«Төле би» көрерменге жол тартты

Oinet.kz 19-06-2019 643

Screenshot_6.jpg

Әуелі Елордада тұсауы кесілген «Төле би» тарихи танымды фильмін көру бақыты түркістандықтарға да бұйырды. Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет орталығында фильмнің толықметражды көрсетілімі өтті. 

- Түркістан облыстық мәдениет басқармасына қарасты «Оңтүстік фильм» мекемесіне 2018 жылы облыс әкімдігінен осы өлкеден шыққан тарихи тұлғалар мен тарихи жерлерге байланысты көркем анимациялық фильмдер түсіруге тапсырыс берілген болатын. Тұңғыш президентіміз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларындағы міндеттерді орындау бағытында «Төле би» бабамыздың тарихи фильмі түсірілді. Одан бөлек, Түркістан жерінен шыққан тарихи тұлғаларды, жерлерді дәріптеу, оның тарихи мазмұнын ашу мақсатымен, алдағы уақытта осы сарындағы фильмдер түсіруді жоспарлап отырмыз. Бұған дейін, «Оқсыз», «Ордабасы», «Түркістан» сынды үш анимациялық фильм жарыққа шықты. Бұл фильмдердің қай-қайсысы болсын мәдениет пен өнер салаларының деңгейінің жоғарылауына көмектеседі деп ойлаймын. «Төле би» туындысынан бөлек осы Түркістан жерінде жатқан 21 хан-сұлтандарымыз бар. Осыларды негізге ала отырып туындыларды жарыққа шығару жоспарымызда бар, - деді Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрдәулет Исабеков. 

  Фильмде көрсетілген эпизодтардың көпшілігі Қасиетті Түркістан шаһарында түсірілді дейді фильмнің режиссері Батырхан Дәуренбеков. «Тәуке ханның «Жеті жарғысы» тарих бойынша Ясауи кесенесінің ішінде «Хан сарайы» деген жерде шығарылған екен. Дәл осы эпизод сериалда он бес минутты алады. Ол заңнан дала демократиясының болғанын көрсетеді. Төле би ауданындағы Қасқасу өңіріндегі Сарыайғыр жайлауы Төле бидің тұрақтаған жері болған екен. Сол жерде түсіріп, ауыл құрдық. Біраз кадрларды Ташкентке барып түсірдік. Тарихымыздан алыстап ұзаған жоқпыз,-дейді ол.

         Жазушы Шойбек Орынбайдың «Төле би» романының желісімен түсірілген кинокартина «Сақ» киностудиясы мен «Оңтүстікфильмнің» ортақ жобасы. 

Фильмнің көрсеткішін жоғарылату үшін шет елдерден, елімізге танылған актерлерді таңдап алуға болар еді. Алайда, кинотуынды жергілікті актерлердің де жұлдызын жағып, жекелей мүмкіндіктерін танытып, бақтарын сынауына мүмкіндік берді. Мысалы, Төле бидің жастық шағын Шымкенттік жас актер Абзал Төленов сомдайды. 

Бұл фильм отандық кинематография тарихында Төле би туралы тұңғыш рет түсіріліп отырған туынды екендігімен де құнды. 10 бөлімнен тұратын туындыда елді бастап билік айтып, шешендігімен көзге түскен бала бидің қара қылды қақ жарған әділдігімен қатар, адамгершілік қасиеттері да жан-жақты қамтылған. Сонымен қатар, алты алаштың жұрты тұрған Ташкент шаһарын жоңғарлардан азат етіп, 20 жылдай басқарған һәкім ретіндегі тұлғаны ұжым көркем түрде көрсете білген. 

         Түсірілім жұмысы 8 айға созылып, 6 ай монтаждалып көрерменін асық еткен туындының толық нұсқасын көпшілік қауым Елорда күні қарсаңында «Хабар» арнасынан көре алады.



Бәрі де жастар үшін...
Үлкен өмірге «жолдама» алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу