды. Ал, «жолдас Дэн» сияқты әлемдік деңгейдегі реформаторды аренаға шығарған Қытайдың жөні бөлек. Біріншіден, халқының негізі хансулар. Екіншіден, алдындағы көсемдеріне онша ұнай қоймаса да, ол кісі биліктің төңірегін көрді, бүткіл еліне белгілі, артынан ілесетін топтары бар еді.

Кеңестер елін сақтап қалу мүмкіндігі Қытайдан да жоғары еді. Саны жеткілікті, ыстық-суықты аз көрмеген, жеке тұрмыста байлыққа шалқи қоймаған, білімділігі мен кәсібилігі ешбір елден артық болмаса, кем емес, еңбекқор, шыдамды халқы бар еді. Жер асты мен үстіндегі байлығы мықтымыз деген елдердің өзіне әлі де арман. Жетпегені француздың ұлы данышпаны Вольтердің: «Мемлекетті құтқару үшін бір ұлы адам болса, жеткілікті» дегеніндей бір шын мәніндегі ұлы адам еді.

Орыс халқында: «Все, что делается, делается к лучшему» деген нақыл сөз бар. Коммунистік партияның алдымен әлсізденіп, онан соң тарауы, ұлан-ғайыр кеңес мемлекетінің өмір сүруінің тоқтауы - ата-бабаларымыз жаңа тарих талабына сәйкестене алмай, көшпенді мал шаруашылығымен біте қайнасып, Сұлтанмахмұт ашына айтқандай, мұраға артында тек сөз ғана қалдырып, боданданып айырылып қалған жеріміз бен елімізді қайтаруға мүмкіндік берді. Тәуелсіз, жаңа, біртұтас мемлекеттігіміз үшін кімдерге алғысымыз бен ырзашылығымызды айтамыз? Әрине, айтылып жүрген ойлар аз емес. Жеке тұлғаларды, жеке уақиғаларды, немесе құдайды айтып, даурығып жүргендер де аз емес. Меніңше, бәрі де дұрыс. Адамзат қоғамындағы тарихи, түбегейлі өзгерістер объективті түрде себептер жиынтығының салдары болып келеді. Соның ішіндегі ең бастысы(шешушісі емес) - Компартия лидерлерінің сөздері мен істері екі бөлек болып, мемлекеттегі билікті заңсыз узурпацияға әкеліп, шексіз антидемократиялық диктатура орнатуында.Нәтижесінде саяси диктаттың экономикалық тиімсіздік пен мешеулікке, өз кезегінде оның миллиондаған адамдарды моральдық-психологиялық деградацияға ұшыратуында. Сондықтанда біз салдары Одақтың тарауына алып келген «көсемдер» мен «ұлы қайраткерлерге» Коммунистік партияның жарғысы мен Кеңестер Одағының Ата заңына кереғар іс-тірліктері үшін рахмет айтсақ, - түрі жөнінен бейәдеп, бірақ мазмұны жөнінен әділетті болар еді!

Қортынды ретінде: I). Жетпіс жылдың ішінде қазақүлкен трагедиялар, зұлматтар, қиындықтарды бастан кешкенімен «құрып, жоқ боп кетуге сәл-ақ» қалған жоқ; I). Тәуелсіздікке қол жеткізуіміздің шешуші себебі  патшалық Ресей империясының күйреуі, онан кейінгі себебі формальды түрде болса да одақтық статус берген кеңес өкіметінің және алғашқы социалистік жүйенің антидемократиялық түрінің әлемдік экономикалық және саяси бәсекелестікке төтеп бере алмауы. Демек, тәуелсіздігіміздің түбірінде биыл жүз жыл толып отырған Ұлы Октябрь социалистік революциясы тұр! Меретой нәтижесі ұзағынан сүйіндірсін!

Сапарбек САХОВ,

Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университеті ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты 

Өлдік те, құрметті болдық
Қазақстанның 5 облысын Ресейге бермеу үшін Хрущевпен ерегіскен Тәшенов
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу