Мұқағали Мақатаев. «Майгүліме»

Oinet.kz 02-09-2019 1452

Бірінші өлең

Ол өмірге келгенде көктем еді,

Жер гүлін, көк те нұрын төккен еді.

Саялатып сал-самал өпкен еді,

Сол өмірге несіне өкпеледі?!

Сол өмірге несіне өкпеледі?!

Ал өмір оны сыртқа теппеп еді.

Қайғырмаймын, жырым ғой жазылмаған,

Күрсінткені болмаса текке мені.

Күрсіндіріп кетті ғой текке мені...

Қойшы, тәйірі, осынау ит өмірге

Текке келіп, адамдар текке өледі.

Дей алмаймын өмірге ол өкпеледі,

Жер астына жем керек түзден кейде,

Жүздер өтіп өмірден, жүз келмей ме.

Қойшы, тәйірі, даланың раушаны

Көктемде өсіп, осылай күзде өлмей ме?!

Екінші өлең

Түсіме енді ап-арық қызым бүгін,

Қызым бүгін... Жұлынған қызыл гүлім.

Бақшамдағы балбырап пісіп тұрған

Үзіп кетті, апыр-ай, жүзімді кім?

...Түсімде қызым мені шақырады,

Өзеннің ар жағында отыр, әні...

Ғафу, балам, ғафу ет, бара алмаймын,

Мен деген жер бетінің «ақымағы»

Мен деген жер бетінің «ақымағы»,

Алдымда асқар асу жатыр әлі.

Сабыр, балам, қай жаққа қашар дейсің

Сені жапқан қара жер топырағы...

Дей көрме әзір маған жаныма кел,

Тағдырдың дегеніне бағына бер.

Түбінде бір жол бізді табыстырар,

Қайтейін, сағына бер, сағына бер...

​Сұлтанмахмұт Торайғыров. Біреу бай, біреу жарлы,
​Сұлтанмахмұт Торайғыров. Бұлар кім?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу