Гитлер капут! Гитлер - тірі!

Гитлер тірі…Гитлер соғыс бітер сәтте ұшақпен Антарктидаға қашып кеткен. Фюрер сонда әйелі Ева Браун екеуі  20 жыл бақытты ғұмыр кешіпті-мыс. Жоқ, жоқ, Гитлер 1945 жылдың мамырында сүңгуір қайықпен Аргентинаға кеткен. Сонда ол аргентиналық нацисттермен бірге өмір сүріп, 1964 жылы қайтыс болған. Анық-қанығы белгісіз осындай мәліметтер екінші дүниежүзілік соғыстың тарихын зерттеушілердің  басын қатыра бастады. Себебі Гитлер 1945 жылы өзін-өзі өлтірді дегенге күмән келтіретін бірқатар фактілер бар, ал  тірі деуге  дәлел жоқ.  Бірақ жел тұрмаса шөп басының қимылдамайтыны тағы бар. 

Screenshot_6.jpg

Үшінші Рейхтың өмірін сақтап қалу туралы жобаны фашистер 1943 жылы жасаған көрінеді. Соғыс бітуге жарты жыл қалған кезде Оңтүстік Америкадан Гитлерге арнап қонақ үй, вилла сатып алынған. Соғыс бітер кезде АҚШ өкіметі де Үшінші Рейхтың өмірін сақтап қалуға жан-тәнімен кіріскен. Өйткені бұл кезде фашисттерден келер қауіп сейілген. Ендігі жау қызылдар болатын. Капиталистер Гитлердің коммунизмге қарсы күресте жинаған тәжірибесін кәдеге асыруды ойласа керек.  Бұдан бөлек екіарадағы келісімге сәйкес американдықтар фашистердің ракеталарына (алғашқы космостық ракеталар Гитлердің тапсырмасымен жасалған), басқа  да технологияларына және  қыруар алтын-күмісіне қол жеткізген ұқсайды. Ал, мұның қайтарымы ретінде Гитлер 1945 жылы  аман-есен Америкаға кеткен…Тап осындай ертегіге бергісіз әңгімелерді жазушы Абель Басти нақты мұрағат құжаттармен дәлелдедім деп жүр. Алайда, мұнымен зерттеушілер келіспейді. Сондықтан алдымен 1945 жылдың  сәуіріндегі оқиғаларды қайтадан сүзгіден өткізіп, бұл мәселеге таза криминалистік тұрғыдан қарап көрелік. 

У ішті ме, әлде…

Күні біткен Үшінші Реих соғыстың соңғы күндері аса ашулы болған. Себеп белгілі.  “Біз жеңілдік. Енді неміс халқы да құрып кетуі тиіс. Жеңілген халыққа аяушылық жасаудың қажеті жоқ. Зауыттарды, көпірлерді, барлық өндіріс орындарын құртыңдар. Неміс халқы әлсіздік көрсетті, бұл деген сөз болашақ енді шығыс халықтарына тиесілі” депті өмірден түңілген фюрер.

26 сәуірде кеңес әскерлері Берлиннің төрттен үшін басып алады.  Гитлер бас сауғалауға мәжбүр болады. Ол империялық кеңсенің астынан қазылған тереңдігі 8 метрлік бункерге тығылған. Гитлердің қасында оның көңілдесі Ева Браун және фюрердің сенімді серігі Геббельс отбасымен бірге,  штаб бастығы генерал Кребс болады. 

Аяғын сылтып әзер басқан, көзі қанталаған Гитлердің  түрі адам қарағысызға айналады. Оның бір  қолы икемге келмесе, екінші қолы тоқтаусыз қалтырай берген. Шамасы, неміс көсемі  ақылынан да алжи бастаса керек. 27 сәуірде Гитлер кеңес әскелерінің метроға кіргенін естіген соң Шпрее өзеніндегі шлюзді ашуға тапсырма берген. Соның нәтижесінде су тасқынынан мыңдаған неміс әскерлері мен бейбіт берлиндіктер мерт болады. 

 1945 жылдың 30 сәуірінде түскі сағат 3-тен 15 минут өткенде Гитлер бір күн бұрын ғана некесі қиылған  әйелі Ева Браун екеуі  бункеріне кіріп, есікті іштен тарс бекітеді. Арада біраз уақыт өткен соң  тапаншаның даусы естілген. Гитлер өзін-өзі атқан. …Жоқ, цианисті кали бар ампуланы аузына салып,  аса қауіпті удан тіл тартпастан өлген. …Жо-жоқ, Гитлер әуелі уды ішкен, содан кейін өзін-өзі атқан. Қарап отырсаңыз, Үшінші Рейхтың өліміне қатысты деректердің бәрі осылайша құр болжамға сүйенеді.  Неге десеңіз, оқиғаның басы-қасында тұрған ешкім жоқ. Ал, осы біраз уақыттың ішінде бункерде нендей жағдайлардың болғанын ешкім білмейді. Қызметшілер бункерді ашқанда Гитлер диванда қаны сорғалаған күйі отырған, қасында Ева Браунның жансыз денесі жатқан. Қызметшілер екі мәйітті дереу жамылғыға орап, рейхсканцелерияның бағына апарып, бензин шашып өртейді. Шала-шарпы өртелген мәйіттер асығыс-үсігіс көмілген. 

Көмілген мәйіттер расында да Гитлер мен оның жұбайына тиесілі ме, әлде… Бір айта кетері, Рейхстагты алған кеңес әскерлері көшеде өліп жатқан Гитлерден аумайтын адамды кездестірген болатын. Кейіннен оның фюрердің “сыңары” екені анықталады. Ресми мәліметтерге қарағанда, Гитлер мен Е.Браунның осындай бір емес бірнеше “көшірмесі” болған. Көмілген мәйіттің соның бірі  емес “түпнұсқа” екендігіне  ол кезде ешкім кепілдік бере алған жоқ.

Кеңес әскерлері Рейхстагты алған соң 2 мамырдан бастап Гитлердің мәйітін іздеуге кіріседі. Гитлердің, Ева Браунның, Геббельстің және оның әйелі мен алты баласының мәйіттерін 5  мамырда қызыл әскердің  барлау қызметкерлері (СМЕРШ)  тапқан.   Фюрердің қап-қара болып күйген мәйітін тану оңайға түспеген. Мәселенің мәнісі түсінікті ғой, ол кезде заман қазіргідей емес, криминалистика ғылымы дамымаған. Бүгінгідей компьютерлік техникалар жоқ. Оның үстіне соғыс жүріп жатқан. 

Ұзақ кеңесуден кейін Кеңес әскерилері фюрердің тіс дәрігері Кете Гейзерманның жауаптарын негізге алып, мәйіт Адольф Гитлерге тиесілі деген қорытындығы келеді. Алайда біраз жыл кеңес лагерінде болған К.Гейзерман бостандыққа шыққан соң өзінің жауаптарынан бас тартқан. Неге өйткені белгісіз. Мұның бәрі де бірақ нәрсенің меңзейді--Үшінші Рейхтың мәйітін тануда әйтеуір бір кілтипанның болғаны анық. Қазірг уақытта Гитлердің қалдығына  сараптама жүргізген мамандардың барлығы қайтыс болған. Құпияны олар өздерімен бірге ала кетті. Сондықтан ақиқатқа жету әзірге мүмкін болмай тұр.

Гитлер жеті рет жерленген

Рейхсканцелерияның бағынан табылған 10 мәйіт (оның ішінде Гитлер мен Браундікі де бар)  бас-аяғы жеті мәрте жерленген. Иә, Гитлер Берлинге таяу Бух, Фин, Ратен, Стендаль қалаларында болып, 1946 жылы Магдебург қаласынан тыныштық табады. Тап осы жер Гитлердің мәңгілік моласы болуы керек еді. Алайда арада 24 жыл өткенде жағдай тағы да өзгерген. 

1970 жылдың   13 наурызында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Юрий Андропов бас хатшы Л.Брежневке хат жолдап, Магдебург қаласының Герман Демократиялық Республикасына берілетіндігін, сондықтан ол жерге жерленген Гитлер мен басқа да адамдардың қалдықтарын қазып алу керектігін хабарлайды. Брежнев бұған келісімін беріпті. Осылайша КГБ-ның арнайы шұғыл тобы “Архив” операциясын іске асыруға кіріседі.

4-5 сәуір күндері Магдебург қаласындағы Клаузенерштрасседегі 36 үйдің ауласында  жатқан мәйіттер қазып алынады. Саудыраған сүйектер 5 жәшікке салынған екен. 5 сәуір күні таңертең мәйіттер көлікпен оқу-жаттығу өткізетін аулада өртеледі. Гитлер мен оның жақындарының күлі Эльба өзенің жағасына шашып жіберілген. Осылайша тура мағынасында айтқанда, 1970 жылы  фюрердің күлі көкке ұшты.

Дегенмен Гитлердің сол  өліара шақта аман-есен құтылып кеткендігі жөніндегі күдік әлі қалмай келеді. Мұндай болжамдардың сол 1945 жылдың өзінде-ақ, кеңес басшыларының  ауыздарымен айтылғаны таңқалдырады. Мәселен, 1945 жылдың 10 маусымында “Правда” газетінде маршал Г.Жуковпен өткен баспасөз мәслихатынан хабаралама жарияланған. Мәслихатта журналистер бас қолбасшыдан Гитлердің кейінгі тағдырын сұрапты. Сонда маршал “Бұл жағдай адам таңқаларлық. Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда,  Берлин тізе бүгерден екі күн бұрын Гитлер киноактриса Ева Браунға үйленген. Гитлердің мәйітін таба алған жоқпыз. Сондықтан оның кейінгі тағдыры туралы ештеңе айта алмаймын. Соңғы сәтте ол Берлиннен ұшып кеткен. Оның бұлай істеуіне толық мүмкіндігі болды” дейді.  Г.Жуков бұл әңгімені неге сүйеніп айтты екен?…

1945 жылдың 26 мамырында Сталин АҚШ-тың бір топ саяси өкілдерімен кезеседі. Осы кездесуде Сталин “Борман, Геббелльс, Гитлер және Кребс қазіргі уақытта жасырынып жүр” деген сөзді бірнеше мәрте қайталаған. Сталиннің мұны не үшін айтты? Жұмбақ.

Гитлердің басы Мәскеуде тұр

 КГБ-ның мұрағаттарынан табылған құжаттарға қарағанда, күллі көкке ұшқан Гитлердің басы сақталып қалған. Нақтырақ айтар болсақ, 1945 жылдың 17 мамырында Гитлердің мәйтін тануға байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылау үшін Берлинге Берияның орынбасары, генерал П.Мешик келеді. 23-мамырда Мешик Мәскеуге Гитлер мен Е.Браунның бас сүйектерін ала кеткен. 

Фюрердің басы Мәскеудегі КГБ-ның құпия мұражайында сақталып, жуырда Ресей мемлекеттік мұрағатының арнайы бөліміне тапсырылған. Қазіргі уақытта Гитлердің бас сүйегінің жұрнағы (жақ сүйегі) осы мұрағатта тұр.

 …Үшінші Рейх ақыры түбі Мәскеуге жеткен екен. Әрине, Мәскеуге жеткен жеңімпаз емес,  өртелген одан кейін көміліп, қайта қазылып алынған бас сүйек қана. Әйткенмен… 

Гитлер өлді, бірақ фашистік идея өлген жоқ. Басқасы басқа дәл сол фашизмнен көп зардап шеккен Ресей кейінгі кезде әсіре ұлтшылдыққа бой алдырып барады. Ертең ме, кеш пе Ресейдегі “тақырбастар” Гитлердің бас сүйегіне Құдайдай табынып жатса  таң қалуға болмайды…Қалай болғанда да, Андроповтың Гитлердің мәйітін туған елінде қалдырмай, күллін көке ұшырып жіберуі тегін емес қой…

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Атаманның ақыры» фильмінің астарында қандай шындық бар?
  • Балаға мектепте сыныптастары тиісе берсе не істеу керек?
  • Қаржы пирамидасынан сақ болыңыз!
  • «Work and Travel» бағдарламасы туралы не білесіз?
  • ​Біз білмейтін жұмбақ көп
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика