Тасбақаның өзінде, шөбінде қасиет бар ма?

Oinet.kz 10-08-2019 7537

Screenshot_22.jpg

«... Ауылдың алдындағы қара жал қақырай сөгіліпті. Қайда қарасаң қарс айырылып жатқан жарық. Қайда қарасаң — шөп арасында әлдеқайда бөксесін сүйретіп тоңқаңдап бара жатқан тасбақа. Кешегі бір айқайдың ала шаңыты тасбақаның дауылы болды. Тұқшаңдаған немелер тұяқ дыбысын естігенде мойындарын іштеріне тығып бұға қалады да, сәл ұзасаң қайтадан тарбаңдай жөнеледі. Міне, керемет! Табаның орнындай бір үлкен жарықтан енді шыға берген тасбақа аяғы аспаннан кеп үйелеп қапты. Қыртыс-қыртыс қысқа мойнын әнтек созып, жан дәрмен тырбаң-тырбаң етеді. Аузында бір тал шөп. Бидайдың дәніндей екі шегір көз бетіңе бедірейе қарайды. Талай ғасырды басынан өткізген кәрі мыстан ат үстінде қорбиып отырған осы бір жалба тымақ қазақ қайтер екен деп сынап жатқандай.

Қарабала шыбын жаны көзіне көрініп азапқа түскен бейшараны етпетінен аударып салайын деп, шыбыртқысын созып еңкейе берді де, тасбақаның жазғытұрым жер астынан тістеп шыққан шөбін алған адамның қай қалауы да орындалады дейтін әңгіме ойына оралып атынан түсті. Қасына барды. «Біссімілә!» — деп шөпті алды. Инедей ғана бір тал шөп. Құмақтарда көп өсетін көсіктің сабағына келіңкірейді. Алақанына сап сипап көрді. Сосын көзі бақырайып үйелеп жатқан тасбақаны етпетінен аударды. Атына мінді. Анадай жерге барып артына бұрылды. Киелі тасбақа әлі бауыр көтере қоймаған қу жусандардың арасына қарай тырмыса жорғалап барады. «Апыр-ай, ә... Сенейін бе, сенбейін бе? Жаратқан иемнің сүйген құлы болғаным-ау! Қай қылығыммен жақтым екен!..» Тосын күпті ойдан жүрегі алып ұшып барады. Манадан бері қинап келе жатқан. «Ауданға барып, ештеңе бітірмей қайтсам, Оңбай төбемнен құдық қазады-ау» деген күмән да жадынан шығып кетті. Алақанындағы жатқан бір тал шөпті әйелі: «Ауданға барасың ғой, ала қайт!» — деп тапсырған дәрінің қағазының арасына орап, қойын қалтасына салып қойды...»

Заманымыздың заңғар тұлғасы, жазушы Әбіш Кекілбаевтың әлемімен таныс жандар жоғарыдағы мәтіннің қай шығармаға тиесілі екенін іштей сезіп отырған болар. Бұл үзінді жазушының «Тасбақаның шөбі» әңгімесінен келтірілген. Шығарманың желісі бойынша досының өтінішін орындай алмай қаламын ба деген күдіктен жолаушылап бара жатқан Қарабала тырбаңадап жүрген тасбақаның аузындағы шөбін көріп қалып, оны қалтасына салып алады. Сол-ақ екен, барған жері мұны құшақ жая қарсы алып, өтінішін орындап, айы оңынан туа кетеді. Қарабала тасбақаның шөбін көргендіктен осындай сәттілікке жолықтым деп жорамалдайды. Ал шынайы өмірде ше? Өз бетімен жүрген тасқабаның аузындағы шөпті көрген адамның расымен де жолы бола ма? 

Адамзат баласы жайбасар жануардың ұзақ өмір сүру құпиясын ашуға тырысып келеді.  Көпшілігіміз тасбақалардың ұзақ өмір сүруі олардың жай қозғалуына тәуелді деп ойлаймыз. Ал шындап келгенде ұзақ жасауының құпиясы ішкі ағзаларына байланысты екен. Тасбақалардың ішкі ағзалары қартайған шағында да жастық шақ кезіндегідей жұмыс жасайды.  Жер бетінде ұзақ өмір сүретін тіршілік иесі болғанмен, тасбақалардың жауы көп. Мысалы, теңіз тасбақалары жұмыртқаны жарып енді теңіз бойына жол алған сәтте шағалалар немесе басқа құстар азықтанады. Кейбір жыртқыш құстар оларды тырнақ астына алып биікке ұшып, қатты шың-құздарға тастайды. Онымен қоймай көптеген тасбақалар аштықтан өледі. Себебі азығын табу қиынға соғады. Тағы да бір жәйт, ертеректе алып тасбақалар кездескен екені мәлім. Ондай алыптарының сауытын ежелгі Үнді жерінде соғыста қалқан ретінде пайдаланған көрінеді. Тасбақаның өзге тіршілік иелерінен ерекшелігі – ұзақ уақыт қоректенбей, су ішпей жүре алатындығында. Арқасындағы мықты сауыты тасбақаны температуралық толқулардан сақтайды. Қыстың қатты аязы мен боранында не жаздың аптапты ыстығында олар тіршілік етуді тоқтатады. Яғни мұндай сәттерде тасбақалар терең ұйқыға кетеді.

Тасбақа жайлы халық арасында аңыздар кездеседі. Мәселен ақын Маржан Ершудің «Тас пен тасбақа» әфсанасы былай баяндалады: Ерте, ерте, ертеде тасбақалар тайпасы тату–тәтті өмір сүріпті. Тасбақалардың да өзіне тән ғұрып, мінезі болған екен. Бірде бір тасбақа өз туысқандарына өкпелеп, іргесін аулақ салып, алысқа кетіпті. “Әбден жүдеп, жалғыздықтан жабығар, сонда өзі іздеп келер” деп тасбақа тайпасындағылар да оны жоқтай қоймапты. Ішқұса болып тасбақа қап–қара тастарға келіп: 

–Ей тастар, тастар, маған пана болыңдаршы, – дейді жалынышпен.

Тастар оның сөзіне құлақ асып, жандарынан орын беріпті. Біраз жыл тастармен өмір сүрген тасбақа қимылсыз қатып қалған тастардың тірлігінен жалығып, өз үйірін аңсап, сағыныпты... Күндер өте береді. Бірте–бірте өкпесі де тарқап, әлденеге қуанғандай, жүзі албырап, кеудесін қуанышқа толы сағыныш сезімі билейді. “Енді еліме барайын” деп орынан қозғалып қалса, тастар бұдан айырылғысы келмегендей. Тас сауыттары тастармен бірігіп, тасқа айналып барады екен. Тасбақа бар күшін жиып, алға қарай жүргісі келсе де, байланып қалғандай қозғала алмапты... Ол алға тағы жұлқынды. Сол қалпы. Ештеңе өзгермеді. Және бір рет жұлқынды. Дың–дың еткен сазды дыбыс шықты. Ол қол–аяғына жармасып, жабыса түскен қара тастарға ызалана қарады. Шарасыздығына күйінді. Тастар алдыңғы аяғын мыжып тастапты. Тасбақа өз тірлігінің  тастардан өзгеше екенін енді ұқты.

–Ей, қара тастар! Сендерде жүрек жоқ, бауыр жоқ, қан жоқ. Сендер сұп–суықсыңдар! Менің тамырым, тынысым тарылып барады. Аяңдаршы мені, – деп көз жасын көлдетіп жылай береді  Тастар оның сөзін естімеді ме, жауап қатпады. Шарасы таусылған тасбақа бар күшін жиып:  «Мен жылай да, күле де аламын. Сондықтан да мен күштімін!» – деп айғай салады. Сонда қаһарланған қара тастар тасбақаның үстіне құлапты да да, тасбақа тасқа айналып кетіпті... Тасбақаның сауыты осылай пайда болыпты-мыс. 

Қазақ халқы тасбақаны киелі санайды. Бала күнімізде «тентектер» тасбақа тауып алса оның тырбаңдағанын қызық көріп, кейде сауытын тексеру үшін ары-бері лақтырып, азаптайтын. Сонда ата-әжелеріміз жаны шығардай араша түсіп, тасбақаны бостандыққа жіберетін. Қазақта «тасбақаның дауылы» деген тіркес бар. Тасбақаның табиғат құбылысына қатысы қанша? Бұл сұрақтың жауабы ұлтымыздың мына бір сенімінен туындаған аңыздан  табылады. Халық сенімі бойынша тасбақа аузына бір шөкім шөпті тістеп, ініне кіріп, ұйқыға кетеді-міс. Соны ұйықтап жатқанда талғажу қылады-мыс. Көктем келіп, барлық тіршілік иесі жанданып жатқанда тасбақа да ұйқысынан оянады. Ұзақ ұйқыдан тұла бойы ұйып, әбден әлсіреп қалған тасбақа үстіндегі топырақты сілкіп түсіруге шамасы келмейді. Табиғат-ана оған көмектесуі үшін дауыл тұрғызады-мыс. Ал сол кезде оның аузына тістеген шөбін алған адамның бар арманы орындалады екен. Жергілікті халық сондықтан жолы болғыш адамды "тасбақа шөбі бар" адам деп те атайды.

Ата-бабамыздың оны киелі тіршілік иесі санауына мына бір аңыздың да себеп болғаны анық:  Ғайса пайғамбардың анасы Бибімәриям Құдайға құлшылық етіп, үңгірде жатады. Нәр татпайды. Су ішпейді. Жалғыз қылтанақ шөпті тістеп, соның нәрін сорып жата береді. Мәриямның тақуалығына риза болып, Алла шөптің бойына құнарлы азық пен бал татыған су бітіреді. Мың дерттің шипасын береді. Мәриям суық үңгірде жатса да ауырмайды. Кейіннен ол шөп «Мәриям шөбі» деп аталыпты. Бірақ ол ілуде біреудің ғана көзіне шалынады екен. Оның қасиетін білген тасбақа аузына көлденең тістеп, ұзақ күндік сапарларды шаршамай-талмай жүріп өтеді. Әрі қарны да ашпайды, шөл далада да сусап өлмейді. Тасбақаның ұзақ жасайтын сыры да осы шөптің қасиетінде екен. Пайғамбардың  анасына жәрдемдескені үшін қазақтар оны нақақтан-нақақ өлтіруге тыйым салған. Тасбақаға тиіссе, Мәриям анамыздың наласы ұрады деп сенген. Ал орыстар тасбақаның шөбін «қиып түсер» деп атайды. Өйткені әлгі бір тал шөп темірдің өзін қиып түсетін, тіпті үгітіп жіберетін қасиетке ие. Сондықтан  фауна әлемінде жалғыз тасбақа ғана таба алатын  «қиып түсерді» қолға түсіру  көбінесе ұры-қарылар, сондай-ақ темір тордың арғы жағындағы жазасын өтеушілердің асыл арманы болған. Алайда тасбақаның тісгеніннің бәрі сиқырлы шөп емес. Мұны ертеректе адамдар көптеген тәсілдермен анықтаған. Екі аяқты айлакерлер тасқабаның інінің кірер тесігіне шегені көлденеңнен қойып қойған. Азығын тауып, «баспанасына» оралған жорғалаушы аузындағы шөптің арқасында шегені кесіп өте береді. Бұл тәсіл орыстың жазушысы Лев Толстойдың «Казаки» шығармасында айтылған. Екінші бір тәсілі шөп ору арқылы.  «Иван Купала қарсаңындағы түн» (шығыс және Батыс славяндардың мейрамы)  мерекесінде қасқарайғанда шөп ору қажет. Егер   орағыңыз шорт етіп сынып қалса онда орағыңыздың «қиып түсерге» тигені.  Қасиетті шөпті бір жылдан артық сақтауға болмайды. Себебі оның балғындығы жоғалса өткірлік қасиетінен айырылады. 

Ал сіз ше, тасбақаның шөбін кездестірдіңіз бе? 

«Құрмет белгісі» ордені туралы не білеміз?
Логикалық есепті шығарып көріңіз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу