Электронды сауда: Мәселе әлде мүмкіндік пе?

Oinet.kz 11-12-2020 1009

1971 жыл. Массачусетс университетінің студенттері ARPANET компьютерлік желісі арқылы Стэнфорд студенттеріне марихуана саудалайды. Дәл осылай адамзат тарихындағы алғашқы онлайн сауда жүзеге асады.  Ізінше 1979 жылы британдық кәсіпкер Майкл Алдрик теледидар мен телефон желісін біріктіру арқылы алғашқы онлайн-сатып алу жүйесін жасайды. Бұл жүйенің пайдасын тұңғыш болып  Франция тұрғындары сезінеді. Дегенмен, төлем купюра арқылы жасалады. Тек 1994 жылдан бастап төлем электронды қаржы арқылы жүзеге асады.

image.png 

Алыстан сыйлас! Әлеуметтік арақашықтық сақта! Осы екі ұғымның көлеңкесінде адамға тән қасиет қалып қоймады. Ел территориясында сан ғасыр бұрын ешкі жүні, жібек, мыспен бастау алған айырбас сауда қағаз ақшамен өтелуден қалды. Барлығы онлайн жүйеге ауысты. Шалғай ауылдарда интернет жиілігі төмен болғандықтан, дәстүрлі жүйе сақталды. Тіпті әлеуметтік жәрдемақы алу барысында банктен есепшот ашуға қиналғандар жеткілікті. Қазірдің өзінде электронды үкімет қызметін пайдалану үшін ЭЦҚ кілтті 2000 теңгеге ашып беремін деушілер көп. Оған ксерокөшірме орталықтарындағы жарнамалар дәлел. «Сауып ішер сүті жоқ, Мініп көрер күші жоқ, Ақша деген мал шықты» деп Шортанбай ақын сипаттаған ақша бүгінде өмір сапасының өлшеміне айналған. Сондықтан болар, оның төңірегінде ілгері қозғалыс көп. 

Нарықтан қағаз ақша ығыса ма?

image.png

ҰЭМ Статистика комитетінің деректері бойынша, өткен жылы елдегі электрондық коммерция көлемі рекордтық 436 млрд теңгеге жеткен (ағымдағы жылдың дерегі әлі жарияланбаған).  Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 10,24%-ға жоғарылаған көрсеткіш. Бір қызығы, бөлшек интернет-нарықтағы сатып алушылардың таңдауы жыл сайын өзгеріп отырады. Мысалы, өткен жылы  косметикалық тауарлар мен дәретхана керек-жарақтары саудасының түсімі 56,7 млрд теңгені құрап, сатылым көшбасшысы болған. Екінші орында электронды техника нарығы тұр. Ұялы телефонның сауда айналымы 22,6 млрд теңгені құраған.  Үшінші позицияда автомобильдерге арналған бөлшектер мен керек-жарақтар  –  18,7 млрд теңгелік айналым жасаған. Ал  2016 жылы құрылыс материалдары ең көп сұранымда болған еді. E-commerce көлемі бойынша Алматы тұрғындары көш басында (314 млрд теңге). Екінші орында –  Нұр-сұлтан 43 млрд теңге,  Үшінші – Шымкент –23,8 млрд теңгенің тауарын тұтынған. Электронды төлем карталары арқылы сауда жасау алгоритмі тым қарапайым. Қиыны сол – қаржыны қажетсінгенде, банкте пайда болған техникалық ақау, яки хаккерлік шабуылға тұс келмеу.

Топ KZ Retail e-commerce дерегіне сүйенсек, елімізде жыл санап онлайн саудаға сұраныс артуда. 2018  жылды бесінші орынмен қорытындылаған Kaspi.kz  биыл көш басында. Алдыңғы қатардан көрініп жүрген белді компаниялар карантин режиміне байланысты нарықтан ығысқан. Kaspi.kz ерекшелеп тұрған: қаржылық қызметтер, автокөлік сатып алуға онлайн-кредиттер, төлем карталарын пайдалана отырып, онлайн-төлемдер және ақша аударымдары,  мобильді қосымша,  қаржыландыру мүмкіндігі бар тауарларды сатып алуға-сатуға арналған интернет-алаң арқылы сервисін оңтайландырған. 

Kaspi bank қосымшасы арқылы төлем жасап жүрген ел 28 қазанда дүрлікті. Банк қызметкерлері тарапынан хаккерлік шабуыл емес, техникалық ақау екенін ұқтырса да елдің толқынысы айырықша болды. Себебі жиған-тергенін сақтауда «Каспий банкке» сенім артқандардың ақшасы дұрыс көрсетілмеген. Ақау бірнеше сағаттан соң түзетілді. Қазан айының басында елдегі екінші деңгейлі банктердің бірі Альфа-банк те техникалық ақаудың кесірінен интернет арқылы қаржы операцияларын жүргізу мүмкін еместігін айтып, мәселені жоюға күш салатынын хабарлаған. Бұл кеңістікке мәселе немесе мүмкіндік деп баға беру әркімнің өз ықтиярында. Дәріханаға бармай дәрі алу, суретіне қарап-ақ қиыр өңірден тауар алу – онлайн жүйеде тым оңай. Бір қызығы, электронды карталардың айналымға енгеніне көп жыл болғанмен, сауда-саттықтың 85 пайызы әлі күнге дейін қағаз ақшамен жүреді. Осы факторды ескерсек, купюраның нарықтан ығысу ықтималдығы төмендей түседі. 

 Виртуал әмиян және біз

image.png

Бүгінде адам тұлғасы реал және виртуал әлемге негізделіп қарастырылады. Реал өмірде адам еңбегінің нәтижесі ақшамен өлшенсе, виртуал әлемде өзге бірлік бар. Көзге көрінбейді. Қолға ұсталмайды. Иә ақшаның мұндай да түрі бар. Соңғы кезде дүниежүзі экономикасында  криптовалюта (цифрлы валюта)  жиі аталып жүр. Криптовалюта – виртуал еңбекпен табатын виртуал ақша. Оның шын өмірдегі ақшаға еш қатысы жоқ. Шын өмірдегі ақша – адамның қол немесе ой еңбегі шығынының куәлігі болса, криптовалюта – компьютерлердің есептеуге кеткен шығынының куәлігі, делінген.

Қазірде жалпы ғаламтор әлемінде криптовалютаның 584-ке жуық түрі көрсетілген. Соның ішінде ең танымалы – биткоин. Оны ешкімге белгісіз Сатости Накамото деген лақап атпен танымал бағдарламашы не (бағдарламашылар тобы) 2009 жылы  дүниеге әкелген. Биткоинның термині мен оның ерекшелігін (Биткоин алгоритмін) енгізген де сол. Бағдарламаны жасап қоймай,  арнайы компьютерге әмиян орнатуға болатын қосымша да іске қосылған. Биткоин криптовалютасы басқа елдердің ақшалары сияқты қасиеттерге ие: айырбастау құралы ретінде, есептік бірлік ретінде қолдануға мүмкіндік береді. Қызмет көрсету барысында, Биткоин криптовалютасына сатып алу арқылы қол жеткізуге болады. Криптоволюта мемлекеттің бақылауынан тысқары, дербес жүйе. Оның бағасының шарықтауы да, құлдилауы да әр елдің цифрлы ақшаға қатысты ұстанымына байланысты. Мысалы, 2016 жылы Google криптовалюта жарнамасына тиым салғанда, цифрлы ақша бағамы құлдилаған. Сол секілді ұсақ факторлардың өзі елеулі ықпал ететіндіктен цифрлы әмиян тәуекелге толы. 

Жаңа сандық технологиялардың дамуы кез-келген салаға өз әсерін тигізіп жатыр. Электронды төлем жасау қалыпты процеске айналып, электронды ақшалар уақыты жақындап келеді.  Әр нәрсенің озығымен қатар тозығы бар. Дамыған жүйе мен кемелденген адам санасы саралай жатар. 

P.S. Бақытын байлықпен өлшейтін адамдар көп кездеседі.  Эллен Уолш есімді әйел  24 жыл қонақүй бөлмесінен шықпаған. Себеп – ақшасынан айырылуды қаламаған. Кейіпкеріміз 1907 жылы орналасқан бөлмеден 1932 жылға дейін аттап баспаған .  Эллен 93 жасында  денсаулығына байланысты көмекке жүгінуге мәжбүр болады. Ол тұрған бөлменің қоқыс жәшігінің астынан жарты миллион доллар тұратын зергерлік бұйымдар мен қораптар табылды. Кедейліктен қорыққан Эллен қалай ақшалардың қарауылына айналғанын ұқпай да қалды.  Сонша байлығы бола тұра әйел жұмыртқа, крекер, бекон және кофені қорек етіпті. Эллен Уолш өзі қалағандай бай болды. Тіпті өзі қаламаған формада танымал болды. Бірақ мұның бәрі оған өмірлік өлшемде қымбатқы түсті. 

Суреттер ашық дереккөзден алынды

Суреттің бірін таңдап өміріңізге не жетіспейтінін біле аласыз
Ешкі сүтінен сабын шығаруда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу