Керік Джина (Африка ертегісі)

Oinet.kz 30-06-2019 1106

dJINA.jpg

Джина атты керік бірде жалғыз өзі Африканың қалың ну тоғайларын аралап жүреді. Джунглидегі өзге хайуанаттар болса, бір-бірімен асыр салып ойнап жүр. Бірақ, ешқайсысының Джинамен ойнағысы келмейді. —  Бәрі менің ұзын сирақтарым мен мойнымды келемеж етеді, менің қимылдарым ебедейсіз! — деп күрсінген керіктің екі көзінен моншақ-моншақ жас тама бастады. Керікті баскалардан ерекше мазақ қылған мазасыз маймылдар болды. —  Ой, қараңдаршы, оның көзіне қарау үшін де сатыға шығу керек! — деп келемеж деді маймылдар.

 —  Қандай сұрықсыз да ыңғайсыз мойын! —  Иә-иә, дұрыс айтасыңдар, — деп керік олардың ортасында өзін қолайсыз сезініп, әрі қарай кете берді. Бірде Джина тағы да жападан-жалғыз серуендеп жүрген. Өзін-өзі ешкімге керексіз сезініп, өзгелердің өзінен қашқақтайтынын ойлап, мұңайып келе жатқан. Кенет ағаш басындағы ұяға жыланның өрмелеп бара жатқанын көзі шалып қалды. Ал ұядағы екі кішкене тотықұс шырылдап, жұртты көмекке шақырып әлек. —  Құрт көзіңді, оңбаған! — деп айқайлаған Джина ара түсті. Бұрын-соңды мұндай ұп-ұзын аңды көрмеген жылан зәресі ұшқаны соншалық, ағаштан өрмелей түсе салып, қалың шөптің арасына кіріп жоқ болды. —  Рақмет, рақмет! 

Сенің мойның осыншама ұзын болмағанда бізді жылан жұтып қояр еді… Өлімнен құтқардың! — деп екі балапан кезек-кезек алғысын жаудырды. —  Ұяларыңнан бастарыңды шығармаңдар! Ата-аналарың келгенше тыныш отырыңдар, — деді де керік әрі қарай жүріп кетті. Ішінен: «Менің де пайдам тиетінін басқа аңдар білмейді-ау?!» — деп өкініп қояды. Қалың ойға берілгені соншалық, ол ормандағы бар аң жиналып отырған шың етегіне қалай келіп қалғанын да аңдамай қалды. Қараса, барлығы құзар жартас басынан түсе алмай тұрған зебраға қарап, жандары ашып, у-шу болып тұр екен. Ал, кішкене зебра болса, биіктен түсуге қорқып, жылап тұр. Аңдар ақылдаса келе жіптен тоқылған саты әкеліпті. 

Бірақ, оның да көмегі тимеді. Айнала шулаған аңдардың әбден есі шығып кетті. Мен білемін, қалай көмектесуге болатынын, — деп керік жіп сатыны аузына тістеп, мойнын мүмкіндігінше созып, жартас басындағы ағаш түбіртегіне іле қойды. — Түу! Қандай тамаша мойын! — деді сусиыр зебра аман-есен жерге түскенде. —  Жарайсың, Джина! — деп барлық аң бір дауыспен іле жөнелді. Әрине, дәл сол күннен бастап, Джинаның ұзын мойны мен сирақтарын келемеждейтіндер сап тиылды. Барлық аңдар Джинамен дос болуға тырысты. Барлығы айналшықтап, маңынан шықпайды. 

Зебра керікпен дүкенге барады. Ал, әлгі маймылдар оған қызықты әңгімелер айтып, көңілін көтерді. Бірде Джина суық тиіп сырқаттанып қалды. Пілдер дәрігер шақырды. Ол керіктің дене қызуын өлшеп жатқанда, арыстан Джиннаның мойнына жылы орағыш тартты. —  Менің достарым қандай тамаша! — деді керік көзіне жас алып. Бірақ, бұл жолы оның көзінен аққан тамшылар бақыттан туған жас еді. Өйткені, ол өзін шындығында да бақытты сезінді. Доссыз — өмір тұл!

Түлкі, Қоян және Әтеш ертегісі
«Алма» ертегісі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу