Тәшеновке ескерткіш қойылса

Oinet.kz 22-01-2021 3111

Соңғы жылдары Шымкенттің көшелеріне ұлт мақтанышы, қазақтың біртуар азаматтарының еңселі ескерткіштері көбеюде. Қабанбай, Ақпан, Қапал батырлар, Қажымұқан, Бауыржан Момышұлы, генерал Сабыр Рақымов, Ахмет Байтұрсынов, Тұрар Рысқұлов... т.б. Жақында  олардың қатарына шертпе күйдің шебері атанған Сүгір Әліұлының бой тіктеген ескерткіші қосылғанда кәдімгідей қуанып қалдық.

Screenshot_7.jpg

Қазақ елі 70 жылдан атсам уақыт КСРО-ның қыспағында өмір сүрді. Ғасырға созылған «құлдықтағы» өмірде халқымыздың, жеріміздің еркіндігі үшін күрескен арда азаматтарымыз жетерлік. Солардың бірі – Жұмабек Тәшенов. Ол Кеңес өкіметі компартиясының бас хатшысы әрі министрлер кеңесінің төрағасы Н.С. Хрущевтің еліміздің біраз облысын Ресей жеріне біріктіру туралы арам пиғылына қарсы шығып, жерімізді қорғап қалды.  Сол кезде қазақ министрлер кеңесінің төрағасы болған Жұмабек Ахметұлы мұндай зорлыққа «Бұл конституцияны бұзу, республика құқығын таптау заңсыз. Жер берілмейді»,- деп батыл жауап берген. Мұндай қарсылықты күтпеген  Хрущев: «Мен сені жұмыстан босатамын» деп күш көрсетті. Осы оқиғадан кейін Жұмекекеңді Оңтүстік Қазақстан облысының атқару комитетіне қатардағы төрағаның орынбасары қызметіне бекітті. Егер Жұмабек ағамыз қарсы тұрмағанда Қазақстанның Солтүстік облыстары Ресейге беріліп, Маңғыстау облысы Түркіменстанға, Алматы мен Талдықорған облыстары Ұйғыр автономиялы облысы болуы мүмкін еді. 

Сонымен қатар Жұмабек Ахметұлы Түркістандағы Қ.А.Яссауи кесенесінің жанында топырақпен көміліп жатқан шығыс моншасын қалпына келтіріп іске жаратуды жүзеге асырады. Кезінде Ж.Тәшеновтің іскерлігін, қабілетін Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы В.А.Ливенцовтың өзі мойындауға мәжбүр болған. Ол 1964 жылы Мәскеудің өкілі қатысып отырған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіндегі мәжілісте: «Н.С.Хрущев Ж.Тәшеновтың намысына тиіп, қызметінен төмендетіп бізге облатком төрағасының орынбасары етіп жіберсе де, ол өзінің таңғажайып қабілетінің арқасында Оңтүстік Қазақстандағы ең құрметті адам болып отыр»,- деп мәлімдеген. Аса көрнекті мемлекет қайраткер, ұлтжанды ағамыздың қылышынан қан тамып тұрған Совет өкіметінің озбырлық саясатына қарсы тұрып, елін талан-таржыға түсірмей аман алып қалған ерекше тұлға. Ол кісінің елін, халқын шексіз сүюі ұрпақтарына, жастарға керемет үлгі.

Биыл Ж.Тәшеновтың туылғанына 106 жыл толады екен. 20 наурыз біртуар азаматтың дүниеге келген күні. Атаулы датаға орай көрнекті мемлекет қайраткерінің  батырлық еңбектерін ескере отырып  Шымкент қаласының темір жол станциясының алдындағы сағат тұрған алаңға және Түркістан қаласына Жұмабек  Тәшеновтің үлкен, көрікті ескерткіші қойылса нұр үстіне нұр болар еді.

Өркен ӘБДІРЕЕВ,

Тыл және Еңбек ардагері,

Еңбек Қызыл-ту орденінің иегері

Түнде жүрген жеткіншектің тәрбиесі қандай?
Баланың есімі тағдырына әсер ете ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу