Мирас Асан. Жоқтау (Әмірхан Балқыбекке)

Oinet.kz 16-08-2020 823

Мирас Асан: "Маңдайға сыймайды махаббат..."

Қасқырды торға қамағанымыз не?!

Талантқа теріс қарағанымыз не?!

Сирағындағы қақпанды тістелеткеніміз не,

Қорымды қазып, тонағанымыз не?!

Қыз назаға,

Ұл қазаға ұшырады!

Маңдайыңнан сүйейін деп едім,

Сұп-суық тасты өптім.

Масайрап күлейін деп едім,

Ып-ыстық жас төктім...

Суық тас – сілейген балбал екен,

Ыстық жас – мөлдір арман екен...

Ертоқымын бауырына ап ат келді,

Есі кірген ұл жебесін қақ бөлді.

Төрдегі бәйбіше қара жамылды,

Тоқалы естіртушіге тап берді!..

Күңнің басқан наны көтерілмеді,

Құл көк қаншығын май беріп, атты...

Арқа маусымнан кете гүлдеді,

Алтай қары он ай бойы жатты...

Жетім қозы оттығып жетілер,

Жетім көңілді қайтем?!

Жетім лақ тас-тасқа секірер,

Жетім қорымды қайтем?!

Басыңа балбал тас та қойылар,

Жылыңда аста-төк ас та берілер.

Құлын тастаған қулық та сойылар,

Сегіз жүз бас, қос та тігілер...

Жетім көңілді қайтем?!

Мирас Асан. Атыңнан айналайын, Қарқаралы...» (Жаңа нұсқа)
Мирас Асан. Ұлытау
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу