Шерхан Мұртаза. Аманат

Oinet.kz 14-08-2020 1176

Ауыл сыртында автобус тосып, жападан-жалғыз ербиіп тұр едім, бір кез тық-тық дыбыс шықты. Таңғы алагеуім арасынан осылай қарай келе жатқан адам көрінді.

Аманат

Жұлдыздар әлі шақшиып тұр. Таң атып келеді-ау деп именетін емес. Тау жақтан бойды қарыған леп бар. Ұйқысын қимай тұрған адам лезде ширыққандай шымыр, салқын.

Жаңа келе жатып бір арыққа сүрініп кетіп жығылып қала жаздап едім, мынау қайтер екен деп тұрмын. Таяқ әлгінің алдын орағытып жерді тінткілеп келіп, арыққа тік төмен шаншылғандай болды. Адам қалт тұра қалды. Оң аяғын аспандата көтеріп барып, атыздан абайлап өтіп алды.

Сонда білдім — Мүсілімхан екен. Арыққа мен сүрініп, Мүсілімхан аман-сау өткеніне таң қалып тұрмын.

Қайран Мүсілімхан! Екеуміз кездеспегелі қай заман. Мені таныр ма екен, танымас па екен? Демімді ішімнен алып, тына қалғам. Арықтан өтіп алған соң жерді тінткілеп біраз тұрды да, тура маған қарай қаздаңдады.

«Қараңғыда қалай жол тауып келеді?» деп ойладым. Бірақ оған күн, түн дегеніңнің айырмашылығы жоқ екені есіме түсті.

— Кім де болсаң — бір сәлем!

Барқыраңқыраған баяғы даусы. Өзгермепті!

— Тілің жоқ па? Неге үндемей тұрсың-ей! Ә, арам! Молдабектен саумысың!

Оның кірпік қақпайтын көздері аспандай қарап, аузы аңқайып, жақындап кеп қалды. Иіс тартқандай, делдиген танауы жыбырлайды. Таяғын салмақтап, оңтайланып келеді. Баяғы бала күнімізде, осы Мүсілімхан келе жатқанда үндемей алдап тұрып, құйрығынан түртіп қалып тұра қашушы едік.

— Ә, арам! — деуші еді Мүсілімхан таяғын шыр айнала жасқап. Бұл дөрекі ойынға әсіресе Молдабек деген құрдасымыз құмар болатын.

Аяғында керзі етік, үстінде қара пальто, басында жөндем құлақшын. Көктем шығып келе жатса да, қысқа лайық киім.

Мен тағы біраз «жасырынбақ» ойнамақ боп тұрып, Мүсілімханның әкесі қайтыс болғаны кенет есіме түсті де, ойынды тез доғардым.

— Амансың ба, Мүсілімхан!

Беті маған, көзі аспанға қарап тұрып:

— Ой, Барсхан бауырым! — деп мені іздеп, қолын алдына созды. Амандасып тұрып арқамнан қақты!

— Ой, Барсхан бауырым! — деді тағы да, езуі жиылмай.

— Әкейдің қазасы қайырлы болсын!

Ол езуін тез жиып алды. Әкесінің қайтқанын жаңа естігендей аңырып, меңіреу халде біраз тұрды.

— Терең қазып, тепкілеп көмдік жәкемді, — деді кенет сампылдап. — Жәкем енді апатайым екеуі қосылып, ана жайда құдайдың қойын бағып жүр. Апатайымды соңғы кезде қайта-қайта айта беруші еді, түсіме көп кіретін боп жүр деуші еді, жәкем жарықтық. Сөйтсем, соған аттанайын деп жүр екен ғой.

Автобус аялдамасына ақ жаулық салған әйелдер, түлкі тымақ киген шалдар жақындай бастады. Бағанағы арыққа бір-бір сүрініп:

— Құдай-ай, осы колхоздың жолы-ай! — деп келе жатқандарға сәлем бердік.

— Е, Мүсілімхансың ба? Айналайын, Жәкеңнің жасамаған жасын саған берсін.

— Мынау қай бала? Е, Барсхансың ба? Айналайын. Қашан кеп қалдың? Жаман шешеңді бір көріп кетейін дегенсің ғой. Жаман шешең көзайым боп қалған екен ғой.

— Енді қайтып бара жатыр екенсің ғой. Әйтеуір, қайда жүрсеңдер де аман болыңдар.

— Аман ердің аты шығар.

— Қайда жүрсеңдер де жолдастарың қыдыр болсын!

Кішкентай сары автобус келді. Жабылып мініп алдық. Тау бөктерлеп шыққан жолмен әне-міне дегенше Борандыға да кеп қалдық. Жолаушылар қаптарын, қоржындарын көтеріп базарға асықты. Бізді ұмытып кеткендей, қоштасқан жоқ. Әлде өзіміздің ауылдың балалары ғой, қайтып оралады ғой деді ме...

* * *

Мүсілімхан екеуміз Күншуаққа жүретін автобусқа ауысып міндік. Күншуаққа дейін жолымыз бір. Одан ары Мүсілімхан Шуылдаққа, мен — Алматыға тартамын.

Мына автобус әлгі ауылдан мініп келгендегіден үлкен. Орындықтары шалқайма, жұмсақ. Мүсілімхан екеуміз қатар отырдық. Таяғын ірге жаққа тығып, жау алып кететіндей бөксесімен басып отырды. Кәдімгі қызыл күрең алша таяқ. Несіне сонша алтын, күміс орнатқан балдақтай ардақтады деп онысын ерсі көріп қалдым.

Автобус Борандының көшелерімен бұралаңдап біршама жүрді де, «Ташкент — Алматы» трассасына шықты. Енді жүрісі ширап, солтүстік-шығысқа бет түзеп, айт жануар, шүу деді. Әне-міне дегенше, көзді ашып-жұмғанша, Терісаққан өзенінің көпірін дүбірлетіп өте шығып, Қаратау бөктерін қиялай тартты. Алатау қапталдасып оң қол жақтан жарысып барады.

— Біздің Айнабұлақ көріне ме? — деді Мүсілімхан. Сөйтіп автобустың терезесін жеңімен сүртіп қойды. Кім үшін сүрткенін түсінбедім.

— Көрінеді. Ақсайдың аузынан шығып жатқан екі айыр жол сияқты. Екі көше көрінді.

— Алыста қалған шығар, жарықтық.

— Алыста қалды. Үйлері көрінбейді. Тек тал-дарағы қараяды.

Үйлердің көрінбегені қапа қылғандай тұнжырай түсті. Екі ұрты салбырап, кірпік қақпайтын көздері қимылсыз. Оң қолымен алша таяқты сипап қойып, беті маған, көзі айдалаға адасып тағы да:

— Алатауды бұлт бүркеп тұрған жоқ па? — деді.

— Бұлт жоқ. Күн шыжып келе жатыр. Алатаудың басы жарқырап барады.

Мүсілімханның екі езуі қайтадан екі құлағына жетті.

— Маған Ұлтай айтып еді, бұдан биік тау жоқ деп. Жарықтық, жатыр десеңші жарқырап.

— Ұлтайың кім?

Мүсілімханның жүзін бұлт басқандай лезде тұнжыр тартты. Екі ұрты қайтадан салбырап кетті.

— Ұлтай менің әйелім еді ғой, — деді.

— «Еді ғойың» қалай? Кәзір қайда?

Әлдекімді ұрып жібергісі келгендей алша таяқты құшырланып қысып-қысып қойды.

— Ауылға айында-жылында бір-ақ келесің, оның өзінде өз үйіңе ғана бір түнеп қайтадан қайқайып отырасың. Әрине, онан соң ауылдың жаңалығын біле бермейсің. Мен Шуылдақта жұмыс істеп жүргенде үйлендім. Не жұмыс дейсің бе? Біздің қолдан не келуші еді, артельдің жұмысы. Ботинканың бауын жасаймыз, шампанның тығынын жонамыз, сондай ұсақ-түйек, бірақ, әйтеуір, жұртқа керек. Арамтамақ емеспіз, бір жақсы жері. Тапқан нанымызды ұялмай жейміз. Ұлтай да сонда істеген. Екеуміз қосылған соң қол ұстасып елге бардық. Жәкем қуанып кәдімгідей той жасады. Бірақ бізді қайтадан Шуылдаққа жібермей қойды.

— Сен сыртта жүргенде, тыныш ұйықтай алмаймын. Көз алдымда бол. Өле-өлгенше, көзім жұмылғанша, саған көз болуға тырысайын. Түнде жатсам түрлі-түрлі түс көріп, сен суы ліпілдеген терең әуітке түсіп бара жатыр екен деп, айқайлап шошып оянам. Қал осында, — деді. — Құдай қос көрсе, немере сүйермін...

Жәкем жарықтық Ұлтайды туған қызынан артық санады. Ұлтай бес-алты ай өткенде аяғы ауырлады. Бәлекетім көжеге тойып қалыпты сөйтсем. Жәкем жарықтық қуанып, келінін алақанына салып аялап, үйдің бар тірлігін өзі істеді-ау.

Содан бір күні... Е, несін айтасың, Барсхан бауырым, түлен түртті ғой бұ адам баласын. Кәдімгі Молдабекті өзін білесің ғой. Аузына атасақал біткенше сол баяғы қу жындылығын қоймады ғой. Кейінгі кезде көрдің бе өзін? Ұқсамасаң тумағыр, ел айтады, өзін: құдды тарттырған текедей деп. Әйтпесе мен қайдан білейін.

Содан бір күні... Үйдің жанындағы сайдан тірнектеп жүріп биеге деп жоңышқа орып үйге келе жатсам, Ұлтайдың ышқынған даусын естимін:

— Жіберіңізші енді, не болған сізге! — дейді. «Япыр-ау, шыннан Ұлтай ма?» — деп қалт тұра қалғам.

— Сұп-сұлу боп, өзі шотыр, өзі соқыр соны қайтып сүйесің, — деді біреу.

«Ә, бәлем, Молдабексің-ау», — дедім.

— Әй, Молдабек, ә арам! — деп тұра кеп ұмтылыппын. Екеуі екі жаққа қашса керек, әлгі дауыс естілген жерде орнын ғана сипалап қалыппын. 

Сөйтіп ем, анадайдан Молдабек мені мұқатып былай деді:

— Хат жаздым, қолыма алып, ой, дәуіт-қалам,

Ұлтай-жан, ішіндегі-ау менің балам.

Сүт беріп, қаймақ беріп, ой, асырап бер,

Болғанда қара табан өзім алам, әкку-ай...

Қара жер теңселгендей болды. Дауыс шыққан жаққа қарай темір таяғымды қадап кеп ұрдым. Тимеді, өйткені Молдабек жынды енді арт жағымнан келіп:

— Ішің күйсе, тұз жала,

Сыртың күйсе, домала, —

деді...

* * *

Ол оқыстан басын кегжең еткізді де, әлдеқайдан тың тыңдағандай, дыбыс шығармай қалды. Бетіне енді туралап қарап едім, самайын ақ шала бастапты. Шешектен қалған дақтар тереңдей түскен. Жаңбыр жауса қақ тұрғандай. Ақ басқан көздер қалайда сірескен шелді тесіп шығардай бір тынбай аунақшиды.

— Немене тесіле қалдың? Танымай отырсың ба? — деді жұлып алғандай.

Мен сасқанымнан:

— Оны қайдан білдің, көріп отырсың ба? — деппін.

— Деміңнен біліп отырмын.

— Жә, одан ары не болды?

— Не болушы ед? Жәкем жарықтық мені кішкентай күнімде арыққа, шұқырға түсіп кетпесін деп жетектеп жүруші еді ғой. Содан мен әлгі ашумен әйелді қуып жібергеннен кейін жәкем:

— Мүсілімхан-ау, мен өлмейді дейсің бе? Мен өлгенде сені кім жетектеп жүреді? Сені сонда жетектеп жүретін адам анау келінмен бірге кетті ғой. Тауып кел, алып кел! — деді.

— Бармаймын. Керек болса, өзі келсін, — деппін.

— Жәкем мені ұрады деген үш ұйықтасам ойымда жоқ. Оң жамбасымды ала бірдеңе сарт ете қалды. Жылан шаққандай атып тұрдым.

— Бармаймын. Өлтірсең де бармаймын, — дедім қасарысып.

Тағы ұрар деп бұға бердім, бірақ ұрмады. Е, Барсхан бауырым, енді сол жәкемді мына дүниені алты айналып айқайласам да таппаймын. Сондағы мені ұрған таяқ мынау. Әкемнің көзі... Шуылдақ жақтан Ұлтайды іздемекпін. Одан табылмаса Күркіреудегі төркініне барамын. Мүмкін, мүлде басқа жаққа кеткен шығар. Әйтеуір, тапқанымша іздей беремін...

Күншуаққа жеттік. Мүсілімханмен қоштастым.

— Аман бол, есендікпен кездесейік, Барсхан бауырым, — деп шақырайған күнге қарап таяғын қолтығына қысып тұрып, қолымды сипалады.

Енді бір сәт ол алша таяқпен алдын тық-тық түрткілеп, су кешкен адамша аяғын көтере басып бара жатыр екен.

Сол қолын да алға соза береді. Сол қолынан бұрын жәкесі жетектеп жүретін. Соған дағды алып қалғандықтан шығар, құр бос ауаны қармап барады. Әлде сол қолы жоқ іздеп жүр ме екен?..

Шерхан Мұртаза. «Бабаның оралуы»
Шерхан Мұртаза. Кәрі солдат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу