Болат Шанин: «Спектаклдің 10 минут кеш басталуын Сталинге қастандық деп қарастырған»

Oinet.kz 25-05-2013 1281

image.png

Қоғам қайраткері, режиссер, драматург, актер  Жұмат Шаниннің немересі

- Болат аға, Жұмат Шанин отбасының Шымкент жеріне қоныс аударуы қай кезде болды? 

- 1936 жылы атам бастаған 2 вагон әртістер Мәскеуге қазақ әдебиеті және өнерінің бірінші декадасына қатысып қайтқан. Әртістер мен ақындардың  арасында Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Қаныбек Байсейітов, Сәкен Сейфуллин, тағы да басқа көптеген қазақтың атақты зиялы азаматтары болған. Мәскеуде сапарда жүргенде Жұмат атамыз Антон Чеховтың жұбайы Книппер Чехова, К.Станиславский, Луначарскиймен танысып, бірнеше жыл бойы олармен хат жазысып тұрған. Мен бір кездері  «КГБ»-ның мұрағатына барып, атамның осы Мәскеу сапарына  қатысты құжаттарды көзбен көріп қайттым. Сонда көргенім  " Вы, Шанин Джумат, Сакен Сейфуллин, Темирбек Жургенов специально задержали открытие занавеса первого спектакля в Москве, "Кыз Жибек". Почему задержали открытие занавеса на 10 минут? Вы оказывается втроем хотели совершить покушение на И. В. Сталина. !!!"  деген сөздер. Бұл тергеу, тексерулер Мәскеуге іссапарға барғаннан кейін басталған болу керек.  Әлгіні оқып қатты таңырқап, жарты сағат орнымнан қозғалмай тұрып қалдым. Содан атамыз осындай жаламен 1938 жылдың 26-шы ақпанында атылып кетеді. Екі-үш күннен кейін Шаниндер Алматыдан 24 сағаттың ішінде кетсін деген өкім шығады. Содан атамыздың інісі Әкіш әкемізді алып, күннің суығында ешқандай туысы, танысы жоқ  Шымкент қаласына  келеді. Содан кейін Шанинннің ұрпақтары Шымкентте қалып қояды. Бұл отызыншы жылдары ұлтымыздың игі жақсыларын «халық жауы» деген сылтаумен жаппай ату, қуғын-сүргінге ұшыту, қудалау дәуірімен тұстас келеді.

- Жұмат Шанин режиссер, драматур, актер. Кәсіби ұлттық театр өнерінің негізін салушылардың бірі, қазақ драма театрын, Қазақтың опера және балет театрын құрып, оған басшылық жасады. Есімі қазақ театрының тарихына алтын әріппен жазылып қалған тұлғаның балалық шағы туралы қандай естеліктер айта аласыз?

- Өзі өмір сүрген қиын-қыстау заманға қарамастан Қазақстандағы тұңғыш ұлттық театрдың негізін салып, оны ұйымдастыруды ерлік деуге болады. Мұндай еңбек өнерге деген жан-тәнімен берілген, нағыз патриот азаматтың қолынан келетін іс деп білемін. Жұмат атамыз кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Ауыл молдасынан оқып, ескіше хат таныған. Жастайынан ойын-сауықтар мен ән-күйлерге ынтық болып өсіпті. Жәрмеңкелерге, әсіресе, Қоянды жәрмеңкесіне барып, сондағы өнерпаздардың ойынын тамашалауды ұнатқан екен. Алтыбай деген туған нағашысы болған. Ән салып, домбыра тартуды сол кісіден үйренген. Еңбекқорлығының, талапшылдығының арқасында қоғамдық істерге де белсене араласқан.  1920 жылы Семей қаласында «Ес аймақ» труппасын басқарды. Бұдан кейін ол Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының директоры болумен қатар оның көркемдік жағына жетекшілік етті. Тек басқарып қана қоймай сахнаға қоюға арнап түрлі пьессалар жазған. Сахнада өзі де актер ретінде рөлдерді сомдаған.  Кезінде оның  шығармашылығын әйгілі тұлғалар Мұхтар  Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ғабит Мүсірепов,  тағы да басқа танымал азаматтар жоғары бағалады. Атамыз тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар көршілес қырғыз театрының да дамуына үлес қосты.  1932 – 1933 жылдары Бішкек қаласындағы Қырғыздың мемлекеттік академиялық драма театрының бас режиссері болып қызмет атқарған.

Атамның өміріндегі тағы бір маңызды оқиға-- «ҚазАССР-нің халық әртісі» деген атақты алуы. 1933 жылы Кеңестік Халық комиссариаты осы атақты енгізу туралы қаулы шығарады. Яғни, «Қаз АССР-нің Халық әртісі» атағы тарихта тұңғыш рет Жұмат Шанинге және Елубай Өмірзақовқа берілген. Атамыздың одан өзге ғылыми, зерттеу еңбектері өз алдына бір төбе.   

- Шаниндер әулетінің бұдан кейінгі тағдыры қалай өрілді?

- Әкіш атамыз құдай қосқан қосағы Мәкіш әжемізбен бірге Шымкент қаласында ашылған облыстық драма театрдың (қазіргі Жұмат Шанин атындағы қазақ драм театры) әртістері болып жұмыс істеді. Театр өнерінің исі сіңген әулетте дүниеге келген әкем Қасымхан да әке-ағаларының жолын қуды. Ол Шымкент облыстық драма театры құрылған күннен бастап 1969 жылға дейін жұмыс істеді. 1955 жылы  театрда тұңғыш рет Шоқан Уәлихановтың рөлін сомдады. Оған дейін қазақ сахнасында Шоқанның бейнесін ешкім сомдамаған екен. Спектакльдің тұсаукесеріне Шоқанның өмірі туралы жазылған «Аққан жұлдыз» романының авторы, жазушы Сәбит Мұқановтың өзі келіп қатысыпты. Әкеміз 1956 жылы «Аршын-Малалан», «Қозы-Көрпеш– Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Жалбыр» қойылымдарында басты рольдерді сомдады.  Ол кісі тек театр сахнасының әртісі және режиссер болып қана қойған жоқ, қазақ кинемотографиясының Алтын қорына кірген көптеген фильмдерде ойнады. 1957 жылы түсірілген «Ботагөз» фильмінде Бүркітбайдың ролін сомдаса, 1964 жылы Шәкен Аймановпен бірге «Алдар көсе» фильміне түсті. Шәкен аға әкемізді өзінің туған інісіндей жақсы көріп, оның шығармашылық қабілетін жоғары бағалаған. Одан кейін Шәмші Қалдаяқов біздің үйге қонаққа  жиі келетін. Шәмші ағаның бірсыпыра өлеңдері біздің үйде жызылды. Мысалы қазір қазақ елінің мемлекеттік әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» әні. Әкем аккардеонда жақсы ойнайтын. Мен мектепке бармай тұрып, яғни 1961-62 жылдары осы әнді диванда отырып шырқап, Шәмші ағамызды «жылатып» қойғаным бар еді. Қазір ойлап қарасам әнұранның алғашқы орындаушысы мен екенмін ғой. Бүгінгі таңда  Шымкент қаласында біз тұрған үйге әкемізге арналған ескерткіш тақта орнатылған. 

image.png

- Қасымхан ағаны жұрт осы уақытқа дейін Әкіш Шаниннің баласы деп келді. Неліктен? 

- Жұмат атамыз халық жауы болып атылған соң, інісі Әкіш  әкемізді өзінің атына жаздырып алыпты. Әкемізді және бізді қуғын-сүргін көрмесін деп сондай қадамға барған шығар.  Бұл шындықты әкеміз  алғаш 1963 жылы білген. Сол жылы әкем, атам, апам, анам, әпкем бәріміз  Қарағандыға бардық. Сонда Жұмат атамыздың әйелі, яғни әжеміз Жанбикенің сіңілісі Мәрзия апамыз бізді күтіп алды. Ол кісі алдымыздан жылап шығып «Сені анаң күтті ғой, неге келмедің балам» деп зар еңіреп жылап жіберді. Сөйтсек 1952 жылы Жанбике апамызды халық жауының әйелі ретінде АЛЖИР-ге жіберген екен. 1953 жылы Сталин қайтыс болған соң апамызды лагерден босатады. Сөйтіп ол сіңілісінің қолына келеді. Алайда бір жылдан соң ол кісі өмірден озып кетеді. АЛЖИР-ге қамалған жылы Мәрзия апамыз бұл хабарды Шымкентке телеграмма арқылы жіберген екен.  Бірақ Әкіш атамыз бен Мәкіш апамыз бұл хабарды бәрімізден жасырып қалған екен. Сөйтсек әкемізді де алып кетеді деп қорыққан екен ғой.  Әкеміз сонда анама жылап «Олар бізден неге жасырды, шындықты білген күннің өзінде мен олардан ешқайда кетпейтін едім ғой, өйткені олар мені тәрбиелеп, өсірді» деген екен. Ия, біз үшін ғұмырының бәрін театр сахнасына арнаған Әкіш атамыз бен әжеміздің орны әрқашан бөлек. Ол әкемізді өз баласындай сүйіп, өмірінің  соңына дейін қорғап өтті. Сондықтан әкеміздің басына Қасымхан Әкішұлы деп жаздырдық. Бізге пана, қорған болған ол кісілерге бүгінгі Шаниннің ұрпақтары бас иеміз. Бірақ, шындығында Қасымхан Жұмат Шаниннің ұлы.   

- Туған жері Павлодар облысында Шанинның есімін иеленген не ауыл, не мәдениет ошағы жоқ көрінеді. Бұл мәселе жайлы қозғап көрмедіңіздер ме?

- Атамыздың туған жері қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы Желтау маңы. Кейіннен ол ауыл «Южный» деп аталған. Жұмат Шаниннің 90 жылдығы болған кезде сол ауылға атамыздың есімі берілді дегенді естіген едік. Бір қызығы, бүгінде ол елді мекен «Южный», «Жұмат Шанин ауылы», «Күркелі», «Қапар» деген төрт түрлі атаумен аталады. Біреулер ауылға өз аталарының атын беруге таласып жатыр дейді. Ал, Жұмат Шанин ауылы деген атау беруге әлі нақты шешім шықпаған көрінеді. Тұңғыш рет кәсіби театрдың негізін қалаған, өзі еңбек еткен Алматы қаласында атамыздың атындағы көше бар-жоғы 700 метрдей ғана. Оның өзі қаланың шет аймағында орналасқан, жұрт біле бермейді. 

- Шаниндер әулетінде Қасымхан ағамыздан басқа аталарының жолын қуғандар бар ма?

- Біз төрт ағайындымыз. Үш әпкем бар. Олар бүгінде түрлі қызметте, бірақ өнер жолында емес. Менің негізгі мамандығым актер. Мәскеу қаласында оқығанмын. Қазір мәдениет саласында жұмыс істеймін.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Жаннета Жазықбаева: Балаларды қолдау әкімдердің көзқарасына тәуелді
Аманхан Әлімұлы: «Біз маңдай термен табылған нәрседен ұялмауымыз керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу