Сәл болмағанда өліп қала жаздадым. Құдай сақтады

Oinet.kz 02-11-2023 496

Баяғыда бір өлім аузынан аман қалдым. Сол жылдары жасым 7-8 жаста  болсам керек. Анық есімде жоқ. Менен үш жас үлкен әпкем бар жанымда . Әке- шешем жұмысқа кеткен болатын. Қалған бауырларым қайда екені есімде жоқ.

35865864.jpg

Содан екеуміз ойнап отырмыз. Ол кезде екі бөлмелі времянкада тұратынбыз. Анамның артынан келген шифанері болатын. Соның төбесіне әкем мылтығын тығып қоятынын көргем ғой мен жынды. Мен кішкентай кезімде бұзық болған екем. Бірақ тек үйде. Ал мектепте жалтақ болғам . Содан шәй ішетін жер стөлдің үстіне орындық қойып, мылтықты алғам ғой. Әпшем :

- Надира, алмай- ақ қояйықшы! Әкем кеп қалса өлтіреді ғой! Тығылмашақ ойнай берейікші! - деп жалынып жүр ғой.

- Қоя тұр, қазір екеуміз кинодағыдай партизан ойнаймыз ! - деймін ғой. Сабазың мылтықты алды.Сыртындағысын шештік. Ол кезде қанар қапқа салып, сыртын пресс жіппен орап тастайтын.  Анда- санда аңшылыққа барып тұратын ағам мен әкем. Мылтықты шығарып , әліме қарамай әпкемді "атамын" деп кезеп тұрмын ғой. Өзі ауыр болса да әрең көтеріп тұрмын.

- Берші , берші, мен де ұстап көрейінші! -- дейді әпкем шыдамсыздана. Бізге қызық. Тап бір Әлия мен Мәншүктей  батылданып алғанбыз. Әпкеме бердім. Ол да маған қаратып:

- Тұр орныңнан! Отыр ! Партизандар қайда!? - деп кинодан көргенін "сомдап" жатыр. Образға кіріп кеткенбіз ғой. Содан не керек мылтықты ашып көргіміз келді. Мен екі аяқты созып отырып алғам. Әпкем қарама - қарсы отыр. Тіземе тіреп қойып, кинодағыдай ашайын десем ашылмайды. Қақ ортасын тіземе тіреп, ұрып- ұрып қоям ғой. Бір кезде "Тарс" ете қалды. Тап бір бомба жарылғандай дауыс. Шалқамнан құладым. Құлағым шыыңңңң деп жатырмын. Ой деген жүйрік қой. "Әпкемді атып түсірдім ба? .. . Біттім мен. Әкем мені өлтіреді" - деп ойланып жатырмын ғой. Бір кезде шалқасынан жатқан әпкем басын көтеріп:

- Надира, өліп қалдың ба?- дейді сыбырлап. Мен болсам:

- Жооқ, сен ше? - деппін. Екеуміз орнымыздан ақырын тұрдық. Ол да екі құлағын қолымен жауып алыпты. Қалшылдап тұр. Мен де қатты қорқып тұрмын. Құлағым шыңылдап...Бір- біріміздің үстімізді қарап, қан іздеп. Екеуміз де сап- саумыз. Содан кейін ғана атылған жерге қарадық. Ол кезде бізде ағаш еден емес, топырақты сылап пол жасап қойған болатын. Сол тастай полда жүріп өстік ше. Енді атылған жерге қарасаңыз. Полды тесіп, үстіндегі киіз де дәәу тесік, жан- жағындағы дәптерлеріміз де қап қара болып, жыртылып  шашылып жатыр ғой.  Мәссаған... Еннестимз деп өзімізден емес, әкемнен қорқып. "Айғақты" жасыруға кірістік.

Содан ап-ауыр киіздің тесілген жерін шәй ішетін стөлдің астына қарай ауыстырып , тесік полға шашылып кеткен дәптерлерді тығып. әй су терге түстік ау. Үйді тап- тұйнақтай етіп жинап қойдық. Мылтықты орап орнына қойдық. Кешке әке- шешем жұмыстан келді. Анам көңілді екен. 

- Өй, айналып қана кетейін қыздарынан! Үйді жинап қойыпсыңдар ғой! Киізді неге ауыстырдыңдар!? - дейді . 

- Жәй, әншейін, мына жағы кір болып кеткен соң... - деп біліп қоя ма деп қорқып тұрмын. Әпкем даланың тірлігін істеп, қорыққаннан  үйге кірмей жүр. Ол кезде әкемізден қатты қорқушы едік қой.  Тамақ ішіп болған соң:

- Апау, сізге бірдеңе айтсақ ұрспайсыз ба!? - деймін қорқақтап. 

- Айта ғой, не болды!? - дейді анам байқұс. Ойында ештеңе жоқ қой. 

- Бірақ ұрмаймын деп уәде беріңіз ! - деймін бетіне қарап. 

- Ол жағын көре жатармыз... - деп қабағын түйді. 

- .....

- Мақұл, ұрмайм! Айта бер! - десе де сеніңкіремей тұрмын. - Ұрмайм дедім ғой! Уәде! - деді күліп. Үстімізге қалың киініп алғанбыз . Ұрып жатса батпасын деген түріміз ғой. 

- Біз бағана мылтықпен ойнап отыр едік! Абайсызда атылып кетті! - деп мәзбін. 

- Ойбай, көтек!!! Не дейді тағы!? Атылғаны нес!? Не оттап тұрсың!? Менімен ойнама деп қанша айтам сендерге ! - сенбей тұр ғо.

- Апа, шын айтам, міне мына жерге атылды! - деп киізді көрсетіп едім, анам талып қала жаздады. 

- Дихааан! - деп даладағы ер жеткен ағамды шақырды. Ол ағамнан да өлердей қорқатынмын. Біттім дедім. Каз ағам сояды мені деп қорқып кеттім. Бір жағы "ағамды шақырғаны нес" деп анама ренжіп тұрмын. Ол жүгіріп келді. 

- Не болды , апа!? Неге сонша айқайладыңыз!? - дейді ентігіп. 

- Мына қарындастарың не істегенін білесіңдер ма!? Шақыр анау әкеңді! - деп ақырды. Енді точна өлдім мен. Біттім. Қап, бекер айттым ау деп өкініп тұрмын. Не керек әп- сәтте айқай шу, анашым жылап , әкем ағама ұрсып жатыр. Анам мені құшақтап егіліп отыр. Сол кезде анашымның қандай күйде болғанын енді түсініп отырмын ғой. Әпшем жоқ, қашып кеткен.  Бірақ бізге ешкім ұрсқан жоқ ше. Қайта жерге тигізбей әлпештеп жүр.

Ертесіне  қой сойып, құдайы жасап, көшенің адамдарын шақырып... Бәрі маған: 

- Қәне, мына қызың ба? Өләәә, тіп- титтәй боп бәлесін -ай! Әй, мылтықта нең бар сенің а!? - дейді көрші апа ұрсып. 

- Бір Құдай сақтап қапты ғой ия!? - дейді оң жақтағы көрші апамыз. Не керек содан кейін ол мылтықты көрмедім ше. Кейін ашуы басылған соң, бір- екі күннен кейін:

- Екеуміз бір- бірімізге "атамын" деп басына тақап тұрдық! - десем анам тағы өкіріп жылап. Әпшем:

- Айтпасай болды! Тақылдап неменеге бәрін айтып жатсың!? - деп ұрсып қояды.

Бұл оқиғаны еске түсіргенім, бағана жұмыста Бауыржан ағаның әңгімесінен соң есіме түсіп кетті. Азанда біраз тірлігімізді істеп болған соң, сағат ондарда шәй іштініміз бар. Бауыржан ағам да сондай жақсы кісі. Өзі ақкөңіл, аңқылдап қалған. Ол кісімен он минут әңгімелесіп отырсаң керемет мотивация аласың. Ол да басынан өткенін айтып... 

- Анам мен әкем жұмысқа кетерде бізді үйге қамап кететін! - дейді Бауыржан ағам. - Өздері дәрігер болғандықтан үйде скапель ( медециналық пышақ) көп болатын. Екі ағам , мен, үшеуміз үйде қаламыз . Сонда мен мектепке де бармайтын кішкентай бала екем. 4- жаста болуым керек. Бірақ ең бұзығы мен болатынмын.  Үшеуміз "қонақ" болып ойнаймыз деп шешіппіз. Менің есімде ештеңе жоқ қой, анамыздың айтуы бойынша , ағам қонақ , мен үй егесі, ортаншы ағам қой болыпты. Содан үйге қонақ келіп мен "қой соямын" деп  скальпельді алып ортаншы ағамның мойнынан кесіппін. Әбүйір болғанда пышағым өтпей, тек мойнынан айналдырып тіліппін. Ағамның мойны қанап, ол жылап... Мойнын үйдегі бинтпен қысып орап тастаппыз . Содан әке- шешеміз келгенде,

- Әй, мына баланың мойнына не қылған!? - деп шошып кеткен ғой. 

- Мама, біз қой соямыз деп ойнап едік, сіздің пышағыңыз өтпей қойды! - деппін. Анам байқұс ойбайлап... - дейді ағам. Ол үйде де құдайы жасап, сол күннен бастап скальпельдерді лақтырып тастап, пышақтарды тығып кететін болыпты...

Авторы: Надира Тулеева

Машалкы керек пе?...
Арыстанның еттен айнуы (Адам айтқысыз аңыз)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу