Анама деген өкпені кешіре алмадым

Oinet.kz 15-04-2022

Бала кезімде әкем жұмыс жақтан иесі жоқ иттің бір күшігін алып келді де, «мынау сенің итің болады» деп маған берді. Сол күшік өскенше ойнап өстім.

Screenshot_37.jpg

Сол итім үйге бөтен адамдар мен иттерді үйге жақындаттырмай, жақсы қарауылдайтын. Сөйтіп жүргенде итім көрші орыстың тауығын қуалап жеп қойған ба, ,әлде жеп қоя жаздаған ба, содан көрші орыс шешеме  «итің тауығыма тағы шабуалдаса атып тастаймын» дейді.

Шешем орысты құдай көргеннен бе, оның тауығын итімнен жоғары қойып: «Онда  итті атып таста» деп, ойнап, бауыр басып қалған итімді орыстың қашасына байлап тастайды. Мен шешеме итті босат деп айғаладым. Шешем: «Ит керек емес», – деп, итті атқанын көруге қорқып, үйге кіріп кетеді. Ал мен иттің маңында қарап қалдым.

Итімді шешіп алғым келді, бірақ оқ маған тиіп кете ме деп итіме жақындай алмадым. Итім ажалы келе жатқанын сезіп, маған қарап қатты жұлқынып, қыңсылай берді. Мен қорыққаннан жүрегім қысылып тұрды. Итіме қарап тұрғанда мылтықтың даусы гүрс ете түсті. Даусынан жүрегім жарылып кете жаздады.

Оқ басынан тиді. Бірінші атқан оқтан  өлмей, итім қаңқылдап, байлаулы жіптен шешіне алмай, ары-бері жұлқынды. Екінші рет тағы атты. Ол  оқ та бастан тиді. Итім үш оққа өлмей, көзімше жұлқынады. Төртінші оқ тигенде құлап, ақырын ғана қимылдап жатты жерде.

Тілім таңдайыма жабысып, есімнен адасып, құлауға шақ тұрдым. Күшік кезінен ойнап өскен итіңді қай баланың көзінше болсын атып тастау өте масқара сұмдық, ауыр ғой. Атқалы жатқанын естудің өзі ауыр. Оған мылтықтың маңымда гүрс еткен  даусын қос. Одан бөлек, жақсы көретін итімнің жұлқынғаны, қыңсылаған даусы мен маған бақырая көмектес деп қарағаны мен басынан суша аққан қанын көру неткен ауыр десеңізші.

Шешем сол кезде менің жүрегім жарылып өліп кете ме деп неге ойламаған? Егер сол кезде менің ауырып қалғанымды заң орындары естісе, екеуін де жауапқа тартар еді.

Мен ол кезде үлкен жігіт болсам, онда ол бөлек мәселе еді. Мектепте 5-ші сыныпта оқып жүрген жас бала едім. Жас баланың ойнап жүрген итін көзінше атып тастаудың өзі ауыр болғаны сонша, тілмен айтып жеткізе алмаймын.

Содан атып тастаған соң қанды көріп, ауырып қалдым. Өлген итім мен қанын көріп болған соң үйге әрең жетіп, жатып қалдым. Бойдан талайға дейін қорқыныш пен үрей қалып қойды. Содан бастап шешеме деген махаббат өшті де қалды. Шешем бірдеме десе немесе бірдеме берсе жиіркеніп, қабылдамай тұрамын. Әлі де солай.

Ол кезде біз де 100-ге жуық тауық пен үйрек асырайтынбыз. Бір тауығын жеп қойса, орнына бір тауық бере салуға ақылы жетпеген екен.

Одан кейін ит жоқ болғасын қораға ұрылар түсіп, тауық ұрлады. Тауығымызға кім көрінген ит шауып, талайын жеп кетті. Қысқасы үйден береке кетті.

Мен қазір 51-демін, шешем 86-да. Қанша жыл өтсе де шешеме деген махаббат пен сағыныш әлі де жоқ. Бұл психикаға ауыр әсер еткеннің белгісі.

Осыны оқып отырған маған: «Ол бәрібір сенің анаң, бәрібір анаңды сағынуың керек» дейтін сауатсыз жандарға алдын-ала айтып қояйын, егер сіздің үйде кішкентай балаңыз болса, сол балаңызға күшік әперіңіз ойнасын деп. Сосын әбден бауыр басып қалған соң, көзінше біреуге: «Мә, атып таста!» – деп, атқыштың алдына байлап, балаңызды сол араға тастап кетіңіз. Сосын нәтижесін көресіз. Ондайды көрген баланың жүрегі жарылып, бәрі тірі қала бермейді.

Жәнібек ИМАНМӘЗІР,

(«Фейсбуктағы» жазбасы)

Ақша сұрай беретін төркінім әбден шаршатты
«Нанды енемнен тығылып жеймін»: Енем басыма бәле болды


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×