Salem-нің жұлдызды сәті. Отандық сериалдар көрерменнің көңілінен шыға ма?

Oinet.kz 01-08-2022

Жаңа фильм шыққалы жатыр десе теледидардан күтіп отыратын заман өтіп бара жатқан секілді. Себебі бүгінгі көрермен  you tube арнасынан веб сериалдарды тамашалуға асығады.  Ал бұл салада қазір Salem social media-ның дәурені жүріп тұр десек те болады. Медиакомпания киносүйер қауымның, әсіресе жастардың көңілінен шығар фильмдерді бірінен соң бірін түсіруде. Міне, жақында тағы бір тың туындыны ұсынды. 

Screenshot_3.jpg

Сегізінші шілдеден бастап көрермен назарына ұсынылған сериал «Қанымызда бар»  ("Первая отрицательная") деп аталады.  Биылғы жазғы маусымда драма жанрында шыққан алғашқы веб-сериал 16 бөлімнен тұрады. "Қанымызда бар" жобасына Salem social media ұсынған "5:32" және Algashqy Mahabbat веб-сериалдарының авторлары жұмыс істеген. Бұл сериал  бір-біріне ұқсамайтын екі әйелдің өмірі туралы оқиға. Жігерлі, еркін, қатал Ұлжан адамдармен тіл табыса алмайтындықтан, жиі жанжалға түседі. Темекі будақтатқанды ұнанатын ол реті келсе ішімдіктен де бас тартпайды. Бірақ жетім қыз өз ісіне адал, әрі мінсіз орындайды. Ол тек өзіне ғана сенеді.  Ал Айша – оған мүлде қарама-қайшы, үлгілі келін және мейірімді, ұялшақ дәрігер. Ол жұмыста және отбасында әрқашан өз пікірін қорғай алмайды. Тұрмыс құрғанына біраз жыл болған оның қалауы балалы болу және жұмыста дәрежесінің көтерілуі.  Екі кейіпкер бір күнде ауыр жараланып ауруханаға түседі. Ақ халаттылар екі науқастың өмірін сақтап қалу үшін қыздарды жүрек-өкпе аппаратына қосып, қанын бір-біріне құяды. Яғни екеуінің де қан топтары І топ (оң)  болады. Осылайша олардың мінездері ауыса бастайды. Жүрегі қатал Ұлжан жылауық әрі нәзік қызға, ал инабатты келін, адал жар Айша дөрекі адамға айналады. Ол өз құқығын қорғауды үйрене бастайды. Олар осы мінезге үйренісіп кете ала ма және қиындықтарды қалай еңсереді, фильмнің айтпағы не? Мұны көзі қарақты көрермен өзі  түйіндер. 

Жобаның идея авторы – Сергей Литовченко, ал жобаның шоу-ронері – "Rocket Stories" фильмінің бас продюсері Әлішер Утев. Бұл дуэт Salem social media ұсынған Serjan bratan және "5:32" жобаларын бірге жасаған. «Біз әйелдер туралы фильм түсіргіміз келген кезде сюжетін ойлана бастадық. Сосын  осындай идея туындады. Егер бір-біріне ұқсамайтын екі түрлі әйелдің өмірлері ауысып кетсе қалай болады, тіршілігі қалай өзгереді? Сергейге осындай ой келді. Біз идеяны өзгерттік, сценарий авторларын тарттық, нәтижесінде драма, комедия және экшн элементтері бар веб-сериалға қол жеткіздік», – дейді Әлішер Утев.

Басты кейіпкерлерді Зарина Кәрмен мен Индира Сабирова ойнайды. Зарина батыл Ұлжанның рөлі үшін  ұзын шашын қысқартып, алғаш рет ерлер стилінде киінген.  «Біз мұндай образдарды сомдамаған актерлерді арнайы таңдадық. Әркім өзінің мінезін егжей-тегжейлі айтып, оны жандандырып, түрлі қырларын ашуға мүмкіндік алуы үшін мен оларға кейіпкерлердің анау-мынау әрекетінің себептерін түсіндірдім», – дейді жоба директоры Модияр Абдуқадыров. 

Сериалда сондай-ақ,  Диас Мырзахмет,   Нурсұлтан Мұхамеджанов,  Мақсат Рахмет,  Шынар Жанысбекова,  Омар Қыйқымов,  Ерлан Біләлов,  Азиз Бейшеналиев, Гүлнар  Дұсматова сынды танымал әртістер бой көрсеткен. 

Тағы да әйелдер

Шығармашылық топ аталмыш сериалмен қатар  әйел тақырыбын қозғайтын тағы да бір туындыны түсіруге кірісіп кеткен. «Бизнес по-қыздарски» атты жаңа веб-сериалда Salem-нің ең үздік актерлері ойнайды. Олардың арасында Жәнел Серғазина, Қобыланды Болат, Әсел Қалиева  және Салтанат Құдайбергенова бар.

Веб-сериалында жалғызбасты Жанар есімді әйелдің тағдыры бейнеленген. Келіншек қатыгез күйеуінен қалаға қашып, жан бағуға тырысады. Жалданып жұмыс істеп, баласын асырайды. Алайда ол жалдамалы жұмыспен алға жылжи алмайтынын ойланып, құрбысымен бірге кәсіп ашады. Оның кәсібі бала күтушіге арналған агенттік. Нәтижесінде Жанар бай, тәккаппар әйелге бала күтуші болып жұмысқа орналасып, түрлі қиындықтарды басынан өткереді. «Веб-сериалда әр кейіпкердің өз жолы бар. Біз оларды дайындық кезінде зерттеп алдық. Мәселен, үй қызметкерлері мен бала күтушілердің жұмысын, психологиясын түсіну мақсатында көп жылдық тәжірбиесі бар бала күтушілермен әңгімелестік. Бүгін актерлермен қызу дайындық жүргізіп жатырмыз. Сондықтан мен режиссер ретінде бұл жобада актерлық құрамға аса қатты мән бердім», – дейді сериалдың режиссері Олжас Ермекбаев.

Сериалда Жанардың қатыгез күйеуін сомдаған актер –  «5:32» веб-сериалында басты рөлдердің бірінде ойнаған  Қобыланды Болат.  Ол өмірде осындай еркектердің бар екенін және сол жағымсыз кейіпкер арқылы көрерменге дұрыс ойды жеткізуге тырысқанын айтады.  Ал креативті продюсер әрі идея авторы Әнел Сартаева туындының мақсаты қоғамда жалғызбасты аналардың тағдырын, өмір жолын көрсету және әйелдерді жігерлендіру дейді. Аталмыш сериал  Алматы қаласында түсіріліп жатыр. Түсірілім жұмыстары 45 күнге созылады. Небәрі 12 бөлімнен тұратын жоба осы жылдың күз айында көрерменге жол тартады.

Айтпақшы, түсірілімге Мәскеуден қоюшы оператор, қоюшы суретші,   костюм қоюшы  секілді арнайы мамандар шақыртылыпты. 

10 айда 9 жүлде

Айта кетейік, соңғы 10 айда Salem social media ұсынған жобалар әлемдік конкурстардан 9 жүлдені еншісіне байлаған. Айталық: «Үздік веб-сериал», «Драма жанрындағы үздік жоба», «Үздік режиссерлық жұмыс», «Үздік операторлық жұмыс», «Үздік дыбыс дизайны», «Қазылардың арнайы жүлдесі» сынды  тағы бірнеше туынды  Испания, Канада, АҚШ-та өткелі жатқан фестивальдерде бақ сынағалы тұр екен. «Біз туындыларымызды шетелге шығарып, бақ сынап жүрміз. Себебі әлемдік жобалармен бәсекелес болуға дайынбыз. Бір жылға жетпей көптеген жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Қазір  халықаралық аренада танылған бизнес серіктестер ретінде қалыптасу жолындамыз. Мысалы, біз қазір бірнеше компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз.  Бір айта кетерлігі біз әуелі өзіміздің көрермендерді жоғары қойып, олардың талғамынан шығуға тырысудамыз»,– дейді медиакомпанияның бас директоры Рустам Юсупов. 

Төрт жыл ішінде Salem түсірген веб-сериалдар миллиондаған қаралым жинаған. Осы жылдың ішінде компания 30-дан астам веб-сериал түсірген. 

Тесік құмыра туралы аңыз
Күйеуін тек өзінен басқа ешкімге қаратпаған әйел


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×