Мұқағалидың өмірден өтер алдында Фаризаға жазған соңғы хаты

Oinet.kz 06-10-2022

Бір сәтте Мұқағалиға ғаламат ой келді. Өмірмен қоштасатын базыналық өлеңін жалған тіршіліктен дос таба алмай күйзелген ақын әйел затына арнап жазып кеткенді қош көрді.

Screenshot_4.jpg

Ия, ия, әйелге. Ақпанның ақтүтек боранында, дүниені қуантып ақынға өмір сыйлаған әйел болатын. Мұқағалидың бойына керемет ұлы сезімді дарытқан да әйел-өмір еді ғой. Құдайдың ғажайып сұлу сәулесіндей жырларын ақын қызғалдақтай құлпырған қазақтың ару қыздарына ғашық болып жүргенде жазды емес пе?

Кім біледі? Бәлкім, біздің Құдай деп жүргеніміздің бәрі әйелдің жүрегінде жасырынған таңның шұғыласы шығар. Неге біз еркектер қанша күшті болсақ та, өміріміздің ең қиын сәтінде Құдайға ғана шағатын мұңымызды, сағымыз сынып әйелге айтамыз? Ендеше дүниеден түңілсе де, досы жоғына күйінсе де, тағдырын қарғаса да Мұқағали ақын әйелдерді кіналай алмайды екен. Осылайша әйел затын ғана қимай мына өмірмен қоштасқан ақын, қолына қаламын алып, базыналық жырының алғашқы шумағын жазды.

Фариза!

Фаризажан, Фариза қыз,

Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.

Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз.

Бірімізден-біріміз арылармыз.

Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,

Шаң басқан архивтерден табылармыз.

Қайран, арыстаным-ай! Ешкімге тең келмейтін алып кеудеңдегі біресе асау теңіздей тебіренетін, біресе долы дауылдай буырқанатын күшің қайда кетті? Қаралы тор бұлбұлындай зарлаған үнің қандай аянышты еді!

Қараңызшы, барлық үміті үзіліп, арманы күйреген бақытсыз ақын қайғының теңізіне батып барады. Өмірдің үскірік-аязынан жаны жаураған, «жігітінен қазақтың дос таба алмаған» ақын маңдайынан бір сипайтын мейірімді іздеп, соңғы сөзін әйелге айтып жатыр. Әйелге! Фаризаға!

Сен мені білесің бе, білесің бе?

Жаралмаған жан екем күресуге.

Жылай жүріп, өтірік күлесің де,

Жүресің де қоясың, жүресің де.

Бірі итеріп кеудемнен бірі шалып,

Тастағысы келеді күресінге?

Құр айтып қоймай, тағдырдың наласынан жүрегі өртеніп жатқан Мұқағали әйел затының ғана оның нәзік жанын түсінетініне сеніп, жылан-ажалға арбалған торғайдай шырылдап, көзінің жасын тоқтата алмай, қайта-қайта өксіп-өксіп жылайды. Жазбақ түгіл, мұндай өлеңді оқудың өзі қандай ауыр еді. Қайғының әуені еркіңді билеп, аза бойыңды қаза қылып, денеңді түршіктіріп, неше түрлі ойға шомылдырады.

Әкесінің құны бардай, жалмауыз тағдыр ақынға неге соншама өшікті? Ақындық жүрек сезе-дүр. Ертең өлген соң жұрттың бәрі де оның ұлылығын мойындайды. Ер-тұрманы түгенделмей кеткен ақын еді, деген сыңайдағы неше түрлі естеліктер жазады. Қара түнекті жарып шығатын мейірімнің таңы да сол уақытта атады. Мұқағалидың рухын аялайтын мейірім де, ақынның талантына табынатын мойындаулар да сол кезде болады. Дегенмен, сол мейірім мен мойындаудың ақынға дәл бүгін, көзі тірісінде керек екенін тасбауыр жандар неге ұқпайды?

Ешкімге керегі болмай қалған ақынның, күресуге жаралмаған пендесінің жарық дүниенің жылуын сағынып, әйелге мұңын шағып, өмірімен қоштасып жатқанының себебін түсінетін кім бар, мына жалғанда?

Екі әйел алып басы бәлеге қалған байғұс шал
Анасын қиын сәттен алып шыққан қайсар қыз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу