Қамба астыққа толып жатыр

Oinet.kz 15-07-2019 728

Screenshot_6.jpg

Түркістан облысында қамба астыққа толып жатыр. Диқандардың ерте көктемнен бері еткен еңбектері жемісін берді. Бүгінде облыстағы  бидай алқабының 44 пайызы орылды. Яғни, 94 мың гектардан  183 мың тонна астық жиналды. Әр гектарынан 21 центнерден өнім алғанда жалпы 218 мың гектардан 463 мың тонна астық жинау жоспарлануда. Астық оруға 1012 дана астық комбайндардың  90-95% дайындалып, жинау жұмыстарын атқаруда.

Ордабасы ауданы Бөржар елді мекеніндегі «Мақта компаниясы» ЖШС-на барған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев егіс алқабында комбайн жүргізіп, бидай орды. Егіс көлемімен, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстармен танысып, шаруалардың ұсыныстарын тыңдады. Сонымен қатар, облыс басшысы  сала басшыларына жаз мезгілінде ағын су мәселесін қадағалап, шаруалардың жағдайын бақылауда ұстау қажеттігін тапсырды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемін ұдайы арттыруды жүктеді. Облыста астық жинау жұмыстарымен қатар, ауыл шаруашылығы дақылдарынан бүгінгі таңға 211,4 мың тонна картоп, 553,3 мың тонна көкөніс, 592,4 мың тонна бақша дақылдары жиналып, ішкі сұраныстан басқа шетелге экспортталуда. Жыл соңына дейін 2,7 млн. тонна картоп, көкөніс, бақша өнімдерін жинау жоспарланып отыр.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың мәлімдеуінше, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 823 мың гектарға егілген. Бұл өткен жылдан 9,8 мың гектарға артық. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруға сәйкес арпа – 1,8 мың гектарға артып, 40 мың гектар, дәндік жүгері – 2,2 мың гектарға артып, 46 мың га, картоп, көкөніс, бақша дақылдары – 5,9 мың гектарға артып, 119,8 мың га, мал азықтық 15,9 мың гектарға артып, 205,8 мың гектарды құрап отыр. Ал бидайдың егіс көлемі биыл 218 мың гектарға жетсе, майлы дақылдар – 96,8 мың га, мақта – 129 мың гектарға егілген.


Жүгіріп, үлгі көрсетті
Әженің ақылы - тәрбие көзі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу