Берденовтің отставкасы... Экс-орынбасардың үнсіздігі нені білдіреді?
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған Руслан Берденовтің үшінші мегаполистегі шенеуніктік дәурені екі айға да жетпеді. Ол бұл лауазымға биыл ақпанның соңында тағайындалған болатын. Сәуірде оған қарамағында істейтін қызметкері Ернар Жиембайдың қастандық жасап, отты қарумен ауыр жарақаттағаны белгілі. Жуырда кісі өлтіруге оқталды деген айыппен Жиембай 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ал қызметке келер кезде әділдік орнатып, сыбайлас жемқорлықпен аяусыз күресетіні туралы жарнамасы жер жарған уәделердің авторы Берденовтің өзі креслосын сақтап қала алмады. Оның отставкіге кеткені өткен аптаның соңында белгілі болды... Шенеуніктік тағдыр деген осы.
Иә, бұл әсіресе, шымкенттік шенеуніктерге көбірек қатысты. Байқасаңыз, үшінші мегаполиске қызметке келген атқамінерлердің көбісі тау қопарардай қадау-қадау жоспарларын жария етеді. Бірақ сол жоспарларының оннан бірін де орындамастан кері кетеді (егер берілген уәделердің тым құрыса 10 пайызы орындалса, Шымкент баяғыда Лас-Вегас, Лондон, Париж болып кетер еді ғой). Мұны бір деңіз. Екіншіден, Шымкентте лауазымды қызмет атқарғандардың ішінде карьерасы кереметтей өсіп кеткен шенеунік кемде-кем. «Шымкент карьераны өшіретін жер» деген сөз де соңғы уақытта көп айтылады. Руслан Берденов осы «түсініктің» растығын кезекті рет дәлелдей ме, әлде шенеуніктік дәуренін өзге өңірде жалғастыра ма? Мұны тақсыр уақыттың төрелігіне тапсырдық.
Руслан Берденовтің қызметтен кететінін алдымен телеграм каналдар жазды. Әлеуметтік желіде алдағы уақытта Сыздықбековтің орынбасарлары арасында ауыс-түйістер жасалатыны да жарияланған болатын. Орынбасарларға да, Берденовке де қатысты болжамдар дөп келді. Берденовтің жақын арада креслосымен қош айтысқалы жатқанын өткен аптаның сәрсенбісінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек дәстүрлі баспасөз мәслихатында жұқалап жеткізген еді.
«Біздің мәліметіміз бойынша, Руслан Берденов, мүмкін, әкімдіктегі жұмысын аяқтауды шешкен. Мұндай жағдайда ол тиісті өтініш жазуы мүмкін. Бұл – әр адамның өз таңдауы мен қалауы. Әрине, ол денсаулығымен айналысуды шешкен сияқты. Алайда ресми түрде бұйрық шықпайынша, біз оны қала әкімінің орынбасары деп есептейміз»,– деген болатын Сәрсен Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Осыдан кейін кейбір ақпарат құралдары еңбекке жарамсыздық парағы болған жағдайда қызметкердің үш айға дейін аурухана парағында болуға құқылы екендігін, тек 6 ай өткен соң ғана жұмыста қалу-қалмауға қатысты шаралар қолданылуы мүмкін екендігін жаза бастаған. Өткен аптаның соңында Шымкент қалалық әкімдігі Берденовтің қызметтен босатылғанын ресми түрде мәлімдеді.
Бір қызығы, Берденовтің «өз еркімен қызметтен кеткені» жөніндегі мәлімет әкімдіктің ресми сайтында емес, инстаграмдағы парақшасында ғана жарияланды. Содан бергі аралықта бірнеше күн өтті. Берденовтің өзі қызметтен неге кеткеніне қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Әдетте лауазымды шенеунік жұмыстан босатылған кезде жұртшылықпен, әріптестерімен әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы қайыр-хош айтысып, өзін қолдаған жұртшылыққа алғысын білдіріп жатушы еді. Денсаулығына, қызметтік тағдырына бүкіл ел алаңдап жатқан Берденовтің үндемеуі адамды әрқилы ойларға жетелейді екен.
Жалпы Руслан Берденов өзіне қатысты жәйттарға әлеуметтік желі арқылы түсініктеме беруді дәстүрге айналдырған. Мәселен, 26 маусымда ол «Республика» партиясының тең төрағалығынан кеткенін, себебі мемлекеттік қызмет пен төрағалықты қатар алып жүруге жол берілмейтінін хабарлап, «мемлекеттік қызметтегі лауазымын өз деңгейінде атқаруы керектігін» жазған екен. Ернар Жиембайдың соттағы мәлімдемелеріне де ол алғашқыда әлеуметтік желі арқылы жауап берді. Осы жазбаларында ол «үнсіздік келіскеннің белгісі емес», немесе «үнсіздік келіскеннің белгісі десе, қателеседі» деген сөздерді келтірген екен. Берденовтің бұл жолғы үнсіздігі нені білдіреді? Келіскендіктің бе, әлде келіспегендіктің бе? Қалай десек те, бұл жағдай Берденовтің қызметтен «өз еркімен» кеткеніне күмән туғызады. Дәлірегі өзіне қатысты қолданылған кадрлық шешіммен келіспегенін білдіретін сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
Ал енді экс-орынбасардың келешек карьерасы туралы не айтуға болады?
Кейбір дереккөздер Берденовтің жақын арада Алматы қалалық әкімдігіне қызмет ауыстырып, сол жақтағы бір мекеменің басшысы болуы мүмкін екендігін жазыпты. Ал енді кейбір телеграм каналдар басқаша құбылтады. Мәселен, DALA ІNSІDE каналының жазуынша, соңғы уақытта саяси мемлекеттік қызметкер саналатын тұлғалардың түрлі тұрмыстық, криминалды жанжалдардың кейіпкері болуы Үкіметке ұнамаған. Бүкіл қоғам талқылап жатқан бұл жағдай Қазақстандағы басқару институтының беделіне айтарлықтай нұқсан келтірген.
«Жабық есік жағдайында талқыланып жатыр. Бір облыс әкімінің заңсыз некеден туған баласына қатысты дау ұятты жағдай туғызды. Бір қалада әкімнің орынбасарына оқ атылып, оның соты қоғамда кеңінен талқылануда. Онда айтылып жатқан түрлі әңгімелер мемлекеттік басқару аппаратының имиджіне түрпідей тиді. Сондықтан бұл істің фигуранттарына саяси қызметтен өз еркімен кету опциясы ұсынылуы мүмкін. Оларды сәл төмен «А» корпусына ауыстыру ұсынысы да қаралуда», – депті DALA ІNSІDE-нің құпия дереккөзі.
Естеріңізде болса, Ернар Жиембай сотта қызмет барысында Руслан Берденовтің өзімен дөрекі қарым-қатынас жасағанын, оқиғаның шиеленісуіне осы жағдайдың әсер еткенін айтқан болатын. Әкім орынбасарының қарамағындағы қызметкері Жиембайдың «ар намысына тиетін сөздерді айтып, оны кемсіткені» сот үкімінде де келтірілген. Берденовтің қызметтен кетуіне осы оқиға әсер еткен болуы әбден мүмкін. Кім біледі?
Ал Шымкент қалалық әкімдігінде кадрлық ауыс-түйістер әлі жалғасып жатыр. Өткен аптада Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Ержан Сейтенов қала әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Сейтенов Сыздықбековтің алып келген, ең сенімді кадрларының бірі саналады. Жаңа орынбасардың қай салаларға бақылау жасайтыны әлі белгісіз.
Айтпақшы, Шымкент қалалық әкімдігінде әкім орынбасарларының штаты бесеуге көбейді. Бесінші орынбасар осы аптада келіп қалуы әбден мүмкін.
Соңғы уақытта билік дәлізінде Ғабит Сыздықбековтің жақын арада Астанаға қызмет ауыстырып, тіпті үй ішін Шымкенттен көшіруге дайындалып жатқаны туралы әңгімелер айтылып еді. Орынбасарлар арасындағы үлкен ауыс-түйіс бұл әңгіменің негізсіз екендігін байқатқан сияқты.
Дегенмен кім біледі?
«Рейтинг» газеті, 3 қыркүйек 2025 жыл.