«Әйтенов кетсін!» Президентке петиция жазу қисынды ма, бос қиғылық па?

Oinet.kz 20-01-2022 2499

«Қанды қаңтардан» кейін елде өте көп өзгерістердің болатындығы айтылуда. Айтса айтқандай, бұрынғы Президентке жақын адамдар қызметтерінен алынып жатыр. «Террорист», «бандит» деген сөздермен бірге соңғы уақытта «олигополия» деген термин көп айтылатын болды.  Осындай өліара кезеңде Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтеновті қызметінен босату үшін қол жинау басталды. Әйтенов Шымкенттің әкімі қызметіне осыдан екі жыл бұрын 2020 жылы қаңтардың 20-ынан кейін тағайындалған еді. Былтыр дәл осы уақытта ипподромның орнына тұрғын үй кешенін салу мәселесі бойынша екіге бөлініп, өзара айтысқан шымкенттіктер міне, биылғы қаңтарда Әйтеновтің оставкісін талқылап жатыр.  Мәселенің дәл осы қысылтаяң кезде қойылуы кездейсоқтық па? 

Screenshot_1.jpg

Шымкенттің әкімін орнынан босатуды сұранып,  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнап петиция жазылды және ол осы арнайы ашылған ғаламтордағы онлайн-платформада жарияланды.  Петицияны жазушылар әкімнің «адресіне» біраз айыптаулар айтады.  

Алдымен Президентке жазылған коллективтік арыздың (петицияға осылай деп анықтама берсек болады) жалпы сипаттамасына тоқталсақ. Хат қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Орыс тіліндегі нұсқасы тәп-тәуір,  ал қазақ тіліндегісінің ақсап тұрғаны бірден көзге ұрады.  Бірде Әйтенов десе, бірде Айтенов деп қойып қалады. Кейбір сөздер  өзара үйлеспейді.  Бұдан  петицияның алдымен орыс тілінде әзірленгені, одан кейін барып қазақ тіліне қарадүрсін аударылғаны аңғарылады. 

Платформадағы петицияға қол қойғандарға өздерінің пікірлерін жазуға мүмкіндік берілген. Пікірлердің дені орыс тілінде жазылған. Яғни, Әйтеновті қызметінен кетіру жөніндегі бастаманың орыс тілді ортадан шыққандығын байқауға болады.  

Әкімге наразылық білдірушілердің бірінші көлденең тартқан айыптауы – Әйтенов қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде көрінбей кетіпті. Шымкенттің әкімі осы әрекеті арқылы күрделі кезеңнің сынағынан өте алмаған.  

– Шымкент үшін ең қиын күндері қаланың әкімі көпшілікке арналған алаңнан жоғалып, өзінің орынбасары Шыңғыс Мұқанды халыққа шығарып салды,– делінген петицияда.  

Хатты жазушылар бірінші орынбасар Шыңғыс Мұқанды да оншалықты жақсы көрмейтін сияқты. «Ол әлі күнге дейін қала тұрғындары алдында Наурыз-2021 мерекесін өткізуге жарты миллиард жұмсағаны үшін есеп бермеген және шымкенттіктер арасында өте күмәнді беделге ие», деп көрсетеді.  

Шымкентте қаңтардағы болған бүлік екі күнге созылды. Бұзақылар қалалық әкімдікті, оған жақын жатқан «Түркістан» сарайын, драма театрды талқандады. Әсіресе,  Көрме орталығы қатты бүлінді. Көптеген көліктер өртелді. Әкімдердің азаматтығы мен іскерлігі сынға түскен кезеңде Мұрат Дүйсенбекұлының көрінбей қалғаны рас. Ол кейінірек телеарналардан төбе көрсетті. Әкімнің осы кезде қайда болғаны туралы түсініктемелер де болған жоқ.  

Петициядағы түсініксіз аудармалардан түсінгеніміз, Әйтенов бір кездері асар әдісімен салынған ипподромды жуырда Президенттің өзі айтқан олигополияға жақын құрылыс компаниясының мүддесі үшін талқандап тастапты. Шымкент жолдарындағы жағдайды одан әрі ушықтырыпты. Балалар алаңшалары бұзылып, оның орнына жеке клиника салыныпты.  – Бұл Шымкент қаласының қазіргі әкімінің миллионды қала басшысы ретінде оның толық дәрменсіздігін айғақтайтын “ерліктерінің” шағын ғана тізбесі,– делінген петицияда.  

Соңында Президенттен Әйтеновті қызметінен  босатып, оның орнына шымкенттіктердің сенімі мен қолдауына ие дана саясаткерді тағайындау сұралыпты. Соңғы жағы шолақтау біткен петицияның мән-мазмұны осы ғана. Петицияға қол қойғандардың біразы өздерінің пікірлерін білдірген. Осы пікірлерге қарағанда, Шымкентте дәл Әйтеновтей біліксіз әкім бұрын-соңды болмаған көрінеді. Қалада көлік тығыны көп, тазалығы нашарлаған.  

Жалпы,  Шымкенттің тізгінін қолға алғанына екі жыл болған Әйтенов  «плюсы» да, сонымен қатар «минусы» да бар шенеунік саналады. Біржақты баға беруге болмайды. Әйтенов өзіне дейінгі талай әкімнің тісі батпаған Қонаев көшесін ұзарту жобасын қолға алды. Рысқұлов – Қонаев көшелерінің қиылысындағы жолайырық аяқталды. Қаңтарда Арғынбеков – Бәйдібек би көшелерінің қилысындағы жолайырықтың құрылысы басталды. Ал енді минусына тоқталсақ.  

Жалпы, соңғы жылдары Шымкентке әкім болған атқамінерлердің ерекше іскерлігін байқай қойғанымыз жоқ (мегаполистің «дана саясаткерге» зәру болғалы қай заман). Әрбір сөзі хит болған Әбдірахымовтың тірлігі хит бола алмады. Айтаханов пен Сауранбаевтың  келгендерінен кеткендері тез болды.   

Әйтеновтің де жұрт құптамаған тірліктері жетіп артылады. Ол ең басты қателікті кадрлық салада жасады. «Бозарық» қосалқы станциясы құрылысының уәде етілген мерзімнен көп кешіктіріліп, әрең дегенде былтыр тапсырылуы,  әлдеқашан бітуі тиіс автоматы газ тарату станциясының (АГРЭС-3) әлі күнге іске қосылмауы тікелей кадрлардың біліксіздігімен байланысты. Әйтенов келгелі Шымкентте сыбайлас жемқорлықтың көбейгенін жасыру мүмкін емес. Қалалық әкімдікке қарасты мекемелерде парамен ұсталу, қазынаның қаржысын жегені үшін сотталу фактілері көбейді.  

Айтпақшы, шатақтың көбі мәдениет саласынан шығып жатыр. Шымкентте қазір қойылған қарапайым ескерткіш те шуға ұласатын дәрежеге жетті. Болмашы шараларға қазынадан миллиондап ақша бөлу, Алматы, елордадағы әлдебіреулердің жобасын Шымкентке алып келіп, оны бюджеттен қаржыландыру тақырыбы бүгінде журналистердің, әлеуметтік желі белсенділерінің негізгі «азығына» айналды. Ал жоғарыдағы петицияда аты аталған Шыңғыс Мұқан жетекшілік ететін идеология  саласында мекеме басшыларынан ақша жинау, кәсіпкерлерді майшелпекке айналдыру жөнінде алыпқашты әңгімелер өршіп тұр. Мұның бәрі алдағы уақытта арнайы зерттеуді қажет етеді.  

Айтпақшы, «петицияның дәл осы кезде жазылуы кездейсоқтық па?» деген сауалға қайта оралсақ. Естеріңізде болса, 2019 жылдың наурызында Мемлекет басшысы болып тағайындалған Қасым-Жомарт Тоқаевтың маусымда Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымовты масқара жағдайда қызметінен кетіргені белгілі. Оның орнына тағайындалған Айтахановтың тікелей Тоқаевтың кадры екендігі айтылды. Алайда «Тоқаевтың кадрының» Шымкенттегі дәурені алты айға да жетпеді. Оның орнын Әйтенов басты. Мұрат Дүйсенбекұлы Назарбаевтың кезінде Президенттің іс басқармасында лауазымды қызмет атқарған. Оның Елбасының командасындағы кадр екендігі көп айтылды. Әйтенов әкім болған екі жыл ішінде Тоқаевтың Шымкентке бірде-бір мәрте ат басын бұрмағаны, тіпті Шымкенттің әуежайы арқылы Түркістан облысына келіп тұрып, мегаполиске соқпай кеткенін жұрт әрқилы жорыған. Шымкенттің әкімін қызметінен босату жөніндегі петицияның  экс-президент жақтастарының шетінен қызметінен кетіп жатқан тұста жазылуы кездейсоқтық па? Мұны енді қалай жоруды өзіңіздің еркіңізге қалдырдық.  

P.S. Кеше сәрсенбінің кешіне дейін арнайы онлайн-прлатформада жарияланған петицияға қол қоюшылардың саны 480-нен асты.

Жәнібек ТАРХАН,

"Рейтинг" газеті, 20 қаңтар, 2022 ж

Назарбаевқа ешкім тиісе алмайды
20 мың долларлық сағат тағатын Шымкенттің бас полицейі қызметінен қашан босайды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу