Ертісбаев төраға болды

Oinet.kz 28-03-2022

80e2e28c9b3a947d8453df1ab29ef563_L.jpg

Қазақстан Халық партиясының XIX кезектен тыс съезінде партия басшылығының құрамы өзгерді. Ермұхамет Ертісбаев ҚХП төрағасы болып сайланды. ҚХП парламенттік фракциясының бұрынғы басшысы, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров төрағаның бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы аталған партияның сайты хабарлады. 

Съезд Қазақстан Халық партиясының жаңа мақсаттары мен міндеттеріне арналды. Партия өкілдері осыған дейін атқарылған жұмыстарды саралады. Басқосу барысында партия жанынан құрылған мүгедек адамдардың құқықтары жөніндегі жобалық кеңсенің қызметі тілге тиек етіліп, еңбек құқықтары саласындағы кәсіподақтармен ынтымақтастықтың нәтижесі баяндалды.

Айқын Қоңыров Қазақстан трансформацияның күрделі әрі өтпелі кезеңін бастан өткеріп жатқанын жариялады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары қоғамды демократияландыруға және билік тармақтарының теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталғанына назар аударды.

– Бұл процесте саяси партияларға маңызды рөл беріледі. Біздің партияның әділ демократиялық мемлекет құру туралы идеясы жан-жақты дамытуды талап етеді. Партияның трансформациясы жалғасып жатыр. Бұл үдеріс үздіксіз болуға тиіс. Партия басшылығы мен партия құрылымының құрамын тәжірибелі адамдармен толықтыру, мемлекеттік қызметте, өкілді органдарда, азаматтық секторда белсенді болу өзекті мәселе, – деді А. Қоңыров.

Съезд барысында ҚХП төрағасы лауазымына Ермұхамет Ертісбаевтың кандидатурасы ұсынылды.

– Ол көшбасшы, министр, депутат, дипломат ретінде танымал. Біздің партиямызға тәжірибесі мен білімі мол, мемлекеттік деңгейдегі саяси және қоғам қайраткерінің келуі алғаш рет болып отыр, – деп атап өтті көпшілік. Кандидатура бірауыздан мақұлданды.


Альбина Елшиева: Депутаттардың әкімге тәуелді болмағаны дұрыс!
Халықаралық іздеу жарияланған түркістандық келіншек табылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×