Аманатқа қиянат - екіжүзділіктің белгісі

Oinet.kz 07-09-2020 992

Аманат, сенміділік, туралық, басқаның нәрсесін қайтару деген сөз. Бір нәрсе сақталу үшін берілсе ол аманат болады. 

Ақыл-есі дұрыс мұсылманға орындауы тиіс болған діни міндеттерді «Аллаһтың аманаты» дейді. Біздің өміріміз, ақылымыз, намысымыз және адамдық қасиеттеріміз де Аллаһ Тағаланың бізге берген аманаттары. Оларға аса мән беріп, орындау біз үшін міндет. 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде былай деген: «Саған аманат еткеннің аманатын бер, саған қиянат жасағанға сен қиянат жасама» (Хадис Шәриф, Сүнәни Тирмизи). Бұл хадис шәрифті әһли сүннет ғұламалары: «аманатқа қиянат жасаған адамның иманы кәміл болмайды, бұл нәрсеге мән бермесе иманы кетеді» деп түсінді. Қиянат жасау адамдардың ренжуіне алып келеді. Бұл өз кезегінде харам және мұнафиқтың (екі жүзділіктің) белгісі болып табылады. 

Әбу Абдуллаһ Шариф Хазірет, аманатқа өте мән беріп қарайтын еді. Бір рет Қусантина қазысы Хасан ибн Бадис Әбу Абдуллаһқа бір қалта алтын аманат беріп кетеді. Ол үйіне апарып қояды. Кейін кері сұрағанында үйден алып келе жатып қалтаның бетінде 100 алтын деп жазылып тұрғанын көреді. Қалтадағы алтындар түгел ме екен деген оймен санап шығады. 75 алтын болғанын көріп азайып қалған екен деген оймен өз алтындарынан 25 алтын қосып иесіне береді. Бір екі күн өткеннен кейін қазы Әбу Абдуллаһқа қайта келіп: «Қалтада 75 алтын болуы керек еді, орнына 100 алтын шықты, мұның хикметі не екен?»- деп сұрады. Ол былай деп жауап берді: «Қалтаны сенен алған кезде ішіндегілерін санамған едім. Саған берер кезде, бетіндегі жазуды оқығаннан кейін санадым. Аз шыққанын көріп өз алтындарымнан 25 алтын қосып 100-ге толықтырдым. Бұл 25 алтынды жоғалтып алған екенмін деп ойлаған едім». Мұны естіген Хасан қазының көздеріне жас толып, мұндай адамдардың жер жүзінде бар екеніне Аллаһ Тағалаға шүкір етті. 

Негізінде адам баласы Аллаһ Тағаланың аманатын мойнына жүктеген жалғыз болмыс. Міне, егер адам Аллаһтың болсын, адамның болсын аманттарына қиянат етпесе, өз құндылығын арттырған болады. 

Адамдардың мойнында үш түрлі аманат бар: 

Біріншісі: Аллаһ Тағаланың аманаты. Ол Аллатың әмірлерін орындау, тиым салғандарынан тыйылу арқылы орындалады. Аллаһ Тағаланың адам баласына берген ағзасы да аманат, бұған қоса оның әрбіреуінің өз міндеті бар. 

Екіншісі: Адамдардың аманаты. Ол алған қарызды, аманаттарды берумен, оларға зарар бермеу және олардың кемшіліктерін басқаларға жаймау, басшылардың халыққа әділетті болулары, ғалымдардың адамдарды дұрыс жолға салулары арқылы орындалады. Дәл сол сияқты ерлі-зайыптылардың бір-бірінің намысын қорғауы мен балаларын тәрбиелеулері де солай. 

Үшіншісі: Адамның өз аманаты (міндеті). Ол: әрбір адамның діні мен дүниесі үшін ең пайдалы, ең жақсы болған нәрселерді таңдауы және сүйіспеншілігі, ашуы, дүние сүйіспеншілігі сияқты нәрселердің оны рухани зарарға түсірмеуі. 

Қорыта айтқанда мұсылманның аманатты, сенімді ақтайтын, қиянат етпейтін адам деген. «Мұсылман – мұсылманның айнасы», Сондықтан да бір-біріміздің кемшілігімізді даналықпен түзеуге тырысайық. Ендеше күнәлі істен арылып, Аллаһтың разылығын іздейік. Бізді бұл жолда табысқа жеткізсін! Амин!

Бәрінен бұрын намыстың «шешінгені» қиын екен
Құдайдан қорықпағаннан қорық
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу