Халықаралық іздеу жарияланған түркістандық келіншек табылды

Oinet.kz 28-03-2022

8b9efa0e-1dfe-4c58-b6c4-11a3350f3980.jpg

Түркістан облысының полицейлері халықаралық іздеу жарияланған жас келіншекті  аман-есен тапты. Аяғы ауыр жас келіншек осыдан бір ай бұрын із-түссіз жоғалып кеткен болатын.  Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 

24 ақпанда Сауран аудандық полиция бөліміне жоғалған жас келіншектің анасы арызданды. Ол өз арызында үйінде жүрген аяғы ауыр қызының  «ауруханаға кеттім» деп, сол күйі із-түссіз жоғалғанын көрсеткен. Жоғалған жас келіншекті тез арада табу бойынша Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов тәртіп сақшыларына шұғыл тапсырма беріп, бұл жайтты жеке бақылауына алды. 

Іздеу жұмыстарына Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов бастаған тәжірибелі полицейлер тобы жұмылдырылды. Сонымен қатар аудандық полиция басқарма, бөлімдерінен полицейлер тартылды. 

Бұған дейін де Сауран аудандық полиция бөлімінің полицейлері ақпараттар бойынша Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы, Тараз, Шымкент, Алматы қалаларына іссапармен шығып, іздестірген болатын. Жоғалған жанды табуға еріктілер де қатыстырылды. 

Іздеу жұмыстары саралана келе жоғалған азаматшаға халықаралық іздеу жарияланды. Жас келіншектің жеке басы мен түр-тұлғасы бойынша мәліметтер фото суретімен бірге барлық аумақтағы полицейлерге жолданып, адамдар көп шоғырланған орындарға ілінді. Жалпы айтқанда полицейлер, жас келіншекті жедел табу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізді.

Нәтижесінде із-түссіз жоғалған Назым Алдаш аман есен түнгі уақытта Жамбыл облысы Жаңатас қаласынан табылды. Полицейлердің анықтауынша Назым азаматтық некедегі жұбайымен бірге жүрген.  Жоғалған жас келіншектің із-түссіз кетуіне кім немесе қандай жағдай себеп болды, жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. 

Полиция қызметкерлері  жоғалған жанды іздеуге көмектескен әрбір азаматқа алғыстарын білдіруде. 


Ертісбаев төраға болды
Бас прокуратура Украинадағы соғысқа қатысты үндеу жариялады


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×