Тәуелсіздік қымбат па, жаңа жыл қымбат па?!

Oinet.kz 18-11-2010 944

Елордаға келсеңіз еңселі шырша қарсы алады. Қарашаның ортасына жетпей Астанадағы теміржол вокзалының алдына жаңажылдық шырша орнатылды. Жаңа жылға дейін әлі бір жарым ай бар. Оны айтасыз қарашаның басында-ақ, Астана көшесінің бойындағы қоғамдық орындар, сауда нүктелері есік-терезесін жаңа жылға орай жарқыратып безендіре бастаған болатын. Қазір қараша емес, желтоқсанның соңы секілді. Құрбан айтты өткіздік. Алда Тәуелсіздік күні. Бірақ, Астанада жаңа жылыңыздан жарты ай бұрын тойланатын сол Тәуелсіздік мерекесінің «иісі» де жоқ.  Мәжіліс депутаты Жарасбай Сүлейменовтің сөзімен айтсақ, «Астананың қай бұрышына барсаң да абыр-сабыр, әлем-жәлем жұрт бірдеңеден құрқалатындай жанталасып, белуардан қар жауып қаңтар есіп тұрғандай дүрлігіп жатыр». Қасиетті мереке саналатын тәуелсіздік күні осы әлем-жәлем дүрлігудің көлеңкесінде қалып тұр.

Screenshot_4.jpg

«Арнайы қабылданған «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» Заңына сүйенсек, ерекше тарихи маңызы бар ұлттық мереке болып табылатын Тәуелсіздік күнінен қымбат мереке жоқ. Иә бұл мереке - ұлық мереке. Шын мәніндегі ұлы мереке. Азаттықтың ақ таңы атқан күн бодандықтың бұғауы быт-шыт болып, халқымыз бостандықтың дәмін татқан күн. Елбасымыздың тілімен айтсақ, ежелден еркіндік аңсаған ер қазақтың ең асыл мұраты еңселі ел болу еді...», -- деді депутат Ж.Сүлейменов Үкімет басшысы К.Мәсімовке жолдаған сауалында. Депутаттың айтуынша, бұл жағдай жылда қайталанып келеді.   «Соған қарағанда жаңа жыл мерекесіне дайындықты екі ай бұрын бастау салтымызға сіңіп дәстүрімізге еніп кеткендей ме қалай?! Осыдан кейін ойланасың, басың қатады, мерекені ұйымдастыруға жауапты адамдар неге жүрісінен жаңылды?  Бізге тәуелсіздік қымбат па, жаңа жыл қымбат па?! Неге қасиетті мерекелеріміз оның ішінде айт та бар, Наурыз да бар, қайдағы бір даңғаза шаралардың көлеңкесінде қалып ұлттық құндылықтарымыз тапталып, асыл дәстүрлеріміз аяқ асты болуы керек?! Осы бізде намыс бар ма...», деді депутат ашына. Сондай-ақ, Ж.Сүлейменов Елбасының «Тәуелсіздік күнін атап өту бізге ең алдымен той тойлау үшін емес ой ойлау үшін керек» деген сөзін еске салды.  Біздің елімізде басты мереке Тәуелсіздік күніне дайындық ерте қолға алынбайды және оның шеңберінде жалпыұлттық іс-шаралар ұйымдастырылмайды. Тәуелсіздігімізді өз дәрежесінде ұлықтай алмай келе жатқанымыз елге сын екенін айтқан депутат қасиетті мерекеге көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет деп есептейді. Үкімет басшысынан осы мәселеге назар аударуды сұрайды.

Еркін ДОСЫМБАЙ

Шөкеев топ бастап тұр
Ғаббас Қабышұлы: «Билік басындағылардың топқа бөлінуі болмай тұрмайды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу