Абылай ханды сөзден тосылтқан батыр

Oinet.kz 10-09-2020 1513

Жидебай батыр.jpg

Жидебай халқын жаудан қорғаған батыр әрі өткір тілді шешен болған.

Бірде Абылай хан аң аулап жүріп бір төбенің басында ұйықтап жатқан адамды көреді. «Бұл неғылған жан?» деп таңқалған хан әлгі адам орнынан тұрған сәтте:

- Уа, батыр, үйге сыймай далада жатқаның қалай? – депті.

Сонда әлгі кісі:

- Демалуға қазақтың кең даласын қимай қызғанып тұрған өзің кім боласың? – депті. Жолаушының сұсынан сескенген Абылай хан сонда:

- Қазақтың Абылайы мен боламын. Енді өз жөніңді айт, - дейді. Сонда атына ырғып мінген жолаушы:

- Өзіңнің қара басыңның қамын ойлаған хан болсаң, қас дұшпаның болармын, қамыққан халқыңның қамын ойлар болсаң, айнымас асыл серігің болармын, - деп жүріп кетеді.

Абылай хан нөкерлерін ертіп ордаға келген соң әлгі адамға сұрау салады.

Сөйтсе, ол Жидебай батыр екен. Сонан Абылай оны әскербасыларының бірі етіп алады.

Бір жылы жоңғарлармен болған ұрыс кезінде Абылай ханның әскерлері жеңіске жетеді. Жеңіс құрметіне той жасаған хан әскерлерінің күшін мақтан етіп, асқақтай сөйлейді.

Сонда Жидебай былай дейді:

- Уа, хан, аяғың алшақ, маңдайың шалқақ екен, күшіңе қарап мақтан. Найзаң тұқыл, садағың тұқыл екен, қамаған жауыңнан сақтан.

Жидебай батырдың тауып айтқан сөзінен тосылған хан үнсіз қалыпты.

Бір ауыз кәлималы шырын сөздің құдыреті сол,талай басты денесінен шауып түсіруге әзір жалаңдаған қылышты қынына қайта кіргізген.

Жапонияда болған оқиға
Кенет келген кем бір дүние
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу