Аңның киесі немесе ауыр жаза

Oinet.kz 04-07-2022

Бала күнімде қонақ жиі келе ме әлде қорада мал көп пе әйтеуір, үйдегілер апта аралатып қой соятын. Кейде әкем, кейде ағаларымның бірі бауыздайды. Мен көмекшімін. Қойдың төрт аяғын байлап, басын құбылаға бұрғаннан-ақ теріс айналамын. 

Screenshot_3.jpg

Қарай алмаймын. Бірақ, теріс қарап тұрсам да тыпыр етуге шамасы келмей көзі жәудіреп жатқан жуас жануардың алқымына пышағын жанып жатқан қасаптың «Біссіміллә, сенде жазық жоқ, бізде азық жоқ» деген сөздерін анық естіп тұрамын. Сәлден соң өткір кездік қойдың тамағын орып жібергенде қорқырап аққан қанның жылымшы иісін сеземін... 

Күні бүгінге дейін мал түгіл, тауық бауыздап көргенім жоқ. Жоқ, мал сойып, жіліктеу білемін. Бірақ, өз-өзімді қанша қайрасам да жазықсыз жануардың басын денесінен ажыратып тастауға дәтім бармай-ақ қойды... 

Аңшылыққа да қызықпаппын. Жастау кезімде аңқұмар ағам қанша мәрте ертіп кеткісі келген, бірақ, менің құлқым болмады. «Қызыл кітапқа» қарсы шықпайтыныма көзі жетті ме, одан кейін ағам аңға шығарда мені мазаламайтын болды. Мылтықтан оқ шығару былай тұрсын, әлі күнге дейін түз тағысының жымына тұзақ та құрған емеспін. Балалармен қызық үшін рогатка атқан шығармын, бірақ, бір құс құлатқаным есімде жоқ. Соған қарағанда торғайға да тас атуға онша құлықты болмаған шығармын... 

Көктем шығып, көк қылтиғаннан балалармен бірге құм ішіне қозы жаятынбыз. Бірде көжек тауып алдық. Көзі жылтырап бір уыс болып сексеуілдің түбінде жатыр. Денесі дір-дір етіп, орнынан қозғалмайды. Жай күндері көріп қалып, қуа жөнелсең бауырын көтерген көжек бұлтыңдап жеткізбеуші еді. Сөйтсек, жараланған екен, артқы бір аяғын баса алмайды. Не керек, көжекті мен алдым. Басқа балалар жұдырықтай жаралы аңға қызыға қоймады ма, әйтеуір, таласқан жоқ. Үйге әкеліп, алдына сәбіз де, картоп та бердім. Түртпейді. Екі күннен соң өліп қалды. Оңашада отырып жыладым... 

Сол бала күнімізде түнемелік ауылға екі-үш көлік келіп үй-үйді аралап жүріп киік сататын. Әр «ЗИЛ»-дің қорабында сықап тұрған «тауар» бір сағатта-ақ өтіп кетеді. Әр көлікте кемінде 50-60 бас ақбөкен жатады. Ат мініп, құс салып, ит жүгірткен кәсіби аңшылардың жөні бөлек қой. Ал, астарына шет елдік жүйрік көлік мініп, қолдарына автомат ұстаған браконьерлердің әңгімесін тыңдасаң аза бойың қаза болады. Олар аңшы емес, қисапсыз киікті аяусыз қырып салатын ынсапсыз қаныпезерлер. Дәніккенен құныққан жаман. Оққа ұшқан жабайы жануарды өз қорасындағы ақ адал малындай пұлдап, пайда тауып дәндеген адам аңшылық барысында ештеңеден де тайынбайды. Киіктің киесі бар. Олардың бір мезгілде «қашып», бір мезгілде туатыны да таңғалдырады. Қарақұмды жайлап, қыстайтын ақбөкендер бір шұңқырға жиналып бір мезгілде төлдейді екен. Ондай сәтте жануардың аналық сезімі адамнан кем болмайтын көрінеді. Қанша қауіп-қатер төнсе де лағын тастап кетпейді екен. Кейбір қандықол аңшысымақтар сол мезгілді аңдып жүріп азан-қазан жамырап жатқан дала жануарларын жусатып салатын көрінеді. Жауыздықта да шек болмайды екен ғой. «Обал-сауапты, ынсапты білмейтін нағыз жыртқыш – адам ғой» деп отырушы еді көрші ақсақал... 

Бала күнімізде «Россия» деген радиодан Сәкен Сейфулиннің «Ақсақ киігін» әнші Әлмырза Ноғайбаевтың орындауында тыңдайтын едік. Әннің әсері шығар, сол пластинканы қайта-қайта қоямыз. Бала болсақ та, көздері мөлдіреген даланың ерке жануарының аянышты халі тұла-бойымызды шымырлататын. Әріні айтпағанда, осыдан отыз-қырық жыл бұрын Арқа даласында киік жыртылып-айырылып жататынын айтып отырады үлкендер. Ал, қазірде некен-саяқ. Олардың өзін аспаннан төгілген гептил жалмап жатыр. Бұрындары Қызылқұмның ішінде қоян ырғын еді. Осыдан он, он бес жыл бұрын ауылдың жігіттері дария жағасына бір барғанда 200-300 қоянға дейін әкеледі деп естігем... 

Былтыр бір қорықшы қызмет барысында жүріп браконьерлердің қолынан қаза тапты. Бұндай қайғылы жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ. Бірақ, лайым да осы соңы болсын деп тілейік. Бірнеше күн бұрын бір жылға созылған тергеу, істі қараудың қортындысымен қылмысқа қатысы бар азаматтарға сот үкім шығарды. Бірақ, сотталушылардың жақындары соттың шешімімен келіспей отыр. Өмір бойы түрмеге жабу – ауыр жаза екенін айтып, істі қайта қарауын өтінді. Бұл жайында әлеуметтік желілерде де түрлі пікірлер жүр. Бірі қылмыскерлерге кесілген жазаның ауыр екенін айтса, енді бірі оны құптайды. Тіпті біреулер жазасын өмір бойы түрмеде өтейтіндердің артындағы балаларына обал екенін, сондықтан оларды темір торға тоғытпай-ақ, қайтыс болған адамның отбасына өтемақы төлеумен шектеу керектігін жазыпты. Сонда өзінің қызметтік міндетін атқару кезінде жазықсыз соққыға жығылып, көз жұмған адамның жетім қалған балаларын кім ойлайды? Кешірім бере салатын олар аңшылықта жүріп қорықшыны байқаусызда атып алған жоқ қой. Қанағатсыз қу құлқыны үшін аңды аяусыз қырып және өз қызметінің шеңберінде заңмен қорғалған аңдарға араша түскен орман шаруашылығының қызметкерін жабыла сабап, соққыға жықты. Ауыр жарақаттың салдарынан ол бейбақ ауруханада көз жұмды. Сосын бұл жерде бір ғана қасақана адам өлтіру фактісі тіркеліп тұрған жоқ. Заңсыз аң аулап, құжатсыз қару ұстағандардың да жазасы жеңіл болмайтынын есі кірген балаға да дейін біледі қазір. Кейбір елдерде қорықшыны өлтірмек түгіл, аулауға тиым салынған аңға оқ атқандарды өлім жазасына кеседі. Тіпті ормандағы талдың бір бұтағын кесіп, табиғатқа залал келтіргендер он жылды арқалап абақтыға кете барады. 

Әрине, қылмыс жасап, өміріңді түрмеде өткізген оңай емес. Ондай жағдайды ешкімнің басына бермесін. Бірақ, психологтар адам өзі жасаған қылмысының жазасын өтемесе өзіне де ауыр болатынын айтады. Ал, нақақтан адам қанын төгуді шариғат та құп көрмейді. О дүниеде арқалайтын күнәсінен бөлек, шариғат үкімі адам өлтіргендерді бұл дүниеде де кешірмейді. .. 

Куат Адис

Әскери бөлімді қазақша сөйлеткен үш қазақ
Арыстан баб неге Отырарға жерленген?


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×