Саттар Қуашбай. Елдің еркіндігін жырға қосып жүрмін

Oinet.kz 04-12-2017 886

Screenshot_30.jpg

Тәуелсіздік күні - өз болашағымызды өзіміз айқындауға қолымыз жеткен Ұлы күн. Осыдан 26 жыл бұрын адамзат көгінде жарық жұлдыз пайда болды. Ол - Көк байрағын шалқытып, әлем тарихына мөрін басқан тәуелсіз Қазақстан еді. Ғасырлар бойғы халқымыздың арманы болған тәуелсіздік бізге оңай келмегенін білеміз.Ресей империясына бодан болған алғашқы күнен бастап, яғни 1731 жылдан бастап 1986 жылға дейін елімізде 700-ден астам ұлт-азаттық  көтеріліс пен қозғалыс орын алды. Өткен ғасырларда Қазақ елі талай рет демографиялық апаттарға да ұшырады. «Ақтабан шұбырынды, Алакөл сұлама» жылдарында халықтың 40 пайызынан айырылды. Сондай-ақ бейбіт түрде шеруге шыққан желтоқсаншыларға қару қолданылды. Өрімдей жас жігіттер мен қарындастарымыз тәуелсіздік үшін өмірін құрбан етті. Осыншама қиыншылықты көріп келіп тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бүгінгі бейбіт өміріміз-бізге оңай берілген жоқ. Мен мұны өлең жолдары арқылы өріп елге жеткізуді жөн көрдім. Өлең  жазудағы негізгі мақсатым-жастардың патриоттық сезімін  оятып, олардың рухын, жігерін көтеру болып табылады. Батыр, намысшыл халықтың ұрпағы екенімізді жастарға ұғындыру.  Осылай толғана келе мен Тәуелсіздік туралы,  туған жер туралы бірнеше өлеңдердің авторы атандым. Тәуелсіздікті, Мәңгілік елдің арман-мұратын,Жасай бер мәңгі Қазақстаным деп жырға қостым. Мен өлеңдерді ермек үшін жазбаймын. Мен ақын емеспін. Дегенмен жүректен шыққан сөздерім адамдарға дем береді деп ойлаймын.

Сонымен қатар  «Мәңгілік ел үшін» деген өлеңде Қасым ханның қасқа жолы, Нұрсұлтанның  нұрлы жолы сөз етілген.  Ал, «Жасай бер мәңгі Қазақстаным»  деп шырқалатын туындым бүгінде көптеген алқалы жиындарда жиі айтылып келеді. Жалпы шығармашылығымда он  шақты өлеңдерім бар. «Ақ көйлек», «Сағыныш», «Көктем», атты өлеңдерімнің әні жазылмаған, болшақта жазылады деген үміттемін. Мен үшін өлеңдерім жастардың сана сезіміне оң әсер етсе сол маңызды. 

Меніңше шығармашылық қасиет ананың ақ сүтімен немесе әкенің қанымен келетін дүние. Бала күнімде-ақ  шығармашылыққа әуестендім. Мектепте білім алып жүрген шағымда Райса есімді ұстазым ерекшелігімді тап басып танып қазақ әдебиеті үйірмесінің мүшесі болдым, көп нәрсені үйрендім. Абайдың қара сөзінен бастап, қазақтың белгілі ақын-жазушылардың шағармаларын жетік меңгердім. Кейін өлең жазуды қолға алдым.  Дегенмен, уақыт өте келе басқа салада жұмыс істедім.Шетелдерде болдым, оқу орнын ашу үшін дамыған елдердің тәжірибесін қолдандым.  Білім беру саласында көп тер төктім. Қазір міне «Болашақ» деп аталтын оқу ордамыз аясында  балабақша, мектеп және колледж қатар жұмыс істеп келеді. Мұның бәрі маған оңайлықпен келген жоқ. Соның салдарынан болар шығармашылығымды толық дамыта алуға мүмкіндік болмады. Тек кейде көңілім қалап тұрған кезде қалам тартамын. 

2011 жылы Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына арналған конкурсқа қатысуға бел будым. Содан «Тәуелсіздік» деп аталатын өлең дүниеге келді.Оның бір-екі шумағын жазып Базарбек Түкібаевқа апарып көрсеттім. «Мен журналист емеспін, өлең шығаруда аса бір тәжірибем де жоқ»,-деп ақыл, кеңес сұрадым. Сөйтіп бірлесіп   «Ата-бабалар мақтанатын, Мәңгі бақи жүректе  сақталатын  күн бүгін»  деп өрілген өлең жолдарын өмірге әкелдік. Белгілі сазгер Айжігіт Асанов сөзге ән шығарды. Бұдан да басқа ел жылы қабылдаған бірнеше туындылардың мен сөзін жазып, ол әдемі әнмен әрлеп екеуміз шығармашылық байланыста жұмыс істеп келеміз. Бүгінде Шәуілдір ауылындағы 9 сынып оқушысы Сымбат Рахманбердиева әнді орындап жүр. Жазған дүниеңнің бағы ашылам десе бір сәт екен. Сол  туындыны орындап Чехияда, Астанадағы конкурстарда мектеп оқушысы жеңіске жетіп жүр. Тәуелсіздікті жырлаған туындымның байқауларда бас жүлде алуы, 2016 жылы «Жыл үздігі» номинациясының берілуі көкірегіме  қуаныш толтырып, екі есе бақытты етті. Патриоттық өлеңнің  авторы ретінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлынан арнайы марапат алдым. Бұл да бір үлкен жетістік деп білемін.

Мәслихат депутаты ретінде әлеуметтік мәдени даму жөніндегі тұрақты комисияның төрағасы болғандықтан мектеп салу, тіл мәселесі, спорт, денсаулық, әлеуметтік көмек көрсету шараларына қатысып, олардың дамуына үлес қосу, ең бастысы Тәуелсіздіктің тұғыры биік, келешегі баянды болуына атсалысу  мен үшін абырой. 

Саттар ҚУАШБАЙ, 

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты,  

«Нұр Отан» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалының төрағасы. 

Тәуелсіздікпен құрдас болғанымды мақтан тұтамын!
Қанатбек Досалиев: «Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға күш салу керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу