«Ислам жауапты емес»: Қоғам белсенділері Азат Перуашевтің мәлімдемесіне жауап берді

Oinet.kz 18-11-2023 2278

16 қарашада мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстанда әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзімділік танытуы қоғамның исламданумен тығыз байланысты деген еді. Бұдан кейін қоғамда түрлі пікір пайда болды. Бірі депутатты қолдаса, енді бірі мәжілісменнің сөзіне қарсы екенін жеткізді. Депутаттың мәлімдемесіне байланысты Stan.kz тілшісі исламтанушы ғалымдар мен көпшілікке танымал тұлғалардың ойын сұрап көрген, деп хабарлайды Oinet.kz тілішісі.

Screenshot_15.jpg

Депутаттың айтуынша, ерлі-зайыптылар зайырлы өмір салты мен заңдарға бағынбай, керісінше имамға жүгінеді. Бұл дұрыс емес дейді. Зайырлы мемлекет болу үшін азаматтардың заңға бағынуы керегін дегенді алға тартады.

"Бұл жерде әңгіме дәстүрлі және отбасылық құндылықтар туралы емес. 20-30 жыл бұрынғы ұрпақтың қарым-қатынасқа деген көзқарасы озық болды. Қазіргі тұрмыстық зорлық-зомбылық себептері бізге жат нәрселерді таңып жатқан исламданумен тығыз байланысты. Зайырлы өмір салты мен заңдарға бағынбай, керісінше имамға жүгінеді. Бұл дұрыс емес. Зайырлы мемлекет болғымыз келсе, заңға бағынуымыз керек", – деді депутат. 

“Біздің елде заң бар, шара жоқ”

Алайда депутаттың пікірімен имам Нұрлан Байжігітұлы келіспейді. Оның айтуынша, зайырлы мемлекет құруға Ислам діні ешқашан кедергі келтірмеген.

“Елімізде болып жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылықты жасаушылардың дені мұрнына имандылықтың иісі бармаған, ұлты қазақ, көзі ашық, көкірегі ояу, заңды білетін, зайырлы мемлекеттің нағыз ер-азаматтары. Бұл сөзіме күні кеше елордамыздың төрінде орын алған сұмдық жағдай куә. Менің алдыма қым-қиғаш тағдырларына шағымданып келушілердің қарасы көп. Білесіздер ме солардың 30-40%-ы осы зорлық-зомбылықта күн кешіп жатқан қазақтың қыз-келіншектері. Жалпы олардың бағыттарын дұрыс деп санаймын. Неге? Өйткені олар ұрпағы үшін жанын қинап жүрген жандар, отбасы үшін шығар жол іздеген жандар, болашағы үшін ақылына ақыл қосқысы келетін жандар. Өзін шаршы алаңда жүрген боксшыдай сезініп, жұдырықтың астына алып, тепкімен езгілеп өзін дәлелдегісі келгендер мүлдем басқа. Қалай ойлайсыздар, жан ауырған қатты ма, тән ауырған қатты ма, қайсысы басымырақ? Тән ауруы жазылар-ау, бірақ жан ауруын жазу өте қиын”, – дейді имам.

Ұстаздың айтуынша, біздің елде заң бар, шара жоқ. Он бес тәулікке қамалған күннің өзінде ерлер шыға салып қайтадан сол әніне басады, дейді ол. 

“Тұрмысты заң құрмайды, адамдар құрайды. Бұл жердегі гәп тұрмыс құрушы ер мен әйелде. Заң тек арадағы шиеленісті реттеуші, керек жерінде шектеуші, керек жерінде жазалаушы, мысы басым құрал. Алайда мемлекеттің зайырлануына ислам діні ешқашан кедергі келтірмеген, бұлай ойлаудың өзі қате. Өз басым тікелей эфирлерімде, одан қалды халықпен, әсіресе жастармен кездескенде бұл тақырыпты жиі қозғаймын, үздіксіз насихаттаймын. Тәуелсіздікке дейін қазақтың шаңырағы бабалар ұстанған жолмен, яғни дін мен дәстүрді қатар есті. Қалай егеменді ел болдық, солай әркім өз ойымен отау құра бастады. Бірі еліктеп кетті, бірі теріскей кетті. Нәтижесін көріп жатқан бүгінгі зорлық-зомбылықтағы әйелдер мен әкесіз ұрпақ. Шынымен, қазіргі отбасылардың осындай көрсеткіш көрсетуінің ең басты себебі рухани құлазығандарынан, яғни тәрбиенің өзегі әлсіз, жүректерде иман болмаса, көңілден тыныштық іздеу жәй сөз", – деп күйінеді ұстаз.

“Ислам зорлық-зомбылыққа жауапты емес”

Нұрлан ұстаздың сөзін исламтанушы Еркінбек Шоқай да келісіп отыр. Оның пікірінше, ер адам әйелін ұрып-соқса оның бойына сіңбеген дін мен діни тәлімнің оның қылмысына қатысы жоқ. 

“Депутат дін мен діни құндылықтарды түсінбесе, сауатсыз әрі бейхабар болса, Ислам оған кінәлі емес. Өзін мұсылманмын деп жүрген экс-министр әйелін ұрып өлтірсе оған Ислам жауапты емес. Сыртынан діндар болып көрінген бір пенде әйеліне зұлымдық жасаса, оның бойына сіңбеген дін мен діни тәлімнің оның қылмысына қатысы жоқ. Қателігін тек өзі сияқты бір пендеге жабу арқылы ғана емес, оны қосымша діннен көріп оңай құтылудың жолына түсіп алған ездер мен аярлардың көбейгені қынжылтады", – дейді дінтанушы. 

Исламтанушының айтуынша, дінде тұрмысқа шыққанша қызға қамқор болу – парыз.

“Адамзаттың тарихында ананың мәртебесін “Жәннәт аналардың табанының астында” деп Ислам көтерген. “Сендердің ең жақсыларың отбасыларыңмен (әйелдеріңмен) жақсы болғандарың” деп хадис үйреткен. Кімнің екі қызы болса, оларды өсірсе, игі тәрбиелесе, жәннатқа кіреді деп қыз тәрбиелеудің мәртебесі мен сауабын хабарлаған да біздің ата дініміз. Тұрмысқа шыққанша қарындасқа қамқор болуды бауырға парыз қылған шариғат. Ал енді осы тәлімді іске асырмаса, кім кінәлі?!" – деп сауал тастайды.

Ал шығыстанушы-ғалым Төреәлі Қыдыр депутат сөзіне сәйкес жат ағымға дәлел келтірсін деп отыр. 

“Депутаттың тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізін исламданумен байланыстырғаны орынсыз. Кейбір жат ағым өкілдері десе, бір жөн. Соның өзінде де, сол жат ағымның атын атап, түсін түстеуі қажет. Олай болмаса, Ислам дінін ұстанып, мұсылмандық жолмен жүрген барша жанға қарата бағытталары анық. Себебі Ислам дінінде отбасылық құндылықтарға ерекше орын беретіні белгілі. Онда ер мен әйелдің әлеуметтік жағдайы, отбасылық құндылықтары ерекше аталған. Отағасының әйелін, бала-шағасын қамқорлығына алып, бағып-қағуы міндеттелген. Сонымен бірге әйелі мен бала-шағасын азар беруіне қатаң тыйым салынған. Сол себепті де Исламдағы отбасылық құндылықтарды жақсы білген адам отбасы тұрмақ, айнала-төңірегіндегі адамдарға да жәбір көрсетудің, зорлық-зомбылық жасаудың күнә екенін жақсы біледі”, – дейді ғалым.

“Зорлық-зомбылықтың көбеюіне билік кінәлі”

Дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай зорлық-зомбылықтың көбеюіне билікті кінәлайды. Оның сөзінше, қоғамдағы зорлық-зомбылықтың өршуінің негізгі себебін отыз жылға созылған Назарбаев билігінен іздеу керек.

“Басты фактор – діни қараңғылық пен надандық. Назарбаевқа қазақ халқының басы бірікпегені керек еді. Өйткені ауызбіршілігі мықты ұлт кез келген тиранның түбіне жете алады. Назарбаев мұның да амалын тапты. Қазақстанға күллі дүниежүзіндегі діни ағымдар ағылды. Қазақстанды өз үйіндей кіріп, баса-көктеп кірген олар өз уағыздарын кез келген жерде жүргізді. Әсіресе, аврамдық діндердің экспансиясы аса күшті болды. Улы уағыздарға семірген, арамнан  дәулет жиып байығандардың дені мешіт соғумен айналысып кетті. Ол мешіттерде арнайы тапсырмамен араб елдерінде арнайы оқып келген сәләфи молдалар улы уағыздарын жастарға әбжыландай төкті. Осыдан соң-ақ жастар аз жылда өз қағынан жеріген құландай ұлттық құндылықтарымыздың жауына айналып шыға келді”, – дейді әнші.

Оның сөзінше, қоғамда болып жатқан түрлі келеңсіздіктер осы әсіредіншілдердің қолымен жасалуда. Әсіресе, әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық шектен шығып кетті.

“Мешіттерде жұма намазынан "имандарын күшейтіп" уланып шыққан намазхандар қоғамға өшпенділікке зор агрессияға ие. Зорлық-зомбылыққа алдымен ұшырайтын әйелдер қауымы мен балалар болып отыр. Мәселен, өткенде Атырау мешітіндегі жағдайды көрдіңіз, айтыңызшы сондай "ұстаздардың" фанатиктері кімді аяйды? Ешкімді! Бұл сұмдықтардың алдын алу үшін, жалпы қоғамды сауықтыру үшін билік әсіредіншілдер мен тобырлық мәдениет өкілдеріне төтенше шаралар қолдануы кажет”, – дейді ол. 

Оның айтуынша, әйелін өлтірген экс-министр Бейшімбаев кезінде уаһабиттік-салафилік жолда болған. Бұл оның қызмет бабымен тез көтерілуіне септігін тигізген.

“Көріп отырсыңыз, бір сәләфи болған адам одан ешқашан арыла алмайды. Ол – өте қауіпті вирус. Бұл вирусты бір жұқтырғанның "адам қатарына" қосылуы екіталай. Сондықтан радикал діни ағымдарды, жалпы діни вирустарды күшті "антибиотиктермен" емдеу қажет. Ол антибиотик – халықтың салт-дәстүрі,  мәдениеті мен өнері. Егер билік осы "антибиотиктерді" тиімді пайдана отырып және үлкен айыппұлдар салу арқылы әсіредіншілдікті ауыздықтар болса,  қазақ қоғамын діни вирустардан тазарта алмақ. Ал егер енді кешігер болса, қазақ қоғамы құрдымға кеткелі тұр.

“Қоғам боламыз десек, ерде де, әйелде де бірдей құндылық болуы керек”

Журналист-блогер Өркен Кенжебек әйелді ұрудың заң алдындағы жауапкершілігін көбейтсек ғана, тұрмыстық зорлық-зомбылық азаяды деп сенеді.

“Болашақпен” оқып, шетел көрген, министр болған жігіттің өзі әйелін өлтіріп, жай өлтіре салмай, көзін ағызып, басын ойып, бір тәулік бойы қасында ұстаған жағдайға бәріміздің жанымыз түршігуде. Түршіккен дегеннен артық сөз таппай жатырмыз. Әйел ұрудың заң алдындағы жауапкершілігін күшейту керек. Өкінішке қарай, көп адамға парасат берілмеген, қорықса ғана істейді. Бекерден бекер Алла Тағаланың өзі тозақтағы азаптарды тәнімізбен сезіндіретіндей сипаттайды емес пе?! "Теріңді шыжғырады", "тіліңнен іліп қояды" дегенді оқығанда жаның түршігеді ғой. Рас па? Санасы төменді қорқыту керек, санасы барды парасаттандыру керек. Екі қыз, бір ұл өсіріп отырған әке ретінде айтарым: Біз өркениетті қоғам боламыз десек, ерде де, әйелде де бірдей құндылық болуы керек”, – деп түсіндіреді.

Депутаттың сөзіне орай журналистің де берер жауабы дайын.

“Мына депутаттың сөзіне келсек, Азат бола ма, басқа бола ма, әркім сөйлеген сайын өзінің білімі мен сауатының төмен не жоғары екенін көрсетіп жатыр. Сондықтан әркімнің пікірін “Сен дұрыс айттың немесе бұрыс айттың” деп отыруға уақыт жоқ. Бірақ мына мәселе "Адам – білмегеннің жауы" дегендей болып тұр. Кез келген дүниеге Исламды әкеліп тыға беру дінді жеккөрінішті ету қазір трендке айналды. Бұл кісінің де айтқаны сауатының төмен екенін көрсетті. Басқа сөз таппай тұрмын”, – деп қысқа қайырды.

«ҚМДБ-ның боққа да пайдасы жоқ ұйым, арамтамақтар армиясы»: Халық мүфтиятқа қарсы шықты
Мемлекеттік тіл - ұлт бірлігінің негізгі факторы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу