Айдос Сарым: Қазақтың проблемасын қазақтан басқа ешкім шеше алмайды

Oinet.kz 15-04-2019 821

Screenshot_25.jpg

Рейтинг:  Әлем қайда бет алып барады?

Айдос Сарым: Ал бұрын қайда апаратын еді? Әлем қашанда бір жаққа апарады. Үлкен үрдістер мен үдерістер бар. Мысалы, жақсы болсын, жаман болсын, әлем елдері ғылыми-техникалық тұрғыда қарыштап дамып келеді. Мысалы, осыдан жиырма жыл бұрынғы тыныс-тірлігіміз бен бүгінгі жүріс-тұрысымызды салыстырып көрейікші. Бізге дейін қазақтың ешбір ұрпағы көрмеген ғылыми-техникалық даму деңгейін, оның мүмкіндіктерін тұтынып жатырмыз. Уақыт үдеп, кеңістік тарылып бара жатыр. Бүгінгідей уақыт жылдамдығын ешбір бабамыз елестете алмаған. Дәл бүгін біз бар-жоғы бір тәулік ішінде жер шарын айналып өте аламыз. Алтайдан Атырауға дейін небары 3-4 сағатта жетіп бара аламыз. Кез келген ақпарат жарияланған бойдан барша қазаққа, қажет десеңіз, барша әлемге таралып кетеді. Мұндай жылдамдық аталарымыз түгілі, туған әкелеріміз үшін ертегі іспеттес дүние. Жақсы болсын, жаман болсын, әлемнің саясаты жұмсарып келеді. Әлемге ортақ стандарттар, ойын ережелері қалыптасып жатыр. Бір ғана әттеген-ай бар: әлем елдері, халықтары осындай аса күрделі өзгерістерді рухани, мәдени, философиялық тұрғыдан қорыта алмай келеді. Біздің ойлау жүйеміз болашаққа емес, өткен күнге қарай бұрылып отырған сияқты. Болашақты түсіну, түйсіну үшін сол болашақты сол болашаққа лайықты тілде, ойлау категорияларында қарастырып, зерттеу керек. Бұл тек қазақ ойшылдарына ғана тағылар айып емес. Әлемдік үрдіс. 

Қазақ елінің жайына келетін болсақ, ұлтымыз кезінде тарихта болған аса қиын кезеңдерімен пара-пар аса қиын онжылдығымызды басымыздан өткеріп отыр. Тәуелсіздігіміздің алғашқы он жылы 2011-2020 жылдармен салыстырғанда «баланың тірлігі» болып қалды. Өкінішке қарай, алғашқы жылдары көптеген аса қажетті үрдістерді басымыздан өткермедік, тәніміз күйзелсе де, жанымыз бен ақылымыз аса қатты күйзеліске түскен жоқ. Елімізді отарлық сападан шығара алмадық, отарсыздану, тоталитарсыздану сияқты ауадай қажетті, ұлттың тынысын ашатын күрделі үдерістер елімізде жүргізілген жоқ. Шындығында, шынайы тәуелсіздігіміз үшін күрестің екінші кезеңін бастап келеміз. Мемлекет, жер, тарихи сана тұтастығын алдағы он жылда асқан белсенділікпен жасақтай түсуіміз керек. Мұның барлығы да елдің әл-ауқатын, әлеуметтік тынысын, экономика мен бизнестік қажетті деңгей-дәрежедегі өсімін қамтамасыз ету міндеттерімен қатар жүруі керек. 

Қысқасы осы. 

Рейтинг:  Жалпы адамзат қоғамында соғыссыз дәуірдің болуы мүмкін бе? Басқа кезеңдерді былай қойғанда, біз дүниеге келген 40 жылға жуық уақытта мылтық мүлде атылмаған жалқы күн де болмаған сияқты.

Айдос Сарым: Оныңыз рас. Бұның себебін түсіну үшін, біз «кімдер мен кімдер соғысып жатыр?» деген сұраққа жауап іздеуіміз керек сияқты. Негізінен барлық соғыс, атыс-шабыс рухани-мәдени тұрғыдан тұрақтамаған, отарсыздану, тоталитарсыздану сияқты күрделі үдерістерді толығымен басынан өткеріп болмаған елдер арасында жүріп жатыр. Бұдан тек алпауыт елдердің жымысқы саясатын іздей берудің қажеті жоқ. Егер барлығына тек «АҚШ кінәлі» немесе «исламшылар кінәлі» дегенге саятын жеңіл-желпі жауаптарды тауып, соған тоқтасақ, аса үлкен қателікке бой алдырғанымыз. Ғасырлар бойы бір-бірімен кескілесе соғысқан Еуропа елдері бүгін өзара соғыспайды. Анық ақиқат. Шайқастардың, соғыстардың барлығы кешегі сол Еуропа елдерінің отары болған мемлекеттер мен ұлттар арасында жүріп жатыр. Фридман сияқты футурологтар «Африканы әлі де болса 100 жыл бойына жайына қалдыру керек» деп жатыр. Бұл елдердің шекаралары, қатынастары кезінде қолдан, асығыс-үсігіс жасалған, тілдік, діни, мәдени, этностық ерекшеліктерді ескере бермейді. Сондықтан Африка елдері арасындағы соғыстар ұзақ уақыт бойы тыншымайды деп жорамалдауда. Осы мәселелерін шешіп алғаннан кейін, Африка елдерінде билік мәселесі, элиталар арасындағы қақтығыстар, экономикалық мүдделер үшін жүретін соғыстар болады. Бұл да біраз уақыт. Әбден титықтап барып, қантөгістен шаршағаннан кейін ғана белгілі бір ортақ саяси мәдениет, ойын ережелері қалыптасады. Сол кезде Африкаға инвестиция, ірі мүмкіндіктер келеді. Бүгін, байқасаңыздар, Африка баяғы отарлық замандағыдай тоналып жатыр. Жерасты байлықтарын игеріп, оны сыртқа шығару үшін ғана тіршілік жасалуда. Шынайы, үшінші мыңжылдыққа лайықты даму тек аз-маз оазистерде ғана жүргізілуде. Оңтүстік Америка елдері осындай кезеңдерін аяқтап қалды. Ең үлкен мәселенің бірі – Азия елдері болмақ. Өкінішке қарай, біздің ел де, ұлтымыз да осы қатарда. Біздің элита үшін ең басты мәселе біреу – уақыт пен кеңістікті алдап өтіп, елдің тұтастығы мен бірлігін сақтап, алпауыт елдердің жемі болмай үшінші мыңжылдыққа экономикалық тұрғыдан, инновациялық тұрғыдан алда келе жетқан елдердің санатына қосылу. Шынын айтсақ, осыдан басқа дұрыс мүмкіндігіміз де жоқ. Мұхиттағы арал емеспіз. Егер әлемдік көштен қалып қалсақ, заман көшіне ілесе алмасақ, содан орнымызды таба алмасақ, онда ұлт-мемлекет ретіндегі болашағымыз бұлыңғыр болмақ. Бұл үшін ұлт-мемлекетімізге кем дегенде 10 жыл тыныштық пен аса қарқынды рухани-мәдени, саяси, экономикалық дамуды қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұрынғыдай «алдымен экономика» деп өзімізді-өзіміз алдап, жұбатып, теңселіп жүретіндей еш тарихи уақытымыз жоқ. Менің ойым осы. 

Рейтинг: ХХІ ғасырда лас, былғаныш, қатерлі саяси технологиялармен билікті ұстап тұруға тырысу ұстанымы неге өміршең?

Айдос Сарым: Биліктің қашанда өз сиқыры болған. Бұл туралы тонна-тонна әдебиет жазылған. Мұның сыртында экономикалық мүдделер бар. Біреулер үшін биліктегі әрбір минут – бір миллион доллар болуы ықтимал. Және ол капиталдардың заңсыз жиналуы, заңды бұзу арқылы келуі «билікті қайткен күнде де ұстап тұру қажет немесе капиталдан да, басымыздан да айрыламыз» деген дилемманы туғызады. Саяси мәдениет қалыптаспай, қоғам белгілі жазылған, жазылмаған ережелерге тоқтамай, бұл үдерістер жалғаса береді, жалғаса береді. 

Рейтинг: Түбір бір халықтардың бір-біріне жауығуы алдағы бүкіләлемдік ақырдың жеделдеуін көрсетіп тұрған жоқ па?

Айдос Сарым: Әлем тарихында неше түрлі жағдайлар орын алған. Үлкен тарих тұрғысынан қарасақ, бүгін алып бара жатқан керемет жаңалық жоқ. Егер жер бетіне аспаннан алпауыт астероид түспесе немесе ядролық мемлекеттердің басшылары шетінен жынданып, атом бомбаларын жүздеп жара бастамаса, ақырзаман келе қоймайды. Ақырзаман – ең алдымен, философиялық және психологиялық мәселе. Қазақ тарихында «біттік, ақырзаман келді, орнады» деген талай заман болған. Бүгінгі «ақырзаман келерде қара қытай қаптайды» деген нақылымыз кешегінің әңгімесі емес, 11 ғасырдағы Қараханидтер заманының нақылы. Сол нақылды алып, шаңын сүртіп, бүгінгі қытайға қарсы қолдануымыз да біздің ел, ұлт ретіндегі ойлау жүйеміздің, санамыздың тым артта қалғанын білдіреді. Ол қара қытайлардың бүгінгі хань-қытайларға қатысы жоқ, мысалы. Бірақ тарихи санаға, жадымызға енген штамптардың өміршеңдігін дәлелдейтін нақыл. Баяғыда Наполеон айтыпты ғой, «бүгінгінің генералдары кешегі соғыстардан сабақ алып, соларға қайта дайындалады» деп. Біздікі де сол. 

Рейтинг: «Ешқашан мемлекеттілік болмаған» деп көшбасшысы, «Қазақстан деген ел жоқ» деп саяси партиясының көсемі мәлімдемені еркін жасай беретін көршісі бар жағдайда Қазақстан қандай саясат ұстануға тиіс?

Айдос Сарым: Менің ойымша, қазақ ұлты жаңағы айтылған ақырзаманшылық философия мен психологиядан арылып, әлемді жетік түсініп, жаңа заманға лайықты түрде ойлана бастауы керек. Қазақ өткен тарихи жол, әрине, қазақ мемлекетінің саяси негізі, астары, тұғыры. Бірақ тарихи сара жол болашаққа кедергі болмауы тиіс, жаңа мүмкіндіктер мен мүдделерді көруге, тиімді пайдалануға нұқсан келтірмеуі тиіс. Қазақ ұлттық мемлекетін құру үшін ең алдымен санамызды өзгертуіміз керек. Соған ауадай қажетті отарсыздану, мәдени модернизация, тоталитарсыздану, ақпараттық тәуелсіздікке қол жеткізу деген сияқты үдерістерді жүйелі түрде іске асыру міндет. Барлық қоғамдық және мемлекеттік институттарды күшейтіп, орнықтыру керек. Әсіресе армиямыздың жағдайына асқан жауапкершілікпен қарап, оның солдаттар мен генералдардың жиынтығы емес, ел-ұлт үшін жанын беріп, қызғыштай қорғай алатын армияға айналдыру міндет. Қазақтың проблемасын қазақтан басқа ешкім шеше алмайды. Қазақтың тәуелсіздігін қазақтан басқа, қазақ армиясынан басқа ешкім қамтамасыз ете алмайды. Қазақ ұлты дегенде, қазақ деген кезде тек қазақ этносының өкілдерін меңзеп отырған жоқпын. Елде тұрып жатқан әрбір азамат ел заңын құрметтесе, орындаса, елдің құндылықтарын, тарихын, тілін, арман-мұратын өзімдікі деп санаса нәсіліне, дініне қарамастан автоматты түрде қазақ болып саналады деген философия мен саясатты қалыптастыра білуіміз керек. Басқа жол көріп отырған жоқпын.  

Рейтинг: Жалпы «үнсіз», «көнбіс» элитасы бар Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымдары қаншалықты орынды?

Айдос Сарым: Кешегі күн үшін «орынды» болып саналуы мүмкін. Ал ертеңгі күн үшін, болашақ үшін кертартпа дүние болып шығуы ықтимал. Мәселе тек осы екеуінің ара-жігін дұрыс, дер кезінде ажырата білетін, бір саясаттан екінші саясатқа тез арада кірісе алатын саяси элитаның болуында. Дәл бүгін бұндай саяси элитаның бар екендігіне күмәнім зор. 

Рейтинг: Ақпаратты негізінен көршілердің қоржынынан алатын, әлемдегі негізгі оқиғалардың бәрін сырттай ғана бақылайтын қазақ журналистикасы қазіргі аласапыран жағдайда халықты ақпараттық соғыстан аман алып шыға ала ма?

Айдос Сарым: Өкінішке қарай, әлі де бәсекеге қабілетті емеспіз. Мәселе тек қыруар қаржыда ғана емес. Намыстың әлсіздігінде, әрекеттің аздығында. Жеке бастың жауапкершілігін дұрыс түсініп, оны ұлттық мүддемен табыстырып, соған сай әрекет ете білетін белсенділікте. Көптеген жағдайда біздің бар әрекетіміз тек күрсіну және түңілумен шектеледі. Бәрін билікке, қоғамға, заманға итере береміз. Жауапкершілікті соларға қарай ысыра саламыз. Ал қоғам, мемлекет тобырдан емес, таптан емес, жекелеген, аты-жөні, көзқарасы, меншігі, мүддесі, психологиясы бар нақты адамдардан, азаматтардан құралады емес пе? Осыны түсінбей, еш жақсы жаңалыққа жете алмаймыз. Ішіміздегі жіктерімізден, руымыздан, тобымыздан, діни ұйымымыздан, партиямыздан, редакциямыздан ажырай алмасақ, солардың ғана айтағымен жүрсек, онда қайдағы ұлт-мемлекет?  «Мемлекет деген – мен, ұлт деген – мен, мен істемесем, ешкім істей алмайды» деген психология керек. Ұлт болып, мемлекет болып құрылу үшін, қайта жаңғыру үшін әрбір азамат сол ұлт пен мемлекеттен белгілі дәрежедегі қашықтықты, автономияны сақтай білуі де керек. Осы қашықтық пен автономияға қол жеткізіп барып қана, осы мемлекет пен ұлтсыз күн көре алмайтынмызды сезініп қана біртұтас, мызғымас ел бола аламыз. Ұлттың да, мемлекеттің де қателесетін кездері болады. Сол кезде тіпті барша әлеммен жалғыз тұрып айтысатын кездер болуы мүмкін. Еліне күйінген Абай атамызды еске алыңызшы. Егер Абай жұрттың жүргенімен жүріп, жұрттікі дұрыс дей берсе, Абай болар ма еді? Миллиондар, миллиардтар қателеседі. Миллиардтардікі дұрыс десек, шыбынға ұқсап өлексе іздеп кету керек. Әрбір жеке адамның құндылығы қажет. Соған деген, соның құқығы, мүддесіне деген құрмет керек. 

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

Мұрағаттан: 04.09.2014


Ардақ Балажанова: «Әншілерді дәстүрлі және эстрадалық деп бөліп-жарған дұрыс емес»
Ғалымжан Жолдасбай: «Дәстүрлі әндерді жаңартқаннан ұтылған жоқпын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу