Ертай Ашықбаев. «Таң»

Oinet.kz 07-02-2018 2503

Жұлдыздарын жинап болды Ай мақтап, 

Жапырағын сілкіп қойды жайлап бақ. 

Мең-зең болып кірпік ашты Ақтөбе, 

Ілгері озған бір сағатты ғайбаттап.   


Бұл Ақтөбе мазасы жоқ кент еді, 

Дем алмайды тіпті жел мен желкені. 

Демалып-ақ жатыр жалғыз амалсыз, 

Анау үйдің жұмыста жоқ еркегі.   


Жатпағанда... қайда бармақ, не істемек?.. 

Әйел байғұс бұрқылдайды кешке кеп. 

Ұясынан Күн шығып тұр ұялып, 

Еш пендеге көрсете алмай еш көмек.   


Жасырғысы кеп тұр көзін бұлтпенен, 

Күн шыққанда шаттанбайды жұрт деген. 

Жаңбыр тілеп жаутаңдайды аспанға, 

Көңіл-әйнек кірін ешкім сүртпеген.   


Бүгін жаңбыр жаумайды ғой — белгілі, 

Елдің майдай ерімейді терлігі. 

Тек тарихқа жаңа беттер қосады 

Базардағы әйелдердің ерлігі.   


Айтылмайды түйіні бар сөз әлі,   

Тек көліктер бір-бірінен озады. 

Тез қартайған жеңгелердің өңіндей 

Ақтөбенің асфальттары тозады.   


Бола қоймас төтен хабар, тосын жай, 

Бір күн өтер еш жаңалық қосылмай. 

«Өзің біл, — деп, — тұрмасаң да, тұрсаң да», 

Ақтөбеге таң келіп тұр осындай.

Ертай Ашықбаев. «Көктем. Құстар»
Ертай Ашықбаев. «Алматы-Ақтөбе. Курстастарға»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу