Жеңіс Кәкенұлы, суретші: «ЭКСПО қазақты ұятқа қалдырмаса игі еді»

Screenshot_16.jpg

- ЭКСПО-ға қатысуға ниетті екенсіз. Көрмеге қандай туындыңызды дайындап жатырсыз?

 - ЭКСПО-ға қатысуға ниетті екеніміз рас. Алайда, сол жерге картина ілгеннен бұрын, әлемдік дағдарыс кезіне тұспа-тұс келген бұл іс-шара – қазақты ұятқа қалдырмаса екен деген күдігім күшті.

- Ең ұзақ салған картинаңыз?

- «Бәсіре» картинасы ең ұзақ жазылды-ау. Шамамен бір жылдай уақытымды сарп еттім. Туындыда бүтін бір әулеттің өнегелі өмірі суреттелген. «Бәсіренің» әлі де бір жері «піспей» тұрғандай көрінеді өзіме.

- Сурет өнері саясатқа қаншалықты әсер ете алады?

-  Сурет өнері саясатқа бір кездері әсер еткен кездері болған шығар. Ал тап қазір саясат шіркініңіз суретке пысқырмайды да. Кезінде карикатура арқылы саясатқа аздап араласқаным бар. Қазір  «мен араласқанмен, саясат түзеле қоймас» деген принципті ұстанамын.

- Біз сөзіңізде "суретшілер қорғансыз халық" депсіз. Бұл сөздің астарында не мән жатыр?

- Тәңірден «суретшілік» дейтін ғана миссиямен келген соң, өзге шаруаға қыры жоқ болғасын «суретшілер қорғансыз халық» демегенде не дейміз? Оның керек-жарағының бәрі, шеберханасын жалдау, көрме өткізудің, жарнамалаудың бәрі-бәрі қаржыға келіп тірелетінін ескерсек ол пайым растала түседі. Әншілер өзі туралы айтып жатады, жазушылар өз жазғанынын тоқпақтап қорғап жатады. Ал салғанын айта алмайтұғын, камера көрсе жасқанып қалатын, алайда салған суретін көргенде иманың ұшатын небір талантты суретшілер жеткілікті. Бәрі сондай деп айта алмаймын енді, шығармашылығын халық бағалаған, өз биігіне шыққандар бар, бірақ олар некен-саяқ. Расында суретшілерге назардың аумайтындығынан бұл. Мемлекеттің бір-бір мүшесіміз дейтін болсақ, шын таланттардың мойындалуына, танылуына назар салуы керек. Құдай Тағала осындай талант беріп, миссия жүктегеннен соң жылап-сықтап қарап отыра беруге болмайды. Ғаламат суретшілердің өзі нәумездіктің кесірінен ұмыт болып кетіп, ғасырдан кейін танылып жатқандары бар.

- Жазуышылық қабілетіңіздің бары баршаға аян. Оқырманға "Ақ зерден" басқа тартуыңыз бар ма?

- «Ақ зерден» бөлек, мерзімді баспасөз беттерінде суретшілер туралы жазғандарым анда -санда басылып тұрады. Туындыларымды жинақтап, кітап етіп баспасам да, әлеуметтік желілерге, «Фейсбук» беттеріне «контраст» сериясымен қысқа ойларымды жазып тұрамын. Жеке сайтыма да жариялаймын.

- Бүгінгі күннің кейіпкерін табу оңай ма? Қазір қай тақырыптарды бейнелеп жүрсіз?

-  Ізденген адамға, ылғи бір шығармашылық үдерісте жүргенге кейіпкер табу бәлендей қиын емес.Тақырып көп. «Сәйгүлік семантикасы», «Қала көрінісі», «Күміс қауырсын», «Көз көргендер» атты серияларымның қайсысына оңтайым, уақытым келеді, содан алып жаза беремін.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ақерке Тәжібаева, қобызшы: «Жасауымның көбісін шетелден әкелдім»
  • Перизат Тұрарова: «Ұлттық өнерді ұлықтауға құлық танытпаймыз»
  • Құдірет Топаев: «Өнердегі жетістігім Жетісай театрынан басталды»
  • ​Нұралы Әбішов: «Құрылыстағы материалдардың түгелге дерлігі – отандық тауарлар»
  • Оңалбай Аяшев: «Тілді үйренуден қорқақтап, қашқақтаудың жөн-жосығы жоқ»