«Жұлдыздар» да сабақ оқымай, екі алған...

Oinet.kz 15-04-2019 1712

Сахнаның төрінен түспей, «көк жәшіктің» ішінен шықпай, газет-журналдардың беттерінде жантайып жатып алған бүгінгі «жұлдыздар» да бір кездері шаңға аунап, көбелек қуып, доп теуіп, асық ойнаған балалар еді. Бірінің мектептегі үлгерімі жақсы болса, екіншісі әліпті таяқ деп білмей, нашар бағадан көз жазбаған. Сұлулықтың белгісіне айналған шетелдік ару Анджелина Джоли мәселен мектептегі кезінде соншалықты сүйкімді  болмаған. Өзінің айтуынша, бала кезінде оның әдемілігін ешкім елемеген.  Энджи тыныш, қарапайым, көзге түспейтін көп қыздардың бірі болыпты. Оқушы кезінде ол  психотерапевтке баратын балалардің ішінде жүріпті. Сірә, өзіне деген сенімділігі кем болса керек. Анджелина  қарағанда оның жұбайы актер Брэд Питтің  мектепте «тұзы жеңіл» болыпты. Қыздар қызыға қарайтын, ұстаздар ұнататын, спорт десе ішер асын жерге қояр нағыз «жұлдыз» болған. 

Ал, Джонни Депп мектепте нағыз тентек, көк сойқан болыпты. Тәртібінің нашарлығы сондай тіпті оны бірнеше мәрте мектептен шығарып жіберген. Бұл жазаға Джонни қайғырсын ба, гитарасын құшақтап алып, клубтарда ән айтып, жүре беріпті. 

Screenshot_20.jpg

Ал әйгілі Мадонна  оқушы кезінде кітаптан бас алмаған екен. Ұстаздары Мадоннаның ізденпаздығына, зеректілігіне риза болған.  Соған қарамастан, сыныптас құрбылары Мадоннаны өз достықтарына қоспай жүріпті. Бір қызығы Мадонна бестік баға алғаны үшін әкесі оған 50 центтен төлеп тұрыпты. Сірә, табыс табудың жолына әкесінің бұл амалы зор есер етсе керек. 

«Голливуд «жұлдыздарының» тарихы осылай» деп таңдануға болатын шығар, әрине. Алайда, біздің өз «жұлдыздарымыздың» да балалығының шалалығы жетіп артылады. 

Screenshot_22.jpg 

Мәселен, мектепте жүрген кезінен-ақ бүкіл қазақ даласын ерекше әнімен тербеткен   Мейрамбек Беспаевтың интернатта өткен балалық шағына айтар шағымы жоқ. Ес білгеннен өз бетінше өмір сүруге үйренген ол Алматы қаласындағы  Күләш Байсейітова атындағы музыка мектеп-интернатында  білім алған.  «Интернат – мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Өз басымды өзім алып жүруге үйретті. «Жалғыз ұл» деп, мені өбектей бергенде, кім біледі, мен өмірдің қыспағына шыдас бермес пе едім? Өнер – мені жастайымнан қайыспауға, мұқалмауға үйретті» деп еске алады ол. 

Screenshot_21.jpg

Ал, он үш  жасында «Әнші балапанда» жарқыраған Мәдина Сәдуақасова мектебінің озат оқушысы болмаса да, мақтанышы болғаны сөзсіз. Ал оның өмірдегі және өнердегі құрбысы Қарақат Әбілдина математика мен физика пәндеріне аса қабілетті болмапты.  Бірақ, қазақ тілі мен әдебиетін, музыка пәндерін шемішкедей шаққан. Өнерлі қыздарға ұстаздардың жеңілдікпен қарағаны да жасырын емес.  

Screenshot_23.jpg

«Жау жүрек мың бала», «Балалық шағымның аспаны», «Адасушы», «Ликвидатор», «Поддубный» сынды фильмдерде біраз рөлдерді сомдаған актер Дәулет Әбдіғапаров комсомолға қалай өткенін бізге былай деп айтып берді:

 «1979 жылы Жамбыл облысы Шу ауданындағы мектепке алғашқы сыныпқа бардым. Бесінші сыныптан бастап Аса ауданындағы мектепке ауыстым. Ол замандағы оқушылар қазіргідей көк галстук тақпайды. Үлгерімі жақсы, тәртіпті оқушылар октябреноктан  пионерге, пионерден комсомолға өтетін. Төртінші сыныпта оқып жүргенде тәртібімнің нашарлығынан пионерге өте алмай қалдым. Сыныптастарымның барлығы көпшіліктің көзінше салтанатты түрде пионер атанғанда, мен жерге қарап тұрдым. Тек  бір аптадан кейін,  сабақ үстінде елеусіздеу жағдайда өзім аңсаған қызыл галстукты мойныма таға салды.  Осы жағдай намысыма қатты тиді. Сол күннен бастап тәртібімді, сабағымды түзеп, «комсомолға міндетті түрде бірінші өтемін» деп алдыма мақсат қойдым. Сөйтіп жетінші сыныпта құрдастарымның арасынан комсомолға бірінші болып өткенім бар. Әрине мектеп қабырғасындағы сол қызықты шақтарды сағынамын. Әдебиет пен химия пәндері жаныма жақын болды. Айтпақшы, сынып жетекшім Татьяна Альфонсасовнадан өлердей қорқатынмын. Келбеті өте сұсты, фильмдегі немістің офицерінен аумайтын». 

Screenshot_24.jpg

Ал көпшілікке «Әкешім-анашым», «Гүл сыйлайық әйелге» әндерімен танылған әнші Есет Сәдуақасовтың аузын ашпастан бес алып кеткен кездері болыпты.  «Жасы ұлғайып қалған Тәкен есімді  мұғаліміз бар еді. Ол кісі менің әпке, ағаларыма да сабақ берген. Басқа, басқа сол Тәкен ағайдың пәніне үнемі дайындалып, бестік алып жүретінмін. Бірде қой кезекпен кешке дейін ақ қойдың соңында жүріп, әбден шаршап, үй жұмысын орындауға мұршам болмай, үйге келген бойда сілем қатып, ұйықтап қалыппын. Таңертең сүйретіліп мектепке әрең келдім. Қырсыққанда бірінші сабақ Тәкен ағайдікі екен. Кітаптың бетін ашпай барған соң үндемей, «тығылып» отырғанмын. Жеңіл тақырып болу керек, әйтеуір бәрі «мен айтайыншы» деп шулап, қолдарын көтеріп жатыр. Бірақ олардың ешқайсысын елемей ағайымыз  маған тура қарап: «Сәдуақасов саған не болған, неге үндемей отырсың?» деп қойып қалмасы бар ма! Сасқанымнан мен де қолымды көтере салдым.  Сонда ол «Айналайын Есетжан сенің аға-әпкелеріңнің бәрі мектепті жақсы оқыған, сенің де оқып келгеніңді біліп тұрмын. Уақытты ұстамай басқа оқушылардан сұрай берейін. Отыр. Бес!» деп, мені бір таңқалдырғаны бар. Сонда барып маңдайымнан тер бұрқ етті-ау!» 

Алғашқы қоңыраудың соғылуына санаулы күндер қады. Сірә, қолына гүл ұстап, сөмкелерін иығына асынып, мектепке жол бастаған оқушыларды көргенде кімнің де болса өз  партасына  қайтадан  отырғысы келетіні заңдылық та шығар...   

«Авиценнаның» көкжиегі кеңейді
Слайд Шоу жобасы: Перудің Жапон ұлтынан шыққан президенті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу